Облыс әкімі Серік Біләлов “Оңтүстік” кәріз коллекторын жаңғырту барысымен танысты. Жөндеу жүргізіп жатқан мамандар негізгі құбыр тарту жұмыстары желтоқсан айының басында аяқталады, дейді.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға жөнделіп жатқан “Оңтүстік” кәріз коллекторының жалпы ұзындығы 5 шақырымнан артық. Қазіргі таңда оның тең жартысы салынған. Өңір басшысы мердігерлерге жайбасарлықтан арылып, негізгі жұмыстарды желтоқсанның басына дейін аяқтауды тапсырды.
– Қала ішінде бұл жұмыстарды жүргізу қиынға соғуда. Себебі, көптеген желілер бар. Ол жоспарлау барысында есепке алынбаған. Қиындықтарға қарамастан мердігерлер негізгі жұмыстарды діттеген уақытта аяқтайды деп ойлаймын, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Боташ Хайнетов.
Атқарылып жатқан тағы бір күрделі жұмыс – Есіл өзені арқылы тартылатын құбыр. Мамандар бұл жұмысты да уақытында аяқтаймыз, деп отыр. Себебі, 2 миллиард қаржыға салынып жатқан аталмыш құбырдың жұмысын кешеуілдетуге еш себеп жоқ.
– Ең күрделі аумақ – Есіл өзенінен өту. Оның жалпы ұзындығы – 300 метр. Сол себепті екі бөлікпен жүргізіп, құбырды өзеннің астынан 2 метр тереңдікте өткіземіз, – деді “СК-Максимум” ЖШС прорабы Александр Прокопев.
Коллектр желісіне тартылып жатқан құбырдың сапасы жақсы, тек жұмыс қарқынын төмендетпеу қажет, деді мамандармен тілдескен Серік Біләлов. Ал құрылысшылар болса қарашаның аяғына қарай негізгі коллектор орнатылады, деді.
“Оңтүстік” коллекторындағы өзі ағатын кәрізді жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Оны сапалы жүргізу үшін барлық жағдай жасалған.
– Жұмысты белгіленген межеде аяқтауға толық мүмкіндік бар. Жұмыс күші жеткілікті, техникалық жағдайымыз жақсы. Жерді астынан үңгіп қазу технологиясын қолданудамыз. Ол жол бедерін бұзбауға мүмкіндік береді. Яғни, жол жөндеу шығыны төмендейді, – деді “Рүстем” ЖШС директоры Мұратбек Омаров.
Аталмыш жөндеу жұмыстарын жүргізуге қиындық тудырып отырған аумақтар да бар. Солардың бірі – Заречный кентінің сырты. Қазіргі таңда ондағы жұмысқа 5 экскаватор мен 2 бульдозер жұмылдырылған. Мердігер жоспарды кестеге сай аяқтаймыз, деп сендірді.