ҚР Үкіметі “Халықтық ІРО” аясында “ҚазТрансОйл” (ҚТО) АҚ-ның қарапайым акцияларын орналастыруды бастау туралы шешім қабылдады.
Сергей ХУДЯКОВ,
“СҚО азаматтық альянс қауымдастығы”
заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы.
“Қазақстандықтар қаржысын жылжымайтын мүлік сатып алуға, депозитке ғана емес, сонымен бірге қазіргі қаржы институттарына салуға мүмкіндік алды. Адамдарға қор рыногының ерекшеліктерін түсіндіру керек. Әрбір қазақстандық шешім қабылдау үшін егжей-тегжейлі ақпарат алуға тиіс. Сондықтан осыған барынша кірісіп кету үшін мұны облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерінің есіне салғым келеді”, – деп атап көрсетті ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов.
5 қарашада “Самұрық-Қазына” АҚ-ның директорлар кеңесі акцияларды орналастырудың өлшемдерін бекітті. Жекелеп сатып алушы инвесторларға (ҚР азаматтарына) басым тәртіппен ҚТО-ның 38 463 559 қарапайым акциясы ұсынылады. Бұл компанияның жарияланған қарапайым акцияларының жалпы санының 10 пайызынан 1 акция ғана кем.
Бір акцияның құны – 725 теңге. Үстіміздегі жылдың 6 қарашасы – 5 желтоқсаны аралығында делдал арқылы, алдын ала шот ашып, онда құнды қағаздарды алуға қаржыны орналастыра отырып, “ҚазТрансОйл” акцияларын сатып алуға өтінім беруге болады.
14 желтоқсанға дейін барлық есеп-қисабы жасалады. Бір адамның барынша акция алуына шектеу қойылмаған. Алайда, жекелеп сатып алушы инвесторлардың тарапынан сұраныстың көлемі ұсынылған акциялардан асып кеткен жағдайда 7 000 000 теңгеден аспайтын көлемдегі өтінімдер толық қанағаттандырылады. Бұл көлемнен асқанда тепе-тең жағдай сақталады.
ҚТО-ның тұрғындарға сатылмай қалған акциялары одан әрі Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларына (ЖЗҚ) ұсынылмақ.
Үкімет отырысында “Самұрық-Қазына” АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Қаржы кеңесшілері “18 пайыздық дисконтты қолданғаннан кейін” “ҚазТрансОйлды” 250 млрд. теңгеге бағалағанын айтты.
Петропавлда 6 қарашада “Қазпочтаның” орталық бөлімшесінде, сондай-ақ №7, 9 және 13 бөлімшелерінде акцияларды алуға өтінімдер қабылдау басталды. Алдағы уақытта бөлімшелер саны көбеймек.