Еңбек ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы болатындығын түсінген Надежда Пирожкова ес білгеннен еңбектеніп келеді. Екі бірдей мамандықты меңгергендігі сондықтан да болар. Тарихшы әрі дәрі-дәрмек саласының маманы – бүгіндері өңіріміздің белгілі кәсіпкері.
Ғасырлар тоғысындағы аумалы-төкпелі уақытта қызметінен айрылғандардың қатарында болған Надежда Пирожкова отбасын асырау мақсатында жеке кәсіпкерлікке мойын бұрады. Алғашында төсек жаймаларын тігумен айналысады. Ептілігінің арқасында өңірімізде тұңғыш рет “Здравствуйте” деген атаумен белгілі дәріханалар жүйесін ашады. О кездің өзінде 160 адамды жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкердің иелігінде 26 дәріхана болған екен. Омбы қаласынан көтерме бағамен дәрі-дәрмектерді саудалап, өз отбасымен қатар қызметкерлерінің де нәпақасын айырып отырған.
Өмірінің 15 жылын дәріханалық бизнеске арнаған жеке кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын бұл кәсібін жекеменшік кәсіпкерге сатып, 2003 жылы халыққа медициналық қызмет түрлерін көрсететін орталық ашқан.
– Медициналық қызмет түрлерін халыққа барынша қолжетімді ету – мемлекеттің ұстанған басты бағыттарының бірі. Медициналық қызмет түрлерін уақытында алуды қамтамасыз ету мақсатында “Здравствуйте” деп аталатын медициналық орталық ашуды ұйғардым. Орталықта білікті мамандар қызмет етеді. Гинеколог, эндокринолог, терапевт және проктолог дәрігерлер қабылдау жүргізеді.
– Орталық тұтынушылары кімдер?
– Тұтынушыларымыздың тең жартысы – жұмыстарынан қолдары босай қоймайтын адамдар. Жұмысбасты болғандықтан, олар емханаға барып, қаралуларына уақыттары болмайды. Ал жекеменшік медициналық орталықта өздеріне ыңғайлы уақытта тексеріліп, лезде дәрігерлік кеңес алады. Бұл қазіргі заман адамдарының өмір талабынан туған кәсіптің бір түрі десе де болады. Кейкейде емханалардағы кезекте тұрып-ақ уақытың зая кетіп, тіпті қай аурумен ауыратындығыңды ұмытып қалатындай жағдай болып жатады. Осындай медициналық орталықтар бір жағынан емханалардағы ұзыннан-ұзын созылған кезекті де азайтуға өз септігін тигізеді.
– Орталығыңызда білікті мамандар қызмет етеді дедіңіз. Олар қаншалықты білікті?
– Кәсібім медициналық саламен тығыз байланысты болғандықтан, жауапкершілік те екі есе ұлғаяды. Кәсібіңнен тиер пайдадан бұрын адамдарға тигізер пайдаңды ойлайсың. Сондықтан да мен үшін бизнестен алар пайдамнан бұрын дәрігерлердің біліктілігі маңызды. Орталықта емханаларда сирек кездесетін эндокринолог пен проктолог дәрігерлер қызмет етеді. Бұл дәрігерлер жинаған тәжірибелерімен білікті. Оларға ауруды анықтау үшін неше түрлі құрылғылардың қажеті шамалы. Жылдар бойы жинаған тәжірибелерінің арқасында аурудың белгілерін анықтап, науқастарға барынша көмек көрсетіп келеді. Ем алуға келген адамға жіті көңіл бөлінеді. Қабылдаудың өзі кем дегенде 40 минутқа созылады.
– Заманауи құрылғыларды қолдану орталықтың тәжірибесінде бар ма?
– Иә, әрине. Соңғы талаптарға сай құрал – жабдықтармен емдеу тәжірибемізде бар. Мәселен, орталықта тоқ ішектегі қан тамыры кеңейіп ауыратын сырқатты отасыз емдейтін құрылғы бар. Оның көмегімен көптеген науқастар дерттеріне шипа тапқан болатын. Ал жалпы біздің орталық жекеменшік болса да, қаламыздағы емханалар мен жоғары мамандандырылған ем түрлері көрсетілетін емдеу мекемелерімен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, біздің орталыққа келіп қаралған науқастарда қатерлі ісік белгілері анықталып жатқан жағдайда бірден онкологиялық диспансерге жібереміз. Жұқпалы аурулар анықталса да, тиісті емдеу мекемелеріне жолдама береміз, – дейді жеке кәсіпкер.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік иесі сонымен қатар ұстаздықпен де айналысады. Өмірін медицина саласымен байланыстырғысы келетін мектеп түлектеріне үйретуші болып та қызмет етеді. Медицина және педагогтік мамандықтарды бірдей меңгерген Надежда Пирожкова үшін бұл жұмыс еш қиындық тудырмайтын көрінеді.
Іскер әйел өз ісін одан әрі дамыту мақсатында медициналық орталықты түрлендірмек ойы бар. Емдеу ісінде заманауи құрылғыларды қолданумен қатар қосымша қызмет түрлерін енгізбек. Іс сәтін салса, медициналық орталықтың біреуін емес, бірнешеуін ашып, кәсіпкерлікпен айналысу тек ерлердің ғана емес, сондай-ақ нәзік жандылардың да қолынан келетінін дәлелдемек.
Сөздің соңында Надежда Пирожкованың әр-түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсенді екендігін айта кеткен жөн. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір іс-шаралар өткізіле қалса, жеке кәсіпкер сақадай сай. Өңіріміздегі фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының төрайымы әрі облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Надежда Пирожкова әйелдерге көздеген мақсаттарына сеніммен қарауға кеңес береді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.