Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Павел Гордиянов – Петропавл қаласындағы “БЭСТ” мектеп-гимназиясының түлегі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің машинажасау және энергетика факультетінің екінші курсында оқып жүрген үлгілі әрі оқу үлгерімі жақсы студентке “Болашақ” бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туып, Америка Құрама Штаттарындағы Арканзас Мемлекеттік университетінде (ASU) оқуға жолдама алды. Онда таукен құрылысы инженері мамандығын таңдаған жігіт төрт жыл шетелдік білім беру жүйесінде өрісін кеңейтіп, елге оралған.
– Мен өзімді айы оңынан туған жандардың бірімін деп санаймын. Өзіміздің елдегі білім беру жүйесіне қояр кінәм жоқ, дегенмен, АҚШ жоғары оқу орындарының техникалық құралжабдықтармен жарақтану деңгейі маған қатты ұнады. Мектеп қабырғасында ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен, тіл қатынасында аса қиындық болған жоқ, – деп қарапайым мінезбен ақтарыла баяндады.
Туған жеріне, анасы мен туған-туыстарына деген сағынышын баса алмаған ол 2010 жылы АҚШ-тағы жоғары оқу орнын бітірген бойда еліне оралды. Петропавлға оралған соң, көп ойланбастан “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ына жұмысқа орналасты.
Ол бүгінде аталмыш зауыттың техникалық департамент бөлімінде инженер-конструктор қызметін атқарады. Зауытта жасалатын барлық құрал-жабдықтар мен тетіктердің сызбасын жасау – осы Павел Евгеньевич сияқты білікті мамандардың міндеті. Теориялық білімнің тәжірибемен үнемі ұштаса бермейтіндігі белгілі, сондықтан жас маман өзінің зауыттың тәлімгер аға буынынан көп нәрсені үйреніп жүргенін де жасырмайды. Соңғы жылдары зауыттың конструкторлық бюросында жас кадрлар қатары толыға түсуде. Мұндағы басты талап – компьютермен басқарылатын өндіріс станоктарына арналған сызбалардағы мөлшерлердің дәлдігі болып табылады. Сондықтан жас инженер-конструктор алғашқы күннен бастап есеп-қисаптарды “жеті рет өлшеп, бір кесуге” дағдыланған. Павел Гордияновтың осы жақсы қасиеті әріптестеріне де, әкімшілікке де ұнайды.
.
СУРЕТТЕ: П. Гордиянов.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.