Қарашаның 1-інде республикалық “Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық” ақпараттық акциясы басталды. Шара осы айдың 20-сы күні аталып өтетін Бүкіләлемдік бала құқығы күніне орай ұйымдастырылған. Осыған орай облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департаментте “Балаларға зорлық-зомбылық көрсетуге жол жоқ!” тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еліміз бойынша кең ауқымда ұйымдастырылып отырған республикалық ақпараттық науқанға солтүстікқазақстандықтар да атсалыспақ. Бұл шара Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитеті қабырғасындағы үкіметтік емес ұйымдардың консультативтік-мәжілістік кеңесінің жұмыс жоспары аясында басталған.
– Балалар азаматтық қоғамымыздың ең қорғансыз санатына жатады. Олар өздеріне қатысты қатыгездік әрекеттердің барлық түрлерін жоюды және ерекше қорғауды қажет етеді. Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жасалатын қолда бар қатыгездік фактілері толық емес. Көпшілік жағдайда олар туралы тиісті органдарға хабарланбайды. Сондықтан “Сен және мен. Әлемді бірге өзгертеміз” ақпараттық науқанының мақсаты қоғамның назарын балаларға, оларға қатысты жасалатын қатыгездік мәселелеріне және немқұрайдылық қатынасқа аударуға бағытталған. Сонымен қатар балаларға қатыгездік қарым-қатынас әрекеттеріне қоғамның төзімсіздік көзқарасын қалыптастыруды көздейді, – дейді балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің мониторинг және ақпараттық-талдау бөлімінің бастығы Орал Сеңкібаева.
Баспасөз мәслихатына ішкі істер департаментінің, “Әйелдерді қорғау орталығы” ҚБ-нің өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.
“Әйелдерді қорғау орталығы” ҚБ-нің төрайымы Алина Орлованың айтуынша, олардың шұғыл байланыс жүйесіне орта есеппен жылына 1200-ден астам адам хабарласады. Соның ішінде көбіне жапа шегетіндер – балалар. Жыл сайын қаламызда кемінде бір бала қатыгездік құрбаны болады. Зорлық-зомбылық олардың тұрмыс жағдайларына, біліміне, сонымен қатар қоғамдағы жағдайына қарамастан, барлық әлеуметтік топтарға тән. Сондықтан айналамызда болып жатқан жағдайларға, балаларға қатысты қатыгездікке немқұрайдылық танытпаған жөн.
Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшенің аға нұсқаушысы Лариса Перова:
– Отбасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық балалардың көз алдарында орын алады. Бұл балалардың психикасына әсер етеді. Олардың көпшілігі көргендерін айнытпай қайталауы мүмкін. Үнемі қорқып-үркіп, қашып-пысып жүрген балалардың қылмыстық жолға түсіп кетуі де ықтимал. Полиция қызметкерлерінің жүргізген рейдтерінің барысында мұндай жолға түсетіндердің көпшілігі қолайсыз отбасылардан шыққан балалар екендігі анықталды. Есепке алынған 366 баланың кемінде 264-і осындай отбасылардан, – дейді ол.
Жиынды түйіндеген ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықты қоғамымызда, көршілеріміздің, жора-жолдастарымыз бен таныстарымыздың арасында орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа немқұрайды қарамай, тиісті органдарға хабарлап отыруға шақырды.