«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР, өнімі оның көл-көсір”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабамыздың қадым заманнан бері негізгі кәсібіне айналған қой шаруашылығының өткеніне көз жіберсек, оның кейде дамып, кейде кері кетіп отырғанын байқаймыз. “Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір” демекші, бұл түліктің бүгінге дейін тұрақты табыс көзіне айналмай келе жатқан себебін білу мақсатымен ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Алмаз Ақбидаевпен сұхбаттасқан едік.

– Алмаз Ғизатұлы, 90-шы жылдардың ортасы мен соңында қой шаруашылығы күрт дағдарысқа ұшырағанын білесіз. Тіпті, бұл түліктің 9 миллионға дейін азайып кеткені өкінішті жағдай. Бұлайша құлдырауға экономикадағы өзгерістер мен жекешелендіру саясатының бұрыс іс-қимылдары әсер еткені шындық. Дегенмен, содан бері қанша уақыт өтті, еліміз етегін жиып, еңсесін тіктесе де, қой шаруашылығының дамуы қарқын ала алмай отыр. Сіз ғылыми қызметкер ретінде бұған қатысты қандай пікір айтасыз?
– Расында да, қой шаруашылығының әр замандағы даму көрсеткіштері әрқилы. Біздің елімізде бұл сала дамығанымен, оның өнімдерін өңдеу, жаңа технологияларды игеру жағдайлары есепке алынбады. Қой өнімдері тапсырыспен ғана өндірілетін болғандықтан, бәсекелестікті қажет етпеді. Қазақстан нарықтық қарым-қатынасқа көшкен алғашқы жылдары кез келген қажет заттың құны бір-екі қоймен өлшеніп қалғанын көрдік. Бұл жағдай қой шаруашылығына қатты зардабын тигізді. Кеңшарларды жекеменшікке таратқанда, “бартерлік” айырбас қойларды отарымен құртып жіберді. Әйтпесе, 1991 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 35,7 миллион қой-ешкі болған. Оның 20 пайызы асылтұқымды болды. Бұл түліктің көптеген жаңа тұқымдары шығарылып, биязы жүнді қой өсіру кеңінен өріс алды. Осыдан кейін бұл шаруашылықтың құлдырауына нарықтық экономикаға өту әсер етті. Осы ауыр кезеңдерде асылтұқымды қойлардың үлесі 20 пайыздан 3,5-4 пайызға дейін түсіп кеткен. Бұл жағдай ғалымдардың көпжылдық ізденістерін жоққа шығарып, еңбектерін еш кетірді.
Дегенмен, соңғы 4-5 жылдың ішінде қой шаруашылығы тұрақты даму бағытына ауысып келе жатқанын көріп отырмыз. Статистикалық есеп бойынша облыста 365,6 мың бас қой бар. Ел ішінде әлі де есепке алынбай отырған малдарға дұрыс санақ жүргізетін болса, Шопан ата түлігінің еселеп өскеніне анық көзіміз жетер еді. Ал енді бұл саланың неге қарқын ала алмай отырғанына тоқталатын болсақ, қой шаруашылығында инфрақұрылымның жоқтығы, асылтұқымды малдарды дұрыс пайдаланбау, өнімнің сапасына байланысты оның құнының төмендігі, асылдандыру жұмысының жолға қойылмай келе жатқандығы, қой шаруашылығында ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі, тағы басқа да себептерді айтуға болады. Осының ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуіне жеке тоқталатын болсам, малдардың 80, тіпті 90 пайызы жекеменшіктің қолында. Ірі шаруашылықтар жоқтың қасы. Шағын фермерлік шаруашылықтарда қолайлы жағдай болмағандықтан, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі де дұрыс болмайды.
– Бабаларымыз қой түлігін жесең – ет, ішсең – сүт пен қатық, кисең – киім, тұтынсаң – төсеніш деп бағалап, қажетке жаратқан емес пе? Ал біздің өңірімізде қойды тек еті үшін ғана өсіреді. Әлемдік тәжірибе бойынша қойдың етінен гөрі, жүні пайдалы дейді. Егер қой терісіне, жүніне деген сұраныс болып жатса, қой өсіріп отырған ауыл адамдары өз өнімдерін нарыққа ұсынар еді ғой. Дегенмен, келешекте қажеттілік болса, сіздің пікіріңізше, қандай қой өсірген тиімді?
– Қазіргі күні көптеген жерлерде қой түлігі мен оның өнімдерін тұрмыста ұтымды пайдалануға көңіл бөлінбей отыр. “Қолда барда алтынның қадірі жоқ” деген осы болар. Бірақ еліміз үшін қой шаруашылығы саласының келешегі зор. Мысалы, жер астындағы байлықты қаза берсең, таусылады ғой. Ал төрт түлік малдың берекесі ешқашан ортаймайды. Төлден төл болып, ол қазынаға айналады. Түркия, Үндістан, Испания, Англия, басқа да кейбір елдер қой мен ешкіні байлық көзі ретінде пайдаланып отыр. Мысалы, шетелде сапалы биязы жүннен тоқылған костюмнің құны 1 мың АҚШ долларынан артық болмаса, кем емес. Оған жұмсалатын жүн – небары жарты кило ғана. Міне, көрдіңіз бе, бізге не қажет еке-нін?! Бізге сапалы технология қажет. Малды асылдандыра отырып, сапалы жүн алу, жаңа технологияларды енгізіп, адамдарды шеберлікке үйрету керек. Шикізаттың ортасында отырып, оны жарата алмай отырғанымыз, әрине, біздің де жанымызды ауыртады.
Дағдарысқа тап болған кәсіпорындардан мата тоқитын биязы жүнге сұраныс тоқтап қалды да, халықтың көбі қазақтың қылшық жүнді қойын өсіре бастады. Бұл қойдың тұқымы аязға, құбылмалы желге, қолайсыз жерлерге де көнбіс болып келеді. Жемшөп те талғамай, жеңіл-желпі азықпен қыстан шығады. Халықтың селекциясынан шыққан Еділбай қойлары мен біздің іздену жұмыстарымыздан қылшық жүнді қойды шетелдік тұқыммен будандастыру нәтижесінде алынған жартылай жүнді қойлар да осындай қасиетке ие. Қой шаруашылығын ет шаруашылығына көшіріп, биязы жүннің орнына қылшық жүнді қойлар өсіру қажет. Бірақ тұрғындар қазіргі күні нарықтық жағдайға әбден бейімделіп қалды. Сондықтан қандай қой өсіру қажеттігін халық өзі біледі. Біз тек тұқымды асылдандыру және қылшық жүннің қасиеттерін зерттеу жұмысының нәтижесін көрсетеміз. Дегенмен, тағы бір айта кетерлік жағдай, қазіргі күнде қойдың қылшық жүні пима жасау мен киіз басып шығаруға ғана жарап отыр. Кейінірек, елімізде жеңіл өнеркәсіп дамыған кезде, биязы жүнге деген сұраныс артып та кетуі мүмкін. Қазіргі күнде біздің өңірімізде қой жүніне сұраныс жоқ, ал қой терісін қабылдау қосындарындағы баға 50-100 тенгеден аспайды.
Келешекте еліміз талапқа сай мата шығарып, кілем тоқитын жағдайға келген кезде жұрттың қой малын етінен гөрі, жүні үшін өсіретіндігі анық.
– Солтүстік өңірде қой шаруашылығының дамуы және тұқым асылдандыру жұмысы қандай деңгейде?
– Облыс бойынша бір ғана Есіл ауданында “Бесқұдық” ЖШС-інде асылтұқымды қой шаруашылығы бар. Есіл ауданы Бірлік ауылындағы “Есильсельхозпродукт” ЖШС, Тайынша ауданы Теңдік ауылындағы “Қаратомар” ЖШС қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойларын өсіруді қолға алған. Малдың асылтұқымдылығын және өнімділік сапасын арттыру мақсатында институт ғалымдары осы шаруашылықтарда зерттеу жұмысын жүргізудеміз. Өңіріміздегі шаруашылықтарда 500-600-ден артық мал ұстамайды. Сондықтан да қазіргі күні жүз шақты ғана қой ұстап отырған фермерлік қожалықтарды біріктіріп, ірілендіру қажет. Сонда ғана табыс мол, жұмыс нәтижелі болады. Қазіргі күні біздің өңірде жан басына шаққанда жарты қойдан келеді екен. Сондықтан, өңірімізде қой шаруашылығы дамыған деп айту қиын. Моңғолияда жан басына шаққанда 12-13 қойдан айналады. Осыған қарап-ақ 17 миллионға жуық қана халқы бар, мал саны азайып кеткен кеңбайтақ даламыздың бос жатқанын аңғару қиын емес. Өңірімізде қой өсіруге мықтап бет бұрған сәттен бастап, оның барлық өнімдерін пайдаға жаратуды қолға алуымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Зағипа АХМЕТОВА,
журналист.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp