«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙНАЛАЙЫН, АҚБҰЛАҚ!” – деген өлең жолын еске түсіретін елді мекен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақыт СҮЛЕЙМЕНОВ.

Ақбұлақ ауылдық округі орталығының басты көшесінің жолдарына ұсақ қиыршық тастар төселіп, тегістеліпті. Бұл іске биылғы жылы қиыршық тастардың бірнеше түрін өндіре бастаған “Нефрит” ЖШС көмек көрсетіпті.
Ауылда соғыс және еңбек ардагерлеріне және де оқу озаттарына арнайы галерея қондырғысы жасалып жатыр екен. Соңғы үлгі бойынша жасалған түрлі түсті фотосурет портреттері бірден көзге түседі.
Ауыл мектебінің ауласы және айналасы, ішіндегі тазалық, көрнекі ақпараттар, құрал-жабдықтар және еден мен іргелер түрлі түсті бояулармен бір-біріне келісті түрде сырланғандықтан, келбеті құлпырып тұр. Екінші қабаттағы ұзыннан-ұзақ дәлізге арнайы ыдыстармен қойылған гүлдер де әсем. Мектеп жанындағы “Бүлдіршін” шағын орталығының жұмысы бүлдіршіндердің ата-аналарын қуантуда.
Ауыл тұрғындары еңбекті ту еткен. Қайрат Әбілкәрімов ауылда мал соятын нысанға арналған орынды дайындап, керекті құрылыс материалдарын әкелген екен. Биыл ғана ашқан “Керей” фермерлік шаруашылығы 156 гек-тарға сепкен егінмен бірге екі гектар жерге картоп отырғызып, оны қолмен суаруға ерінбепті. Кәсіпкердің “Данияр” және “Ажар” деп аталатын дүкендері ауыл тұрғындарының күнделікті сұранысына сай қызмет жасауда.
Жылқы малын қадірлейтін Жанболат Нұрғалиев жұбайы Гүлжан және балаларымен бірге бие сауып, қымыз өндірумен айналысқандарына бірнеше жыл болып қалыпты. Алғашында екі бие сауудан бастаған отбасы бүгінгі күні бие басын сегізге жеткізіп, игілікке бөленіп отырғандығы, біріншіден, талпыныстың белгісі болса, екіншіден, осы отбасының ырыс-несібесінің қайнар көзі екендігі анық. Өткен жылы биелерін ел ішінде сауса, биыл жайылымдағы қос басында сауып жатыр. Әр құлынды ауыздандыра біліп, бір тізерлеп бірнеше биені сауып қана қоймай, қымызды өзіндік бабында дайындау қажырлы еңбекті талап етеді.
Ауылда өтіп жататын түрлі мәдени шаралардың басықасында жүретін ауылдық клуб пен кітапхана, ұлттық-мәдени орталықтардың белсенді қызметкерлерінің де жұмыс орындары қыс айларына толығымен дайын. Ауыл клубындағы “Шапағат” және “Сударушка” деп аталатын ұлттық-мәдени орталықтардың жұмыстарына оң баға берген облыстық ассамблея өкілдері оларды облыс орталығында өз өнерлерін көрсетуге биыл да арнайы шақырған еді. Бұл – округте тұратын оннан астам ұлт өкілдері үшін ортақ мерей.
Сондай-ақ ауылдағы стадион мен хоккей корты, клубтағы үстел теннисі, мектептегі спорттық құралдар мен жабдықтар орынды қолданылса, тұрғындардың, әсіресе, жастардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына тиісті мүмкіншілік туғызатындығын айтқан орынды.
Округте жоспарланған 29871 гектар алқаптың 23807 гектарына дәнді дақылдар егілсе, 4800 гектар жерге зығыр себіліпті. 190 адам ЖШС-лер мен шаруа қожалықтарында түрлі жұмыстарда істеп жүр. Соның ішінде қиыршық тас өндіретін “Нефрит” ЖШС-ін айрықша атап өткен жөн. Сонымен бірге, “Сағындықов”, “Кристина”, “Өтеубаев” шаруа қожалықтары табысты жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтары техникаларын жаңарту жұмыстарымен айналысуда.
Ұрпағын еңбекке баулып, тәрбиемен ұштастырып, этносаралық келісім мен достықты ардақ тұтқан Ақбұлақ – ұйымшыл ауылдардың бірі.
Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp