«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР ЖАЛҒЫЗДЫҚ тақырыбын талқылады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста құрылған психология және әлеуметтік педагогика мәселелері жөніндегі оқушылардың “Лабиринт” ғылыми қоғамының мүшелері ашық мінберден пікірталас өткізді. Оның тақырыбы жеткіншектердің жалғыздық мәселелеріне арналды. Пікірталасқа оқушылардың ғылыми қоғамының Петропавл қаласындағы және аудандық мектептердегі мүшелері мен олардың жетекшілері қатысты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Психология және әлеуметтік педагогика мәселелері жөніндегі оқушылардың “Лабиринт” ғылыми қоғамының төрайымы Раушан Қазбекованың айтуынша, мұндай шараларды өткізудегі мақсат – күн сайын өзгеріп отыратын әлеуметтік қоғамда өз-өздерін жоғалтып алмай, дамыта білетін жеке тұлға қалыптастыру. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық, зияткерлік қабілеттерінің дамуына жағдай жасау, мектептегі ғылымизерттеу жұмысын қолдау, әркімнің жеке көзқарасын айқын айта білуі мен оны қорғай алуын, өзінің пікіріне талдау жасай білу дағдыларын қалыптастыру міндетін көздейді.

Шара барысында оқушылар – бір, психолог мамандар – екінші жақ болып бөлініп, әр тарап өздерінің көзқарастарын ортаға салды. Тақырып бірнеше: “Жалғыздық осызаманғы мәселе болып табыла ма?”, “Адам өзінің өзгемен мінезінің сәйкеспеуіне және ерекше ойлау қабілетіне байланысты жалғызілікті болуы мүмкін бе?”, “Жалғыздық балалардың өзімшілдігінен және ата-аналарының жұмыс бастылығынан болады. Осымен келісесіз бе?”, “Сіз өзіңізді жалғыз сезінген жағдайда не істейсіз?” сияқты жетекші сауалдар арқылы тарқатылды.

Пікірталас өте қызу жүрді. Ересектерге қарағанда, балалар өздерінің ойларын ортаға еркін салып, оны қорғап бақты.

Петропавлдағы №12 орта мектептің 11-сынып оқушысы Александр Яговдиктің айтуынша, жалғыздық өзекті мәселе болып саналады. Сондықтан оқушылардың психолог мамандармен кездесіп, пікір алмасуы өте маңызды.

– Қазіргі кезде балалар да, ересек адамдар арасында да жалғыз қалатындар жиі кездеседі. Ол адамның мінез-құлқына, басқа да ерекшеліктеріне байланысты болады. Өмірде негізінен өзіне сенімді, өткір, жігерлі адамдарға қарағанда салқынқанды, баяу жандарға осы заманда өз-өзін табуы қиын. Көбіне осындай жандар жалғыз қалып жатады. Сондықтан ондай оқушыларды әр кез бақылап, назарда ұстап, қолдау көрсету керек, – дейді Шал ақын ауданы қазақ тірек-мектеп-интернатының психологі Зубида Жарқынова.

Пікір сайысы арасында слайдтар, басқа жандармен жүргізілген сауалнамалар көрсетілді.

Психология және әлеуметтік педагогика мәселелері жөніндегі оқушылардың “Лабиринт” ғылыми қоғамының келесі тақырыбы лаңкестікке арналмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp