«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР ІЛГЕРІ БАСТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

 

Динара МАҚСҰТОВА,

“Жас Отан” жастар қанатының мүшесі,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Қазір елімізде “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезіне қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп, осы айтулы шараға барлық өңірлерде “Жас Отанды” дамытудың стратегиясын талқылау бойынша конференциялар, пікірсайыстар өтуде.

Өзім Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатты тамамдағаннан кейін қаламыздағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне экономика факультетінің қаржы мамандығы бойынша оқуға түстім. Бүгінде 2-курс студентімін.

Оқудың бірінші күндерінен бастап университет қабырғасында жастар ұйымдары мен қозғалыстары бар екенін біліп, оларға бірден қызығушылық таныттым. Ең қызықтырғаны – “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының “Жас Отан” жастар қанаты. Өткен жылдың қазан айында Қарағанды қаласында “Нұр Отан” ХДП кубогы үшін IX республикалық дебат турнирі өткізілген болатын. Бұл турнирге қатысу үшін әр облыстан бір ғана командаға ойнауға рұқсат етілді. Ал облыстағы мықтыны анықтау үшін “Жас Отан” ЖҚ мүшелері іріктеу кезеңін ұйымдастырды. Осы турнирде қазақ лигасында біздің фракция жеңіске жетіп, турнирге қатысуға жолдама алды. Кейін ұйымдастырушылармен танысып, атқаратын жұмыстары жайлы білдім. Жыл басында өткізген ең бірінші жиналысқа барған кезімде активтегі барлық мүшелермен танысып, алдағы жоспарды талқыға салдық. “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі ретінде маған ең ұнағаны – біздің ұйымымыздың негізгі мақсаттары мен міндеттері. Яғни, Мемлекет басшысының саясатын қолдап, кешенді шаралар әзірлеп, мемлекеттік-патриоттық негізде жастарды біріктіру, жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, саламатты өмір салтын ұстану, жастардың денсаулықтарын сақтау үшін шаралар өткізу, биліктің мемлекеттік органдарында кадрды толықтыратын жас көшбасшыларды даярлайтын және айқындайтын жүйе құру.

Екінші жыл “Жас Отанның” мүшесімін. Осы екі жыл ішінде көптеген іс-шаралар өткіздік. “Жастар – Отанға!”, “Жастар кадрлық резерві”, ауыл аумақтарының кадрлық әлеуетін қалыптастыру үшін “Дипломмен – ауылға!” жобалары, жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу мақсатында “Еркін пікір” пікірталас алаңы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен туған тілімізге қоғамның назарын аудару мақсатында “Қазақша сөйлесейік!” республикалық қоғамдық акциясын ұйымдастырдық. Соңғы екі айда ұйымдастырған іс-шараларымыз мол болды. Атап айтқанда, Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласы мен “Болашақ бүгіннен басталады” республикалық акциясы аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен зағиптар қоғамы ауласында сенбілік, қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында “Ән шашар” атты караоке сайысын, “Студенттердің университетте бейімделуі” тақырыбында “Еркін пікір” пікірталас клубының отырысын, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен “Қарттарға гүл сыйла” деген флэшмоб ұйымдастырсақ, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 75 жылдығына орай “Университет тарихы” тақырыбында “Еркін пікір” пікірталас клубының отырысын, “Рухани бірлік, сәтті Қазақстан” тақырыбында “дөңгелек үстел”, одан кейін СҚО-ның “Жас Отан” ЖҚ қалалық, облыстық филиалдарының есепті конференциясы өткізілді. 15 қазанда “Нұр Отан” ХДП ауыспалы кубогының Х республикалық дебат турнирінің облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Қазақ лигасында осы жылы да бірінші орынды жеңіп алып, ендігі кезекте Көкшетау қаласына жолдама алдым. Ал 28 қазанда республикалық турнирде біздің “Адреналин” тобымыз 3-орынға ие болды.

Міне, осындай шаралардың өткізілуіне қарап, елімізде жастар мәселесіне кеңінен назар аударылып келе жатқандығын аңғаруға болады.

Туған жерге туын тігіп, шаңырағын шайқалтпай ұстаған, көкірегінде отаншылдық сезімі лаулаған әрбір отандасымыздың өз елінде еркін өмір сүріп, еңбекке етене араласуы, шынтуайтына келгенде, Елбасының ерен еңбегінің арқасы десек, артық айтқандық емес. Қазақстан басшысының “Қазақстаннан басқа елде жұмақ жоқ” деген жүрекжарды сөзі біз үшін ұранға айналғандай. Сондықтан, біздер, яғни қазақстандық жастар, өзіміздің ыстық ұямызды мекен етіп, оның өсіп-өркендеуін қалайтынымызды нақты істерімізбен дәлелдей бермекпіз.

Азат ТӘЖІБАЕВ,

“Жас Отан” жастар қанатының мүшесі,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Қазіргі кезде жастар саясатына жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр. Осыған орай биыл Астана қаласында “Жас Отан” жастар қанатының II съезі өтеді. Жастар саясатына өте үлкен екпін беретін аталмыш шараға облысымыздан ең белсенді, дарынды жастардың қатарына менің де енгеніме өте қуаныштымын. Себебі, үлкен құрылтайдан өңіріміздің басқа да жастары зор үміт күтеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде елдің ең ірі жастар ұйымы – “Жас Отан” жастар қанатына 2020 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл ретте стратегия жастар қанаты үшін дамудың жаңа бағытына айналатын болады. Жалпы, елімізде жастар мәселесіне кеңінен назар аударылып келеді деп айта аламыз.

Президентіміз жылдағы халыққа арнаған Жолдауларында жастарға ерекше көңіл бөліп жүр. “Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын әзірлеу барысында алдын ала анкеталық сауалдар қойылған еді. Өңір жастары бүгінгі таңда өздерін толғандырып жүрген мәселелер мен ой-пікірлерін, ұсыныстарын толтырып, жоғарыға жолдаған болатын. Бұл айтылған ұсыныс-пікірлердің стратегиялық бағдарлама арқылы шешімін табатынына сенімдіміз.

Бүгінгі таңда жастар ең маңызды қозғаушы күш болғандықтан, ел Президентінің “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында айтылған мақсаттар мен тапсырмаларды тек қана талқылап қоймай, олардың өміршең болуына, тапсырмаларды жылдам әрі тиімді орындаудың жолдарын қарастыру қажет.

Астана қаласында өтетін “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезінде өскелең ұрпақты алаңдатып жүрген көптеген мәселелердің шешілері анық. “Жастар – Отанға!” атты стратегиялық бағдарлама жастардың алдында тұрған жаңа міндеттерді айқындап бермек. Мемлекетіміз жастарға өзінің аялы алақанымен нақты қамқорлығын көрсетіп отырса, өз кезегінде жастар да осы қамқорлыққа лайықты үн қосуға ұмтылатыны анық.

 

Әзірлеген Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp