Айыртау ауданындағы Володар темір жол вокзалын күрделі жөндеуден өткізуге 55 миллион 785 мың теңге қаржы бөлінген еді. Аталмыш ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Серік Біләлов құрылыстың барысымен танысты.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Ауданда мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру оң жолға қойылған. Солардың бірі – “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламасы. Осының арқасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Саумалкөлдегі көпқабатты үйлердің біріне 27 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, қазір оның 21 миллионы игерілген. Үйдің шатыры ауыстырылып, жаңадан терезелер орнатылып, кіреберістері жөнделген.
Саумалкөлдегі №1 орта мектеп те облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Онда Серік Біләлов тарихи-өлкетану мұражайын аралап, жәдігерлерімен танысты. Өңір басшысы мектеп ұжымымен тілдесіп, білім ошағының материалдық-техникалық базасына көз жүгіртіп, 1 миллион 800 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Бұл қаржыға хоккей формалары сатылып алынбақ.
Бұдан кейін облыс әкімі “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде бой көтеріп жатқан “Бәйтерек” ықшамауданында да болды. Жалпы құны 380 миллион теңгені құрайтын жобаға бөлінген қаржының 89 пайызы игеріліпті. Салынуы тиіс 50 үйдің 24-нің құрылысы аяқталып, су тартылған. Алдағы уақытта ықшамауданды орталық жылыту қазандығына қосу жоспарланған.
Ауданда спорт саласы да жақсы дамып келеді. Мысалы, бүгінде “Баянтай” серіктестігінің ат спорты кешенінде 22 бас жылқы бар. Осы орайда облыс әкімі Серік Біләлов спорттың бұл түріне тұрғындардың қызығушылығын арттыру қажет, деді. “Баянтай” ЖШС-нің директоры Сырымбет Есенғалиевтің айтуынша, спорт кешеніне 10 оқушы келіп жүр. Жергілікті тұрғындар тарапынан қызығушылық күн сайын артуда.
Саумалкөлдегі жаңадан салынып жатқан орталық жылыту қазандығының құрылысына да қыруар қаржы бөлінген. Қуаттылығы жоғары 5 қазандық 17 көпқабатты тұрғын үй мен 5 кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Құрылыс желтоқсан айының басында аяқталады деп күтілуде.
– Бұл – 10 Гкал/сағатты блокты-модульдік қазандық. Жылыту аумағы 100 мың шаршы немесе 300 мың текше метрді құрайды. Қазіргі таңда орталық жылыту қазандығы жанында орналасқан аурухана мен қайтадан қалпына келтіріліп жатқан ықшамаудан үшін қажет, – дейді “ТЭК Титан” ЖШС-і бас директоры Владимир Зайченко.
Өткен жылы жаңа пештер орнатылған №4 жылыту қазандығы да назардан тыс қалмады. Биылғы қысқа қазандық 100 пайызға даяр. “Айыртау-қамқор” МКК директоры Серік Иманқұловтың айтуынша, көмір қоры 1000 тонна екен.
Өңір басшысы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында Саумалкөл ауылында қалпына келтіріліп жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің де құрылысымен танысты. Жалпы құны 364 миллион теңгені құрайтын жобаға облыстық бюджеттен 33 миллион теңге бөлінген. Қазір сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Аудан орталығында су тарату желісінің құрылысы да жоспарға сай жүзеге асырылуда. Әр үйге су тартып жатқан “Норд Жолдары” ЖШС учаске бастығы Анатолий Зенченконың айтуынша, екі жылдың ішінде 780 үйді тіршілік нәрімен қамту жоспарланып отыр.
Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Серік Біләлов Сырымбеттегі Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайды аралағаннан кейін Иман Бұрлық өзенінің үстінен өтетін жаңа көпірге барды. Республикалық маңызы бар “Көкшетау – Қостанай” тас жолында орналасқан көпір 259 миллион теңгеге салынған.
Айыртау ауданының Лобаново ауылында облыс әкіміне су тарату желісінің құрылысы таныстырылды.
– Жүйенің ерекшелігі – мұнда су мұнарасы қарастырылмаған. Су жерасты ұңғымасынан алынады. Ондағы тіршілік көзі тазарту станциясы арқылы сапалы суға айналады, – дейді “Перспектива” ЖШС-нің бас инженері Виктор Самусенко.
Аталмыш ауылдың тұрғыны Ольга Спиридонованың айтуынша, электр жарығы, таза ауызсуы бар, жұмыспен қамтылған ауылдықтар үдере көшулерін тоқтатыпты.
Имантау ауылдық округін аралау барысында Серік Біләлов “Восход Имантау” серіктестігі мен “Бүркіт” шаруа қожалығының тыныс-тіршілігіне де көңіл бөлді. Мұндағы шаруалар да мемлекеттік бағдарламадан тыс қалмаған. Мәселен, “Восход Имантау” серіктестігі “Сыбаға” бағдарламасына қатысушылар тізіміне еніпті.
– “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 14 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, 61 қашар мен 3 бас бұқа сатып алдым. Қазіргі күні 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді “Восход Имантау” ЖШС-і директоры Аюп Цечоев.
Ал “Бүркіт” шаруа қожалығы болса аталмыш бағдарлама арқылы 76 бас ірі қара алған. Оның екеуі – асылтұқымды етті бұқалар. “Бүркіт” ШҚ-ның басшысы Дәулет Жүсіповтің айтуынша, қаңтар айында “Сыбаға” бағдарламасы аясында бірінші транш бойынша қаржылай қолдау қорынан 7 миллион теңге алса, екінші траншқа қазан айында қол жеткізген. Бүгінде шаруашылықта 8 адам еңбек етіп жүр. Ферманың құрылысы да аяқталуға жақын. Облыс әкімі ауыл еңбеккерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.