Алаяқтықтың 10-нан астам қылмыстық фактісі бойынша 25 жастағы петропавлдық әйел тұтқындалды. Ол пайызсыз несие, баланы балабақшаға орналастыру және тағы басқа мәселені шешемін деп алдап, жәбірленушілерден қомақты ақша талап еткен.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық ІІД баспасөз
қызметінің инспекторы.
Бойжеткеннің мұндай қылмыспен айналысып жүргеніне едәуір уақыт болған. Осы күнге дейін полицейлерге оның балабақшаға орналастыру бойынша алаяқтығының 6 қылмысы мәлім болып отыр. Қылмыстық істі тергеу барысында алаяқтың тек балабақшада ғана емес, сондай-ақ банкте, университеттерде байланыстары бар екені анықталды.
Алаяқтың жәбірленушілерге айтуы бойынша, банкте оны жұбайы жұмыс істейді-міс. Сол арқылы ол таныстарын несие әперемін, барлық пайыздан алып тастауына көмектесемін деп сендіріп, ақшамен бірге жоғалады екен. Ол үшін жәбірленушілерден барлық құжаттарын, сондай-ақ несие түсетін карточкаларын да алған. Ақыр соңында карточкалардан бар ақшаны өзі алып отырған, ал ол – 40 мыңнан 260 мың теңге көлемінде. Шамамен 200 мың теңге көлеміндегі қаражатты күдікті өзімен бірге істейтін сатушыдан да алған. Қызметтес серіктесінің байланыстары бар екенін естіп, оқудан шығып қалған қызын оқуына қайта орналастыру мақсатымен алаяқ бикешке бар ақшасын бере салған. Өз кезегінде күдікті жәбірленушінің қызын оқуына қайта орналастырамын деп уәде берген. Алайда, бұдан еш нәтиже шықпады. Полицияға алаяқтың арбауына түскен 12 жәбірленуші арызданған. Қазіргі таңда күдікті тергеу абақтысына қамауға алынды.