«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШЕШЕ КӨРГЕН ТОН ПІШЕР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Шешем оймақтының шебері болатын. Біздің көйлек-көншегімізді өзі тігіп беруші еді. Анамның шаруабасты болып жүрген бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Маған осы тігіншілікпен айналысу анама деген сағыныштың орнын толтыратындай көрінеді, – дейді Нұрғайша Үздембаева.

Нұрғайша Әбілмәжінқызымен мен алғаш рет Петропавл қаласының бас көшесі – Қазақстан Конституциясы бойында жүздескен болатынмын. Өзінің қолынан шыққан түрлі түсті төркөрпелерді, қазақтың жол-жоралғысына лайықты қалта-дорбаларды, бөстектерді шағын үстелшенің үстіне қойып, көше саудасына шығарып отыр екен. Оның бұйымдарындағы әдемі өрнектелген оюларға біреулер қызыға қарап өтсе, екінші біреулері заттардың бағасының қанша тұратынын сұрап-біліп жатты. Қасына келген адамға жылы шыраймен жауап қайырып тұрған Нұрғайшаның қимыл-әрекетін сырттай бағып тұрған мен оның жанарынан ұяң мінезді аңғарғандай болдым. Кейін облыстық бейнелеу өнері мұражайында екеуміздің жолымыз тағы түйісті. Екінші кездесу кезінде бұл адамның ішкі жан дүниесі өнерге жақын екендігін аңғармау мүмкін емес еді. Ондағы мұражайдың қабырғаларына ілінген жергілікті суретші Владимир Денисовтың туындылары адамды өзіне еріксіз тартады. Оның табиғат тақырыбына салған суреттеріне тесіле қараған Нұрғайшаның жанарында бір ұшқын жылт еткендей болды. “Менің екі ағам мен әпкем де суретшілер. Әпкем Астанада әлі де осы салада еңбек етеді. Ал бір ағам ауылдың аумағынан шыға алмай, өз талабын тұмшалап тастады”, – деді ол өкінішті жүзбен. Бір құрсақтан туған он баланың үшеуі суретке жақын болса, олармен қандас әңгімелесімнен өзінің бейнелеу өнеріне бейімділігінің қандай екендігін сұрадым. “Менде бауырларымның бойында бар үлкен талап жоқ. Бірақ қолөнер бұйымдарыма ою-өрнектердің кескіндемесін өзім ойлап тауып, өзім сызамын. Байқаған боларсыз, мендегі заттардың ой-өрнектері бір-бірін қайталамайды. Менікі – тек ою. Басқа кескіндер салуға талпынған емеспін әрі қызықпаймын”, – деді. Орыстілді Нұрғайша өзінің қазақ оюларына деген қатты қызығушылығының неден туындағанын аса аша қоймады. Сауалыма тек “ұнайды” деп қысқа қайырды.

Иә, ол өз қолымен жасаған заттарын сатады да, одан тапқан азын-аулақ табысты отбасының қажетіне жұмсайды. Бұйымға кететін шикізат пен оның сатылу бағасының арасында асып-тасып жатқан табыс та жоқ. Осы жерде маған “Нұрғайша бұл кәсіпті табыс көзінен гөрі әуесқойлықтың жетегінде дамытып жүрген болу керек” деген ой келді. Бұл ойымды қолөнершінің өзі де мойындады. “Маған оюлы зат тіккен қатты ұнайды. Бір бұйымды бастасам болды, оны бітіргенше тапжылмастан күнұзақ тігіп отыра беремін. Әрине, оңай емес. Қолөнердің оңай болуы мүмкін де емес. Бірақ мен осы ермегімнен үлкен ләззат аламын”, – деген ол, өзінің осы әуесқойлық кәсібін анасынан қалған тігін машинасымен жалғастырып келе жатқандығын мақтаныш етеді. Осы ескінің көзіндей болған тігін құралымен ол талай тапсырысты орындаған. “Иә, қазір тігіншілікке арналған неше түрлі құрал-жабдықтар бар. Тіпті, компьютерлік жобамен де тігуге болады. Бірақ маған оюдың әр бұрылысына, әр өрнегіне бармағыңның басын тигізіп істеген ұнайды. Оның үстіне бұл машинаның құлағына анамның да қолы тиді емес пе?! Маған осы бір сәттер қымбат”, – деді.

Бұрындары өз үйінің ғана жабдығын тігіп жүрсе, бүгінде ол тігіншілікпен отбасылық бюджеттің бір бөлігін толықтырып отыр. Соңғы екі жыл бойы айналысып келе жатқан қолөнерінің арқасында талай адамдармен танысыпты. Сондай-ақ тұрақты тұтынушылары да қалыптасып қалған. Нұрғайша Әбілмәжінқызы өзінің қолөнер бұйымдарына, әсіресе, елді мекендердің тұрғындары көп қызығушылық танытатындығын айтады. Шындығында, ауылдық жерлерде үйге келген қонаққа төркөрпе төсеп, құрмет көрсету – жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бірі. Ұлттық қолөнердің енді бір тұтынушылары – қыз жасауын жасайтындар мен құда-құдандалыққа сый-сияпат көрсететіндер. Мұндай тұтынушылар қатары жиі бұйымтай айтатын көрінеді. Нұрғайша тіккен заттарын бір жерде тұрып сатпағандықтан, тауар айналымы жоғары емес екендігін тілге тиек етті. Дегенмен, ұзын құлақтан естіген тұтынушылар шеберді өздері тауып, тапсырыстарын беріп жатады екен. “Көбіне тапсырыспен жұмыс істеймін. Кез келген тұтынушының тілегін орындауға тырысамын. Жасаған бұйымым біреуге ұнап жатса, іштей қуанамын”, – дейді ол.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: қолөнерші Нұрғайша Үздембаева.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp