Солтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Қайрат Құрманғалиев сұхбат барысында үш мемлекет арасындағы Бірыңғай Кеден одағы елішілік ықпалдасу үдерісін заман ағымына бейімдеу, шекаралық аумақтардағы қарым-қатынастарды жеңілдету, қосымша рынок көздерін іздестіру, бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге ұмтылыс, тағы басқа игі мақсаттарды көздейтінін әңгімелеп берді.
– Қайрат Арынғазыұлы, Ресей, Қазақстан және Беларусь арасында бірыңғай кедендік жүйе қалыптасқалы шекаралық аумақтардағы кедендік рәсімдеулердің, адамдардың жүріп-тұруының оңтайланғанын аңғару қиын емес. Десек те, бәзбіреулер теріскей шекаралардағы кеден бекеттерінің қысқартылуына қарап, одақтың келешегіне күмәнмен қарайтын секілді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан әр кез үлкен қолдауға ие болып келеді. Соның айқын бір мысалы ретінде үштік кедендік келісімді айтар едік. Президент халыққа арнаған Жолдауларында еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін одан әрі тұрлаулы етіп, жаңа мақсаттарға жету стратегиясын белгілеп бергені мәлім. Биылғы тарихи құжатта Ресеймен және Беларусьпен Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырғанымыз, Еуразиялық экономикалық одақ құруға бет алғанымыз, ТМД-ның басқа мемлекеттерінің еуразиялық интеграцияға қосылуға ұмтылысын қолдауға әзір екеніміз атап көрсетілді. ТМД-да мемлекетаралық экономикалық одақтың құрылуының бастамашысы Елбасының Кеден одағын жедел де тиімді дамыту ұстанымы бүгінгі уақыт талабымен нық үндесіп отыр. Осы жылдың 9 айында облыстың сыртқы сауда айналымы 648,9 миллион АҚШ долларына жетіп, былтырғыға қарағанда 164 пайызға өсті. Оның 76 пайызын экспорт құрайды. Жыл өткен сайын өнімдерді шетелдерге жөнелтудің географиялық аумағы кеңейе түсуде. Бүгінге дейін Еуроодақ елдерімен, Ресеймен, Қытаймен, Украинамен, АҚШ-пен тығыз сауда-саттық жасап келсек, енді олардың қатарына Йемен, Египет, Судан, Иордания қосылып отыр. Мызғымас интеграциялы елге айналғанымыздың бір дәлелі осы емес пе? Демек, экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктердің бастаушысы ретінде Кеден одағының рөлін ешкім жоққа шығара алмасы анық.
Инвестиция тартуда, инновациялық жүйені нығайтуда, жаңа кәсіпкерлікті өрістетуде де біртұтас экономикалық кеңістіктің орны өлшеусіз. 2010 жылы үш ел аумағында бірыңғай кедендік тариф пен тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі енгізілді. Осыған орай үшінші елдерден тауарларды әкеліп-әкетуде бірдей кедендік салық және біркелкі тарифтік емес ресімдеу қолданыла бастады. Ал осы жылы 1 шілдеден бастап кедендік кодекс күшіне еніп, бірыңғай кеден аумағы орнықты. Ол бойынша шекаралық аумақтарда кедендік рәсімдеулер мен декларациялау алып тасталды. Биылдан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік құлашын кеңге жайды. Бұл үдерістер тауарлар тасымалын әлдеқайда жеңілдетті. Міне, болашақтың қамын көздеп, ойластырылған қарышты қадамдар оған қатысушы елдердің ішкі-сыртқы экономикалық қызметін реттеп, үйлестірудің басым бағытына айналғанын аңғаруға болады.
Иә, Қазақстан Біртұтас экономикалық кеңістікке енгелі кеден қосындарының қысқартуға ұшырағаны рас. Департамент бойынша 9 өткізу қосыны мен ішкі бекет жабылғанымен, мамандарымыздың бәрі жұмысқа орналастырылды. Қытаймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен шектесетін оңтүстік шекаралар күшейтіліп, тәжірибелі кадрларымыз соларға жіберілді.
Облыстың Ресеймен шектесетін шекарасы1200 шақырымды құрайтындықтан, стратегиялық маңызды өңір екені даусыз. Кеден саласындағы қайта құрылымдық жұмыстар департамент алдына іргелі міндеттер қойды. Өйткені, интеграциялық үдерістер аясында облыс нарығында жұмыс істеуге бейіл шетелдік кәсіпорындар мен ұйымдар қатары молайып келеді. Жетекші сала саналатын астық өндірісінің экспорттық әлеуетін мына деректер анық байқатады. Өткен жылға қарағанда Қызылжардың сапалы бидайын алыс-жақын шетелдерге жөнелту 4 есе артып, 250 миллион АҚШ доллары болды. Яғни, экспорттың 66 пайызы – астықтың үлесінде. Демек, алдағы уақытта да кеден қызметіне басымдық бәсеңдемейді деген сөз.
– Кеден одағының тағы қан-дай артықшылықтары бар?
– Күнделікті жұмыс барысында кәсіпкерлермен араласа жүріп, Кеден одағына қатысты құқықтық нормалардың әлдеқайда жетілдірілгенін жиі естиміз. Бірыңғай экономикалық кеңістікке көшкелі келісімшарт тапсыру, тауарларды рәсімдеу, қоймаларда сақтау секілді артық қолбайлаулар жоқ. Осыған орай уақыт та, жұмсалатын шығын да үнемделіп, әуресарсаңға түсу пышақ кескендей тыйылды. Сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістік құрамына енбейтін үшінші елдерге тауарларды рәсімдеу жүйесі де оңайланды.
Кеден ісінде экономикалық оператор деген жаңа ұғым пайда болды. Басты мәні мынада: оның мекенжайына бағытталған жүк кедендік белгі қойылмастан-ақ, шекарадан бірден тиісті жерлерге жеткізіледі. Айта берсе, осындай арнайы кедендік жеңілдіктерді қолданудың артықшылықтары тайға таңба басқандай айқын аңғарылады. Кеден одағын құру – күрделі үдеріс. Десек те, осы жылдар ішінде 300-ден астам түрлі түсінік жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда құрамына саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдары, БАҚ өкілдері енген кеден саясаты жөніндегі қоғамдық кеңес атқарған іс-шаралар аса ауқымды болғанын айта кеткен жөн. Қазір кеден бекеттерінде ақпараттық кеңес беру мүйістері жұмыс істейді.
– Қызылжар өңірі Ресейдің үш облысымен шектеседі. Олармен сауда-саттық, экономикалық байланыстар қалай дамып отыр?
– Ресей Федерациясының Түмен, Омбы және Қорған облыстары біздің өңірмен түйісетіндіктен, іскерлік байланыстар өзара достыққа негізделген келісімшарттар, меморандумдар арқылы жүзеге асырылады. Сарапшылардың болжамына қарағанда, 2015 жылға қарай Кеден одағына енген үш елдің ішкі жалпы өнімі 15 пайызға өсіп, 2 триллион АҚШ долларына жететін көрінеді. Қазақстандықтардың тұтыну рыногының 170-200 миллион адамға ұлғаюының өзі іскерлік ахуалды, өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеріп, барлық салалар бойынша еркін қозғалыс ағыны пайда болары сөзсіз. Статистикаға жүгінсек, былтыр Ресей Федерациясы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы тауар айналымының мөлшері 700 миллион АҚШ доллары болған. Сөйтіп, облыстың сыртқы сауда-саттық айналысындағы үлесі 50 пайыздан асты. Көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылып, ықпалдастық, инвестиция тартудағы белсенділік арта түсті.
– Кадрлардың біліктілігіне, шеберлігіне қатысты не айтар едіңіз?
– Сөзді биылғы жылдың басты жаңалығы – күштік құрылым басшылары мен қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау жайынан бастағанды жөн көріп отырмын. Ұжым Елбасы Жарлығымен белгіленген талаптар үдесінен көрінуді мақсат етіп, сыннан сүрінбей өткенін баса айтқым келеді. Әртүрлі деңгейдегі аумақтық аттестаттау комиссиялары 26 қызметкеріміздің білімін, кәсіби даярлығын жоғары бағалады. Олардың қай-қайсысы болсын өз істеріне адал екендіктерін жан-жақты танытты. Ұжым мүшелерінің 95 пайыздан астамы жоғары білімге ие. Араларында Ресейдің кеден академиясының, Қазақстан қаржы полициясы академиясының түлектері баршылық. Осы салада көптен бері еселі еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандарымызды мақтан тұтамыз. Кадрлар құрамының әлеуетін нығайтудың кешенді шаралары жүйелі жүргізіледі. Біліктілікті арттыру курстарына жіберіледі. Қызметке қабылдау барысында да қатаң талаптар қойылады.
Атқарылған жұмыстар қыруар. Жыл басынан бері заңсыз іс-әрекеттерге қатысты 22 қылмыстық іс, оның 13-і экономикалық контрабандаға қатысты қозғалды. Әкімшілік заңдылықтарды бұрмалаған 31 оқиға тіркелді. Кеденшілеріміздің қырағылығы арқасында айналымнан 220,6 миллион теңгенің заңсыз тауарлары алынды. Контрабандалық жолмен жеткізілген жалпы құны 55 миллион теңгенің қымбат көліктері тәркіленді. Оны әкелушілердің Кеден одағына кіретін елдерден сатып алдық деген арам ойлары іске аспады. Тексеріс барысында кедендік алымдардан жалтарып кетпек болғандары анықталды.
Кеденшілердің міндеттері айқын, бізге жүктелер жауапкершілік үлкен. Соған орай шекарадағы қылмыстық әрекеттерге жол бермеу, алдын ала тосқауыл қою, есірткі заттарының заңсыз айналымын әшкерелеу, басқа да теріс әрекеттерді құрықтау жолында барлық күш-жігерімізді жұмылдыра беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.