«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ өзара алыс-беріс артады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихаттың үлкен залында “Бірыңғай экономикалық кеңістік: Ашық үнқатысу” деген тақырыпта өңірлік форум өтті. Оны Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігі мен облыстық әкімдіктің қолдауымен “Сауда саясатын дамыту орталығы” АҚ-ы ұйымдастырды. Еліміздің экономикалық даму және сауда министрлігінің, Еуразиялық экономикалық комиссиясының, облыс кәсіпорындарының, сол сияқты жергілікті билік органдарының өкілдері қатысқан алқалы жиында Кеден одағының аясында жергілікті бизнесті дамытудың барлық мәселелерін ашық талқылаудың мүмкіндігі туды.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Ашық үнқатысуды Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігінің сыртқы экономикалық қызметті реттеу департаментінің директоры Жанел Күшікова жүргізіп отырды. Форумда бірінші болып сөз алған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Александр Иванищев атап көрсеткеніндей, осы жылдың 8 айындағы облыстың сыртқы сауда айналымы 824 миллион АҚШ долларын құраған, бұл өткен жылдың тұтас сыртқы сауда айналымына тең.
Одан кейін сөйлеген Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Нүркен Шарбиев Еуразиялық бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдердің арасында 2010 жылы желтоқсанда қабылданған келісім бойынша ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау жасаудың бірдей саясаты жүргізілетініне, оның деңгейі 10 пайыздан аспауы керектігіне тоқталды. Өйткені, мемлекет қолдау жасаса, өнім бағасы арзандап, өтімділігі артады. Мысалы, Беларусьтің ауыл шаруашылығы тауарларының өзгелерге жол бермейтін себебі – оған 13,7 пайыз мемлекеттік қолдау жасалады. Нарықта әділ бәсеке болуы үшін енді оған жол берілмейді.
Жиында форумды жүргізуші Жанел Күшікованың өзі де сөз алып, Кеден одағының сыртқы сауда жұмыстары жайына біраз тоқталды. Кеден одағы нарығы 170 миллиондай адамды қамтитындықтан, одан ел өндірушілерінің де алар үлесі өсе түсері сөзсіз. ТМД аумағына жіберілетін тауардан баж салығы алынбайды. Сонымен бірге әлемдік тауар айналымының 95 пайызын алатын Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болуымыз керек. Ал одан қорқудың қажеті жоқ. Шетелдік тауарлар бізді “басып” кетпеуі үшін баж салығы 4-тен 9 пайызға дейін көтеріліп отыр. Яғни, Қытайдың арзан тауарларының ел нарығына енуі қиындайтын болады, деді ол.
Сондай-ақ осы жиында “Атамекен” одағы ұлттық-экономикалық палатасы облыстық филиалының директоры Елена Виссарова, Қазақстан Республикасындағы “МТЗ Сауда үйі – Азия Сервис” ЖШС-і филиалының директоры Андрей Гудко, “ПАМЖ” зауыты АҚ-ы бас директорының орынбасары Серік Есенов және “Мұнаймаш” АҚ-ы басқарма мүшесі Сергей Ерофеев қаралған мәселе бойынша өз ой-пікірлерін білдірді. Олардың айтқандарынан туындайтын ортақ ой бірыңғай экономикалық кеңістік бизнестің қанат жаюына, ірі машина жасау кәсіпорындарының жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруіне және оларды өткізетін нарық көздерін табуына мүмкіндік береді дегенге саяды. Ал Беларусьтің ауыл шаруашылығы техникаларын елімізге әкеліп өткізуде қосымша құн салығының дұрыс реттелмеуінен туындап отырған қиыншылықтарды сөз еткен Андрей Гудконың көтерген мәселесі бойынша “Атамекен” одағы ұлттық-экономикалық палатасы оны салық органдарымен бірлесе отырып шешуге тырысады.
Жиын соңы сұрақ-жауаптармен жалғасып, оған қатысушылар Кеден одағы және бірыңғай экономикалық кеңістік туралы көптеген мағлұмат алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp