«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАРАПАЙЫМ ҚАЗАҚ ТІЛІ” – атына заты сай оқулық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптаның жұмасында облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушылары Рахат Әзімбаева мен Гауһар Темірбаева “Қарапайым қазақ тілі” оқулығының тұсаукесерін өткізді. Оқулық 200 дана болып шықты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

– “Қарапайым қазақ тілі” оқулығы көп ізденістің арқасында жарық көрді. Кез келген тілді үйрену онша қиындық туғызбайды. Ол үшін алдымен екі адамның арасындағы диалог болуы, айтқан сөздің мағынасын түсінуі және оны айта білуі керек. Бүгінгі оқулықта кезең-кезеңмен біртіндеп жұмыс істеу арқылы осы нәтижеге қол жеткізу көзделген. Бұл есту, қайталау және көру арқылы жүзеге асады. Оқулық бағдарламасы жазғы лингвистикалық лагерьде сынақтан өтті. Нәтижесі жаман болған жоқ. Осы бағдарламаға сүйене отырып, тілдік коммуникацияның барлық түрлерін меңгерген тұлғаны қалыптастыруды жүзеге асырдық. Оқулықтың барлық материалдары республикалық “Қазтест” бағдарламасына негізделген. Біздің курстардан осы оқулық бойынша оқып шыққан тыңдаушылар нәтижесінде “Қазтест” бағдарламасы бойынша тестілеуден өте алады, – дейді Рахат Омашқызы.

Оқытушылар қазақ тілін қайткенде тез үйретіп, қатынас құралына айналдыруды, сонымен қатар мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер мен оларға сабақ беретін әріптестеріне көмек беруді көздеген.

Оқулықта күнделікті өмірде көп кездесетін тақырыптар, өз-өзін таныстыру, қоғамдық орындарда (дүкенде, ауруханада, көлікте, қалада) ең қарапайым сөздерді пайдалана отырып, қарым-қатынас жасау, Қазақстанмен таныстыру, грамматикалық жаттығулар қамтылып, бірінші кезеңде үйренуге қажетті сөздік қорлары жасалған.

– Республикалық Ұлттық тестілеу орталығы жасап шығарған бағдарламалар, оқулықтар бойынша сөйлеу әрекетінің оқылым, тыңдалым, жазылым бөлімдерімен жұмыс істейміз. Соған байланысты “Қазтестің” А-1 деңгейіне сәйкес “Қарапайым қазақ тілі” оқулығын әзірледік. Ол мемлекеттік тілді үйренуде тыңдаушылардың лексикалық қорын дамыту және сол лексикалық қорларын грамматикада пайдалану, біреудің айтқанын түсіне білу және пікір таластыру деген сияқты мақсаттарға жетуді көздейді. Сонымен бірге оқулықта тілді үйренушілердің қазақша тыңдау мәдениетіне баса назар аударылады. Өйткені, адам кез келген нәрсеге назар аудармай тұрып, оны түсінбейді. Сондықтан осы оқулықта оқу жаттығуларын орындау барысында дыбыстық жазбамен жұмыс та ойластырылған. Бұл дұрыс айту, тыңдай білу машықтарын дамытады, – дейді мемлекеттік тілді оқыту орталығының әдіскері Гауһар Темірбаева.

Оқытушылар бұрын ғылымиландырып оқытса, енді жеңілден ауырға қарай кешендеп оқытуды көздеген. Бұл салада көп жылдан бері қызмет істеп келе жатқан оқытушылардың жинақталған іс-тәжірибелері осы оқулықта көрініс тапқан. Олардың негізгі қағидасы – сабақ барысында бір сөздің бірнеше рет қайталануы арқылы сөз немесе сөйлемнің автоматты түрде қолданылуына жету.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp