«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛӨНЕРДІҢ “ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ” туризм арқылы ашылады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүйсенбі күні Петропавлдағы Достық үйінде “Ассамблея” корпоративтік қоры ұйымдастырған “дөңгелек үстел” өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Онда “Ассамблея” облыстық корпоративтік қоры қолға алған “Ауылдық этномәдени бірлестіктерді дамыту жөніндегі шаралар кешені” жобасы негізінде атқарылған жұмыс қорытындыланды. Корпоративтік қор өңіріміздің барлық аудандарын аралап, этномәдени бірлестіктермен және жергілікті қолөнершілермен кездесіп, өңіріміздегі қолөнер саласының даму деңгейіне социологиялық зерттеу жүргізген екен. Зерттеу нәтижесінде тестілеуге қатысқандардың 100%-ы өңірімізде сәндік-қолданбалы өнерді дамыту қажет деп санайтындар қатарында болып шықты. Сауалнамаға қатысқан 500 адамның ішінен 76%-ы қолөнердің бір түрімен айналысса, 15%-ы – меценат. “Қолөнердің қай түрі жаныңызға жақын?” деген сұраққа 41%-ы кесте тігуді көрсетіпті. Одан кейінгі орында – шытыра-моншақпен жұмыс істеу, ал 35,2%-ы ағашқа көркем өрнек түсіруге құмар.
Аудандардағы қолөнердің дамуын орташа деп санағандар – 40%, төмен дейтіндер – 38%. Тек жұртшылықтың 22%-ы ғана ауылдық қолөнердің дамуын жоғары бағалап, болашағы бар деп санайды. Ауылды жерлерде қолөнерді дамыту үшін ең алдымен ұйымдастырушылық және ағартушылық мәселелерге көңіл аудару қажет деген тоқтамға келді сауалнамаға қатысқандар.
– Сәуір айында қолға алған жобаның негізінде облыс бойынша бірталай жұмыс атқарылды. Жүргізілген сауалнамадан басқа өңірлік қолөнершілердің қатысуымен “Шеберлер қаласы” және Конституция күніне орай орталық көше бойында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен көрмелер ұйымдастырылды. Аудандарда семинар-тренингтер өткізіліп, онда жергілікті қолөнершілер қызықтырған сұрақтарына тұшымды жауап ала алды, – дейді аталмыш жобаның жетекшісі Наталья Хан.
“Дөңгелек үстелге” қатысқандар өңірлік қолөнердің дамуы үшін не қажет деген сұраққа жауап іздеп, пікірлерін ортаға салды. Аталмыш жобаның бастауында тұрған Марат Нұрғалиев бұл мәселені қосымша инфрақұрылымсыз елестету мүмкін емес деп, ол үшін жоба, бағдарлама және әріптестік қажет деген ой түйді. Сондай-ақ жергілікті қолөнершілердің өнімдерін жарнамалап, тұтынушылық қызығушылық туғызу үшін өңірлік туристік саланы да пайдалану қажет, деді “дөңгелек үстелге” жиналғандар. Мәселен, Айыртау ауданында орналасқан Имантау туристік орталығында болған шетелдік азаматтардың әсіресе, жаз айларында Қазақ елінен естелікке аларлық кәдесыйға және Имантау тарихы жайлы жазылған қарапайым анықтамалық баспа өнімдеріне дейін сұраныс артқан көрінеді. Өңірлік туризм саласын қолөнер бұйымдары арқылы жарнамалаудың оңтайлы тәсілі халық кәсіпшілігінде екендігіне бірауыздан келіскен “дөңгелек үстелге” қатысушылар ендігі кезекте осы мәселені қолға алу керек деп тарқасты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp