«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРІК БАУЫРЛАРДЫҢ “СҰЛТАНЫ” тағы 15 жұмыс орнын ашты және 15 оралман ағайынға қамқорлық жасап отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Кеше “Сұлтан макарон бұйымдары” АҚ-да вафли мен макарон шығаратын желілерді іске қосуға арналған салтанатты шара болып өтті. Оған облыс әкімі Серік Біләлов пен “Окан-Холдинг” компаниясының президенті Бекир Окан, Түркияның және Қазақстанның БАҚ өкілдері қатысты.

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Жаңа өндіріс орнының ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы Серік Біләлов:
– Біздің еліміз егемендік алған жылы бауырлас Түркияның “Окан-Холдинг” компаниясы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шақыруына үн қосып, алғашқы шетел инвесторларының көшін бастады. Олар облысымызда қатты бидай сұрыбынан ұн мен макарон өндіретін “Сұлтан” заманауи өндіріс кешенін іске қосты. Қазіргі уақытта кәсіпорын 35-тен астам макарон бұйымдарын өндіреді және экспортқа шығарады. Компанияның келесі жобасы – “Сұлтан” кондитер фабрикасы 1998 жылы пайдалануға берілді. Бүгін осы кәсіпорында іске қосқалы отырған макарон желісі тәулігіне – 7, ал вафли шығаратын қондырғы 9 тонна өнім өндірмек. Жаңа жобаның арқасында өнім ассортименті 70 атауға дейін көбейіп, қосымша 15 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады, – дей келіп, облыс экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып жатқан “Окан-Холдинг” компаниясының басшыларына ризашылығын айтып, жемісті ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасатындығына сенім білдірді.
“Окан-Холдинг” компаниясының президенті Бекир Окан аталмыш фабриканың 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығын, оған бүгінгі күні құны 7 млн. АҚШ доллары тұратын осызаманғы макарон және вафли шығаратын қондырғылар орнатылып отырғандығын, ол жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және облыс әкімі Серік Біләловтің қолдауымен жүзеге асып жатқандығын атап айтып, республика мен өңір басшыларына ризашылығын білдірді. Бұл ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін облыс әкімі мен компания президенті “Сұлтан” маркасымен шығарылатын өнімдер көрмесімен және жаңа желінің жұмысымен танысты.
– Бұл ғимаратта банкротқа ұшыраған “Промис” АҚ-ның оқу жабдықтарын шығаратын зауыты орналасқан болатын. Оны “Окан-Холдинг” компаниясы сатып алып, Голландияның “VAN DER POL” фирмасының печенье шығаратын 50 метрлік желісін 1998 жылы орнатты. Онда 35 түрлі өнім шығарылады. Енді оған бауырлас Түркияның “FORMA MAKINA LTD.STI” компаниясының вафли, Швейцарияның “BUHLER” компаниясының макарон шығаратын желілері қосылып отыр. Сонымен бір жылда 2100 тонна макарон, 3285 тонна вафли шығаратын желілерге қол жеткіздік. Олар газбен жұмыс істейді, – дейді фабрика ашылғаннан бері еңбек етіп келе жатқан цех бастығы Боранбай Асаев.
Фабрикада 209 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 60-70 мың теңгені құрайды.
– Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылынан 15 адам еңбек етеміз. Бізді жұмысқа әкелуге және үйге апарып тастауға арнайы автобус бөлінген. Бізге осындай жағдай жасап отырған фабрика басшысы Атилла Аялпқа айтар алғысымыз шексіз. Таза әрі жылы өндіріс орнында жұмыс істеу қандай ғанибет! – деді Моңғолиядан қоныс аударған оралман, фабрикада дайын өнімдерді буып-түюмен айналысып жатқан Амангүл Өнерхан.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp