Нұрлан ЖАНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы.
Бұл ауру біздің заманымызға дейін белгілі болған. Ежелгі араб дәрігерлері оны “парсы оты” десе, гректер мен римдіктер “киелі от” санаған. “Сібір жарасы”, яғни қарасан әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстан Республикасында да тіркелген. 2010 жылы маусым айында Сібір жарасы Павлодар облысында көрініс берді. Оның шығуына бақылаусыз мал бағу себеп болды. Малшы ол жайлы ауылдық округтің әкімін және жергілікті органның мал дәрігерін хабардар етпей, ауру малды өз ауласында сойған. Оның етін рұқсатсыз екі елді мекеннің тұрғындарына таратып берген. Соның нәтижесінде 7 адам “Сібір жарасы” диагнозымен ауруханаға жатқызылып, оның екеуі қайғылы қазаға ұшыраған.
Осыған байланысты аудандардың және Петропавл қаласының ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтері эпизоотиялық және эпидемиялық ошақтардың, ішкі сауда жасау нысандарының, мал өнімдері мен шикізаттардың өңделуі мен сақталуының, әзірленуінің ветеринарлық-санитарлық жағдайларына қатаң бақылау жасаулары қажет.
“Сібір жарасының” алдын алу мақсатында облыста ірі қараларға, жылқыларға, түйелерге, ұсақ малдарға және шошқаларға көктемгі және күзгі егу жұмыстары жүргізіледі. Екпе жүргізілгеннен кейін екі апта бойы ол бақыланады. Осы уақыт аралығында егу жүргізілген малдарды етке союға және терісін сыпыруға болмайды.
Өлген малда қарасанның бар-жоғын анықтау үшін оның денесінен алынған материалдарды ветеринарлық зертханаға жөнелтеді.
Қарасаннан өлген малдың денесін өртейді, оны көмуге рұқсат етілмейді. Ал мал тұрған немесе өлген орын, олардың қилары мұқият залалсыздандырылады. Белгіленген орында сойылмаған малдардың терілерінен әзірленетін шикізаттар міндетті түрде зерттеуден өткізілуге тиіс.
Санитарлық-қорғау аумағында іздестіру, гидромелиоративтік, құрылыс және басқа да жұмыстар үшін жер телімдерін жалға беруге, жекеменшікке сатуға болмайды. Санитарлық-қорғау аумағының залалды топырағын облыстың ветеринария және санитарлық-эпидемиология сияқты өкілетті органдары анықтайды. Оның айналасы қоршалып, “Сібір жарасы” жазуы бар тақта ілінеді.
Ауыл шаруашылығы малдарын сою тек Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тәртіпте берілетін есепті нөмірі бар мал сою қосындары мен алаңдарында, ет өңдеу кәсіпорындарында ғана іске асырылады, ал оның еттері ішкі сауда нысандарында ветеринарлық құжаттар бойынша сатылады.
Қарасаннан адамдар мен малдардың сау болу мәселесі облыстың ветеринарлық және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары мамандарының тұрақты бақылауында.