Өсербай ШӘКЕНОВ,
Кішкенекөл мешітінің бас имамы.
Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында басталып кеткен мешіт құрылысы биыл жүрегіне иман ұялаған абзал жандардың көмегі арқасында қарқын ала түсті.
Әсіресе, үлкен күмбез бен екі мұнараның кіші күмбездерін жасауға атсалысқан Қуаныш Бишімов жетекшілік жасайтын “ПАМЖЗ” АҚ мен Марат Әбілмәжінов басқаратын “Киров атындағы зауыт” АҚ өз қарамағындағы жұмысшыларымен бірге үлкен сауапты іс жасады.
Сол күмбездерді өз крандарымен, жанар-жағармайымен, өз қаражаттарына орнатуға “Баско” ЖШС-нің бас директоры Михаил Гаркушин, “Мейзар” ЖШС-нің директоры Алексей Удот бастап келген краншы мен құрастырушы өз өнерлерін аяп қалған жоқ. Аталған азаматтарға алғысымыз шексіз, ризашылығымыз ұшантеңіз.
“Жақсылық істесең, жете істе”, дейді халқымыз. Алексей Удот біздің мешіттің құрылысына көрсеткен баға жетпес көмегі үшін білдірген алғысымызға: “Алғыстың қажеті жоқ, барлығымыз да бір құдіретті Құдайдың жолында жүрміз. Өзіміздің мешіттеріміз бен шіркеулерімізді көтеріп жатқан осы күнге жеткенімізге шүкір. Әрбір істеген ісімізді ол көріп отырады, сондықтан тағы қажеттілік туындап жатса, көмектесуге әрқашан да әзірміз”, – деп жауап қайтарды.
Бұл осындай үлкен құрылыс жүріп жатқанда үнсіз отырған басқа азаматтарға үлгі боларлық сөздер деп білеміз. Өзінің басқа ұлт, дін өкілі екеніне қарамай, сауапты іске ұмтылған абзал жанға әрқашан Алладан медет болсын деп тілейміз.