Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Жақсының аты өлмейді!” деп қазақ тегін айтпаған ғой. Соның айғағы өнер байқауларында, спорт жарыстарында жиі кездеседі.
Қарашаның үшінші-төртінші жұлдыздарында Қызылжардағы спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатында грек-рим күресінен спорт шебері, еліміздің үздік балуандарының бірі болған, өңіріміздің мақтанышы Уәлихан Нұркеевті еске алуға арналған халықаралық жарыс үстінде осы бір ой баршаның жүрегіне ұялады. Атақты балуан атына қоса, жаны жомарт, үлкенге де, кішіге де сыйлы Уәкеңнің ізбасарлары оның есімін ұмыттырмауды дәстүрге айналдырған. Жерлесімізді еліміздің, Ресейдің және ТМД елдерінің көбінің жаттықтырушылары жақсы білетіндіктен, жарысқа жан-жақтан жүз жетпіске тарта жасөспірім балуандар жиналды.
Ашылу салтанатында облыстың Құрметті азаматы, Уәлихан Құдышұлының ұстазы, еліміздің майталман балуаны Жамбыл Тасеменов, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Руслан Есенәлин боз кілемде белдесушілерге ақ тілек арнаса, баласы Қайрат, зайыбы Бағила ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Жарысқа өңіріміздің Ақжар, Аққайың, Есіл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Шал ақын аудандарынан, Ақмола облысының Көкшетау, Державинск, Степногорск қалаларынан, Жақсы кентінен, Ақтаудан, Сараньнан, Лисаковскіден, Ресейдің Түмен, Сургут, Петухово қалаларынан үміткерлер келді. Петропавл қаласының спорт интернатынан, “Күрес”, “Жеңіс” спорт мектептерінен балуандар бақтарын сынады.
Бір атап айтарымыз, он салмақ дәрежесінің алтауында жерлестеріміздің бағы жанды. Әсіресе, Ғалым Өркешов басқаратын “Күрес” мектебінің төрт бірдей балуаны тұғырдың биігіне көтерілді.
Жеңіс тұғыры мыналарға бұйырды: 29 кг. Мырзахмет Ескендіров (Лисаковск), 32 кг. Кирилл Маслов (Сарань), 36 кг. Ризавди Жаниев (“Күрес” мектебі ), 41 кг. Аян Жұматов (“Күрес” мектебі), 47 кг. Үсен Дайыров (“Ақжар ауданы), 53 кг. Роман Шеремет (“Жеңіс” мектебі”), 59 кг. Самат Сауырбаев (Ақтау), 66 кг. Бауыржан Мусин (“Күрес” мектебі), 73 кг. Руслан Ерденов (“Күрес” мектебі), 85 кг. Александр Акилов (Сургут).
Белдесулер барысында төрешілердің ұйғаруы бойынша үздік шеберлігімен көзге түскен Б.Мусинге қала әкімінің арнайы сыйлығы – түрлі түсті теледидар тапсырылды.
Жарысқа келген жаттықтырушылар оның жоғары деңгейде өткенін атап айтып, риза болып аттанды. Олар Уәкеңді “Жампоз жігіт, жақсы балуан еді!” деп ілтипатпен еске алды.