– Сыныптасымды көргенімде менің жүрегімді қорқыныш билейді. Ол мені бопсалайды. Сондықтан мектепке барғым келмейді. Сыныптасымнан күштірек болу үшін мен не істеуім керек?
Марат, 15 жаста.
– Мен бүгін оған сезімімді білдірдім. Ол мені, тіпті, тыңдағысы да келмеді.
Жансая, 10 жаста.
– Ата-анам тағы да ұрсысты. Әкем анамды бұл жолы да аямады. Анам көшеге сол оқиғадан кейін мүлдем шыққысы келмейді. Көршілерден қымсынады. Мен анама қалай көмектесе аламын?
Павел, 8 жаста.
– Егер сабаққа ауыстыратын аяқкиім мен мектеп формасын кимей келсем, мені мектепке кіргізбеуге әкімшіліктің құқығы бар ма?
Е. Гульшина, 11-сынып.
Бұл облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің сенім телефонына жиі түсетін сұрақтардың кейбірі ғана. Департаменттің адамның адамгершілік-рухани даму бөліміне қарасты сенім телефоны “Сенің шешімің” балалардың қоғамдық қабылдау бөлмесінің жанынан құрылған. Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға құқықтық әрі психологиялық көмек көрсету болып табылады. Барлап қарасақ, өңірімізде өмірінің қиын белестерін өткеріп жатқан балалар жоқ емес, бар екен. Мәселен, үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде қоғамдық қабылдау бөлмесіне 79 сауал түскен. Сұрақтар тақырыбы жағынан әрқилы болғанымен, барлығы маңызды, күрделі.
Ата-ана, туған-туысқандарына айта алмаған сырларын тыңдап, кеңес беріп, көмектесу мақсатында құрылған аталмыш қоғамдық қабылдау бөлмесі балаларға қажет кезде қол ұшын созуға даяр “Жедел жәрдемдей”. Тыңдау, түсіну, демеу – “Сенің шешімің” қоғамдық қабылдау бөлмесінің қағидаты.
– Департамент құрылған уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан қоғамдық қабылдау бөлмесі балалар құқығын барынша тереңдетіп зерттеп, оларға көмектесуге арналған. Қоғамдық қабылдау бөлмесі 8 стратегиялық бағыт бойынша қызмет етеді, – дейді адамның адамгершілік-рухани даму бөлімінің бас маманы Айгүл Мұстафина.
Әдетте адам баласы іштегі сырын қасындағы досы не туысынан гөрі, бейтаныс адамға айтуды жөн санайды. Балалар да солай. Жандарын жегідей жеген сырларын көп жағдайда ата-анасына айтуға жүрексінеді.
– Көбінесе балалар жақындарынан гөрі маманға сенетінін байқадық. Сондықтан да қабылдау бөлмесі тек қана телефон желісімен шектеліп қалмауы үшін ғаламторда mail.ru контакт сынды әлеуметтік желілер арқылы да балалардың сұрақтарын қабылдап, байланысып тұрамыз. Ай сайын бір рет мектеп пен колледж оқушыларына және ата-аналарына арналып өткізіліп тұратын “Интернет-конференция” да балалар құқығына қатысты көптеген мәселелерді шешуде оңтайлы тәсіл. “Интернет-конференциялар” мен әлеуметтік желілерге тек қана департаменттің мамандары ғана емес, сондай-ақ мектеп, облыстық психодиспансердің психологтері, құқық қорғау органдарының мамандары мен департаменттің заңгерлері қатысады. Мәселен, “Интернет-конференциялар” үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде “Дін және қазіргі заман түйткілдері”, “Мен бұл әлемде жалғыз емеспін”, “Кәмелет жасына толмағандардың еңбек құқығы”, “Жазғы демалыс” және тағы басқа тақырыптар бойынша ұйымдастырылды. Жалпы келіп түскен 69 сұраққа тұшымды жауап беріліп, тиісті көмек түрлері де жасалды. Көбінесе ауыл балаларының бізбен байланысуларына мүмкіндік болмайды. Ол үшін көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдасты рып отырамыз. Балалармен білім мекемелерінде жолығып, әртүрлі тренингтер, семинарлар өткізіп, олардың өмірімен етене танысамыз. Ауыл мен аудандардағы балалардың ортасы қала өміріне қарағанда өзгеше. Оларда қаладағы сияқты ақпарат басым емес. Және сырттан келетін ақпарат пен психолог сынды мамандарды олар қызығушылық пен қабылдайды. Кей балалар, тіпті, мамандардың есімдерін бірден жаттап алып, олармен бірден байланысып, сұрақтарын жаудырады, – дейді Айгүл Мұстафина.
Осы жылы көшпелі қоғамдық қабылдау бөлмесі 920 қатысушыны қабылдап, 13 білім мекемесіне барған екен. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне балаларының мектепте, не болмаса балабақшаларда құқықтарының тапталуын байқаған ата-аналар да көмек сұрап келеді. Мәселен, ата-аналар атынан қоғамдық қабылдауға 28 өтінім түсіпті. Сұрақтары әрқилы. Жасырын хабарласатындар да бар. Көбінесе мәселесін жайып салудан қымсынатын жасөспірімдер мен бозбалалар. Бала құқығының тапталуының куәгерлері болған бейтаныс адамдар да селқостық танытпайтынын айтқан Айгүл осыдан 3 жыл бұрын қаламызда орын алған бір оқиғаны баяндап берді.
– Бір күні қоғамдық қабылдауға көптен көрінбей кеткен бала жайында хабар берілді. Көрсетілген мекенжай бойынша үйге барғанымызда білгеніміз – баланың анасы кей кездері ұзақ уақыт психологиялық ауруға шалдығып, өзі білместен баласына қорлық көрсетеді екен. Ол бала көп уақыт үйде қамауда отырған. Мектеп жасындағы баланы арнайы мекемеге апарып, ал анасын өңірлік денсаулық сақтау саласының көмегімен ауруханаға жатқыздық. Бірнеше айдан кейін әлгі ана дертінен айығып, департаментке келіп, баласына қамқорлық жасағанымыз үшін алғысын жаудырды. Жүйке жүйесінің созылмалы дертіне шалдыққандықтан, ауруы қайта қозуы мүмкін екен. Сондықтан ол ана баласына қайтадан қорлық көрсетуден қорқып, жалғызбасты ана болғандықтан, қажет кезде көмектесе алатын Алматы қаласында тұратын әпкесінің жанына көшіп баратындығын бізге айтып кетті, – дейді ол.
Осыған ұқсас неше түрлі оқиғаларды бастарынан өткеретін балалар қоғамдық қабылдау бөлмесіне көбінесе ата-ана, отбасындағы түсініспеушілік, қатарластары арасындағы күрделі қарым-қатынас және сәтсіз махаббаттары жайында айтып шағымданады.
– Балалар әрқашан “Менің досымның немесе құрбымның осындай да осындай проблемасы бар” деп өздерінің мәселелерін жасырын түрде жеткізеді. Біз, психолог мамандар, мұндай психологиялық әдістің түп-тамырын білгендіктен, өзі келіп тұрған баланы шошытпау үшін досына немесе құрбысына ақыл бергендей етіп айтып, әңгімемізді жалғастырамыз. Жасөспірімдер көбінесе ата-аналарының түсініспеушілігіне күйзеледі. Мысалы, “Анам менің 9-сыныптан соң колледжге түскенімді қаламайды” немесе “Мектепте мұғалімім мен сыныптастарыммен келісе алмаймын” сынды сырларын қинала айтады. Қыз балалар, әсіресе, табыспаған махаббаттары жайында айтып: “Алғашқы сезімінің кесірінен қиналғанда не істеу қажет?” деп кеңес алуға келеді. Ата-аналар, өкінішке қарай, қазіргі балалардың өзгергенін түсіне бермейді. Және жұмысбасты болғандықтан, балаларымен сөйлесуге, тіпті уақыттары да табылмай жатады. Бала өзімен-өзі қалып, өз мәселелерінің шешімін сырттан іздейді. Ата-аналарымен арасы суып, ақырындап отбасы да құри бастайды. Сондықтан ата-аналар, ұстаздар қазіргі заман балалары өзге екендігін түсініп, оларға қазіргі заманға негізделген тәрбие беруі тиіс, – дейді “Сенің шешімің” қоғамдық қабылдау іс-шараларына тұрақты қатысып тұратын №1 мектеп-лицейдің психологі Павел Моисеев.
… “Баяғының балалары, шіркін, қандай еді!” деп отырушы еді көрші Мағфуза әжей көшеде абыр-сабыр болып, қолдарына бір-бір ұялы телефон ұстап, білдей бір фирманың басшыларының кейпіне еніп ойнап жүрген балаларға қарап. “Ол кезде ойынымыз – қора сыртында атыспақ, саз балшықтан қамыр илеп, қолдан жасалған қуыршақтарды тамақтандыру еді ғой” деп технология билік еткен заманның кінәратын айтып, бір күрсініп қойған әжей немересі бесіктен белі шықпай жатып, ұялы телефонның тілін білетініне таңғалады. Қазіргі балаларды халық ертегілерінің кейіпкерлеріне балауға болады. Олар жыл сайын емес, күн сайын ержететіндей. Тек біз, ересектер, оларды ескермей, бала былдырына балаймыз. Бірақ сол былдыр сөздер күрделі мәселелердің бастауы да болуы мүмкін…
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.