«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДӨКЕЙДІ” КӨРІП, ДУ КҮЛДІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жұма күні С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының сахнасы бір мезетке ауыл кейпіне енді. Ауыл көшесі. Жем іздеген үй құстары мен иттердің үрген дауыстары әртұстан естіледі. Арманшыл Ұлқу ауыл көшесінің бойында тамылжыта ән айтып келеді…

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жерлес жазушы Сафуан Шаймерденовтің 90 жылдық мерейтойына орай арнайы сахналанған “Дөкей келе жатыр” қойылымының премьерасы осылай басталды.

Қойылымды тамашалай отыра, қазіргі қоғамда да Қилау сынды жағымпаз, түрткілеген Шилаудай, болашаққа зор үміт артқан арманшыл Ұлқу мен Дөкейдей жастардың барын байқайсың. Сафуан Шаймерденов әр заманда кездесетін ондай адамдарды өз пьесасы арқылы күлдіре отыра сынауды ұсынады.

Бір жақсысы – Баатырбек Шамбетов көрермен қауымға өткен маусымда премьералары болған “Шойын қатын” (Шараф Башбеков) және “Абайлаңыз, қалыңдық” (Насредин Байтеміров) комедияларымен жақсы таныс. Баатырбек Шамбетов үшін ауыл көрінісін суреттеу қиындық тудырмағаны “Дөкей келе жатыр” қойылымынан байқалды. Қойылымның қоюшы-суретшісі Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Садыр Ниязакунов автордың діттеген идеялық мазмұнын жіті түсінгені декорациялар мен кейіпкерлердің костюмдерінен-ақ байқалды.

Әдетте режиссерлер трагедиядан гөрі комедия жанрындағы пьесаны сахналау әлдеқайда ауыр деп жатады. Сөздің шыны осы болса керек. Адамды күлдіру, жай ғана күлдіріп қоймай, шындықты айта тұра күлдіре алу режиссерлік шеберлікті қажет етеді. Сафуан Шаймерденовтің ой-қиялынан туған кейіпкерлерді бейнелеуде карикатуралық тәсіл қолдануды жөн көрген қоюшы-режиссер оларды тек қимыл-іс-әрекеттерімен ғана емес, киген костюмдерімен де әжуалауға тырысқан.

Қойылымда басты рөлдердің бірі бөлімшенің білдей бір басшысы Көпейді күркетауыққа теңеген режиссер актердің жүрісі мен тұрысына, сөйлеу мәнеріне осы үй құсының қимыл-қозғалысын енгізген. Бірінші және екінші актерлік құрамдарда Көпейді сомдаған Біржан Жалғасбаев пен Мақсат Ақжоловтың да бойынан күркетауықтың элементтерін көруге болады. Қилауды – тотықұсқа, Шилауды – жапалаққа, Мәриямды – тауыққа, Базаргүлді – қырықбуын құртына, Дыңқышты – кәрі итке, ал Ұлқуды қауызын енді жарған гүлге теңеген режиссер осы арқылы кейіпкерлер бейнесін аша түсті.

Қойылым желісіне қайта оралсақ. Алматы қаласынан Дөкейдің келе жатқанын естіген бөлімше өміріне қан жүгіре бастайды. “Жаныңдағы жолдасың басыңа қиын іс түскенде сыналар” демекші, бөлімше басқарушысы Көпейдің жанындағы адамдардың шынайы бейнелері “Дөкей келеді деп” кейін ашыла бастайды. Қойылымдағы жағымсыз кейіпкер Қилау ғана. Қилаудың ашкөздігі, оның бойындағы жағымсыз мінездер су бетіне шыққан майдай көріне бастайды. “Бас-көз болар ма екенмін, әлде бар көзін жоқ қылар ма екенмін?” – деп, Көпейге ор қазған Қилау ақырында дегеніне жете алмайды. Шилау болса жапалақтай екі көзін төрт қылып, өткен-кеткеннің басқан ізі мен аузынан шыққан сөзін түрткіштеген босбелбеу. Базаргүл – ауылдағы ұрысқақ, беті бүлк етпейтін ауыл әйелінің бейнесі. Оның іс-әрекеті көзге ерсі көрінгенімен, көрермен бірде ақтап, бірде аяуға тырысады. Базаргүлді сомдаған Кенжекей Ақжолова оның бейнесін ашу үшін ауылдағы жеңгейлер мен апайлардың бейнелерін көз алдына елестеткенін айтады. Шыныменен Базаргүлге қарап, ауылдағы кейбір әйелдердің бейнелерін көруіңе болады. Көзге жылы әрі таныс көрінетін қосалқы бейнелердің бірі Мәриямды Аида Сұпатаева ойнады. Комедиялық бейнелерді қызықты әрі тартымды сомдайтын Аида Сұпатаева бұл жолғы бейнесін де асқан талғампаздықпен ойнап шықты.

Есімдері ұқсас Қилау мен Шилау және Дыңқыш – қойылымдағы ең қызықты әрі ең сәтті шыққан бейнелер. “Жас келсе – іске” демекші, бұл кейіпкерлерді театр труппасына қосылғандарына бірнеше жыл өткен жас актерлер сомдады. Қилауды ойнаған Асылхан Разиев – қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан актерлердің бірі. Суда өзін еркін сезінетін балықтай Асылхан да комедия жанрына төселген. Қилаудың шапшаңдығы, тапқырлығы мен айлакерлігін әжуалай суреттей білген Асылхан – болашағынан зор үміт күттіретін жас актер. Шилауды ойнаған Дәурен Тойбазаров та жас. Ол Шилаудың босбелбеулігінен бастап, әр нәрсені шұқылап, түрткілеп қалған есепші екендігін дәлме-дәл келтіре алды. Көпейдің замандасы Дыңқышты суреттеген Қуаныш Бегжігітов қарияның бейнесін ерекше тартымды етіп бейнелей білді. Оның сомдауында Дыңқыш егде тартқан адам болса да, шапшаң, пысық және адал қария екендігі ұғынықты болды. Ұлқу мен Дөкей рөлдерін театр труппасына жаңадан қосылған Мираш Баймұратова мен Айдос Рысхан сомдады. Бұл қойылым – олардың кәсіби театр өнеріне жасаған алғашқы қадамдары.

Қойылымды көре отыра Гогольдің “Ревизоры” еріксіз есіңе түседі. “Ревизор” 1936 жылдан бері театр сахналарынан түспей келе жатса, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған “Дөкей келе жатыр”… да әлі күнге дейін көрермендердің сұранысына ие.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp