Тұрғындар “бармаған жері, басар тауы” қалмағанда өздері сенім артатын жаққа бет бұрады. Осы орайда азаматтар жеке бастың ғана емес, қоғамдық мәселелерді шешу үшін “Нұр Отан” ХДП-ның қоғамдық қабылдауына келіп, өтініштерін айтады. Олар мәселелерінің шешілетініне сенімді.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Владимир Ягодкин – өзінің көп жылдан бері шеше алмай жүрген мәселесін “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филалының көмегімен шешкен көп азаматтардың бірі. Өңіріміздегі энтузиаст геологтердің бірі зейнет демалысына шықсадағы геолог мамандарды әзірлеуге өз үлесін қосып келеді.
Геолог маман болғанымен, еңбек өтілінің 8 жылын ғана тікелей осы салада жұмыс істеген Владимир Владимирович педагогика саласында жүріп те еліміздің жер қыртысындағы түрлі түсті тастарды зерттеуден бір жалыққан емес. Оның бұл ынтасы шәкірттеріне де дарыған. Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернат жанында жас геологтерге арналған үйірме ашқан Владимир Владимирович шәкірттерін демеушілердің, бірақ көп жағдайда өз қаржысына еліміздегі, көршіміз Ресейдегі кен орындарына апарып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Машақаты көп болса да, жас геолог мамандар әзірлесем деген мақсатын жүзеге асыру жолында облыс орталығындағы өзге де балаларға үйірме ашқысы келеді. Оның бұл ойынан хабардар “Қызылжар оранжереясы” МКҚК-нің сол кездегі директоры Равиль Рязапов бос сынып бөлмесін береді. Сол жерде үш жылға жуық тегін үйірме өткізген Владимир Владимирович өзі кетсе, бұл үйірменің жабылып қалатындығын түсінеді. Тегін ешкімнің үйірме жұмысын жалғастырмасы белгілі. Осы орайда жүктеме сұрап, талай құзырлы органның есігін қаққан көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ. Ақыры үстіміздегі жылдың тамыз айында “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жазылады. Аталмыш қоғамдық қабылдауда Владимир Ягодкиннің көтерген мәселесі берден шешіледі. Энтузиаст геологке қоғамдық қабылдаудан кейін бірден 18 сағат жүктеме берілген екен. Осының арқасында үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап “Қызылжар оранжереясы” МКҚК-нің қабырғасында геологияға қызығушылық танытқан 35 баланың басын қосқан екі топ тұрақты жұмыс істеуде.
Ал екінші кейіпкеріміздің “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келгенін өз көзіммен көрген едім. Облысымыздағы пауэрлифтинг бойынша бас жаттықтырушы Қанат Сейітовтің шәкіртін мамыр айында Чехияда өтетін әлем чемпионатына қатыстыру үшін қаржы іздеп жүрген оның мәселесіне журналист ретінде қызығушылық танытып едім. Қоғамдық қабылдауда “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалының төрағасы Серік Біләловке өткен жылы қаржы тапшылығынан Канада да өткен сайысқа бара алмағандығын айтқан бас жаттықтырушы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы – 150 мың теңге, Тайынша ауданының әкімдігі 300 мың теңге бөлгенімен, әлі де 300 мың теңге жетіспей тұрғандығын тілге тиек етіп еді. Осы орайда Серік Біләлов Тайынша ауданының әкімі Иван Турковқа тағы да 300 мың теңге қарастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырмадан кейін жергілікті деңгейде қажетті қаржы бөлініп, бас жаттықтырушы Қанат Сейітов 20-28 мамыр аралығында Чехияда пауэрлифтинг бойынша өткен әлем чемпионатына шәкірті Роман Огородникті апарып, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Қоғамдық қабылдаудың арқасында қаржы мәселесі шешілген жерлестеріміз күміс медаль алып, елге жеңіспен оралды.
Иә, өздері сенген, дауыс берген, мүшесі болған партиясының көмегін сезінген азаматтар аз емес өңірімізде.