«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ҚҰШАҒЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

 

Қасиетті қазақ топырағына, тарихи атажұртына сағына жеткен ағайындарымыз мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа зор еңбек құлшынысымен, ұйымшылдық үлгісімен, ұлттық дәстүрлерге беріктігімен жауап беруге асық.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“ЕЛІМЕ НЕ БЕРЕМІН?”

деп келген ағайындар аз емес

Ел Тәуелсіздігі жарияланғалы Қызылжар өңіріне алыс-жақын шетелдерден 6819 отбасы ат басын бұрды.

Қазақстан жылнамасында 1991 жылдың алатын орны ерекше. Дәл осы жылы “Ұлы көш” деген атаумен тарихқа енген көш-керуен легі қилы заманда дүниежүзіне тарыдай шашылып кеткен ата-бабаларымыз талайдан бері арман еткен ата-мекенге бет түзеді. Әлемнің төрт бұрышына бытырай тарап, тағдыр тәлкегіне ұшыраған сырттағы ағайындарымыз Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын қабыл алып, ашық қабақпен, емен-жарқын көңілмен орала бастады. Сағынышты сәттерге толы қауышуларды солтүстікқазақстандықтар да бастан өткеріп, ата-жұртты аңсап жеткен ағайынды құшақ жая қарсы алды. Сонау Моңғолияның Байөлке аймағынан қоныс аударған екі жүзге жуық отбасы мүшелері қиян түкпірдегі Тимирязев ауданындағы Белоградовка ауылына шаршап-шалдығып жетсе де, жүздері нұрланып, көздерінен отты ұшқын атқан бейнелері әлі күнге көз алдымызда. Қазақтың тау шынарындай мұқалмас биік рухы Қызылжар аспанын шарлап кеткендей болып еді сол кезде. Бұған дейін тек таза орыс тілінде білім беріп келген осындағы мектеп аралас білім шаңырағына айналуының өзі үлкен жеңіспен пара-пар еді. Алла тағаланың жердегі үйі – мешіт те ашылып, ұлттық қолөнеріміз, салт-дәстүріміз дамып, не керек, қазақтың қазыналы көші жоғымызды түгендеп, төрт құбыламызды теңестіріп сала бергені ұлттың ұлы мұраты жолындағы естен кетпес оқиғалардың бірегейі еді.

 

Моңғолиядан келген ағайындарымызға Ресейден қоныс аударған қандастарымыз қосылып, бірге туған бауырдай, тіпті, жарасып кетті. Қысы қатал, жазы ыстық, жағрапиялық орналасуы ерекше, менталитеті бөлек ортаны жатсынбады. Өйткені, мыңғыртып мал ұстаудың, жермен жұмыс істеудің кәнігі шеберлері еді олар. Барған сайын үлкен саяси және зор әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік мәселе бір ауыл, бір аудан төңірегінен асып, таси аққан өзен құсап арнасына сыймай кете барды. Бұл бағытта кешенді, ұлан-ғайыр істер тындырылып, көші-қон үдерісі шапшаң қарқынмен жүргізілді. Осылайша Қазақстан әлемдегі отандастарын өздерінің тарихи Отанына шақырған үш елдің қатарында өрелі қадамдар жасап, демографиялық ахуалдың оң қалыптасуына жол ашып берді.

Елбасымыз айтқандай, Отанына оралған оралман бауырларымыздың арасында “Елімнен не аламын?” деп емес, “Еліме не беремін?” деп келгендердің қатары облыста аз емес. Солардың бірі, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ата-баба қонысына оралған Жаңабай Пірманов өткен күндерді былай еске алады:

– Алғаш көшіп келгенімде қатты қиналғаным рас. Бірақ қорқынышқа бой алдырмадым. Атамекенге аяқ басып, бір жұтым ауасымен тыныстаудың өзі мен үшін зор бақыт еді. Айыртау баурайына орныққаннан кейін атакәсіппен шұғылдана бастадым. Қазір отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы өргізіп отырмын. Бәрі – еңбектің, туған жердің құдіретінің арқасы!

Осыдан жиырма жылдай бұрын Өзбекстанның Тамды облысынан көшіп келген бұл азамат өз іскерлігінің, алға қойған нақты мақсатының арқасында жаңа ортаға тез-ақ сіңісіп кетті. Банктен әупірімдеп алған 2 миллион теңгеге Жезқазғаннан 250 бас Еділбай қойын сатып алып, “Тамды” фермерлік шаруашылығының қазығын қақты. Облыста түйе шаруашылығын өркендетіп, бағалы өнімдерін – жүні мен шұбатынан әжептәуір табыс тауып отырған бірегей шаруашылық ретінде де танымал. Дүниежүзілік банк және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен осы саланы дамытудың озық инновациялық жобасын қолға алды. Өзбекстаннан 30 отбасының көшіп келуіне, жергілікті мектепте қазақ сыныптарының ашылуына ұйытқы болды.

Жаңабай Пірманов сияқты мемлекеттің қуатты қамқорлығы нәтижесінде табыстың тайқазанын тасытып жүрген Тайынша ауданындағы Орынбай қажы Әлжановтың басқаруындағы серіктестіктің жүз үйлі ауылды жұмыспен қамтып, жан-жақты әлеуметтік жағдай жасап отырғаны өзгелерге үлгі. Кезінде Теңдіктегі мектепке баратын оқушылар санының азайып, жабылу қаупі төнген. Бұлармен көрші ауыл Еңбекте бір кезде 240 үй болған. Тың игеру кезінде кеңшар орталығынан бөлімшеге ауыстырылып, ақыры ыдырап тынған. Ал Көзашарда жиырма шақты ғана түтін қалған. Содан Орекең не амал тапты дейсіз ғой? 1998 жылы Қызылорда облысынан бір топ ағайындарымыздың Қызылжар өңіріне көшіп келе жатқанын естіп, темір жолдан 16 отбасыны құдасындай күтіп алады. Ауылға әкеліп орналастырып, бастарына үй, алдарына мал салып береді. 2003 жылы Өзбекстаннан келген 14 отбасыны аттай қалап алып, қолдан келген көмегін аямады. Көпбалалы отбасыларға ерекше қамқорлық көрсетті. Жас аналарға жұмыс тауып берді. “Елге ел қосылса – құт” деген. Осылайша Теңдіктегі оқушылардың саны 80-ге дейін жетіп, жергілікті қазақ орта мектебі сақталып қалды.

Ақжар ауданы Дәуіт стансасында 1 мың жылқы, 500-ге жуық ірі қара, осынша қой өсіріп отырған Төлеу қажы Ахмуддинов Омбыдағы жылы жерін , беделді қызмет орнын тастап, алтын бесік ауылына оралуының сыры Қазақстанымды, Отанымды гүлдендірейін деген перзенттік тілекниетте жатса керек. Мұндағы айтпағымыз, жырақта жүрсе де, сағы сынбаған, рухы асқақ, еңсесі биік қандастарымызды босағадан сығалатпай, төрге оздыру құрметінің қайтарымы ретінде қажыр-қайратын, күш-қуатын елдік мүдделерге арнады. Өсер елдің ұл-қызына тән сабырлы, ұстамды мінез көрсетіп, аспадытаспады, кергімеді, міндетсінбеді. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жасампаз Қазақстанның келешегі жолында бірауыздылық, ұйымшылдық, жоғары еңбек үлгісін танытып келеді.

Облыстық көші-қон полициясы басқармасының бөлім бастығы Динара Мәдиева берген деректерге қарағанда, Ұлы көш-керуен басталғалы Қызылжар өңіріне 35 мыңға жуық ағайынымыз ат басын тіреген екен. Аз ба, көп пе – өзіңіз шамалай беріңіз.

  • Бұрындары ең басты проблема Қазақстанның азаматтығын алу болатын. Қазір бұл мәселе әлдеқайда жеңілдеді. Біржолғы жәрдемақы төлеу, жол шығынын өтеу жайлары да оңай шешіледі, – дейді қарындасымыз.

ШОҒЫРЛАНА ҚОНЫСТАНҒАНДАРДЫҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК

Атамекенге оралған ағайындарды бір жерге топтастырып орнықтыру өзін-өзі ақтаған үрдіс ретінде қалыпты дәстүрге енді.

Бастапқыда тәжірибенің аздығы ма, әлде асығыстық салдары ма, шеттен келген ағайындарымызды топтап қоныстандыруға онша мән берілмеді. Шенеуніктер тарапынан әйтеуір баспана алса болды ғой деген салғырт ниеттің басым жатқанын аңғару қиын емес еді. Қолдан жасалған бюрократтық кедергілер де жиі кездесіп, аяққа шырмауықша оралды. Әсіресе, “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңда жіберілген олқылықтар талай мәрте тығырыққа тіреп, кейбір ұлтжанды азаматтардың басын дауға іліктірді.

Облыста оралмандарды топтап орналастыру идеясын алғаш қолдаған да, іске асырған да Есіл ауданы Амангелді ауылдық округінің әкімі Мұхтар Сәдуов болатын. Өзгелер жасқаншақтап, тәуекел ете алмағанда ол бірден 20 отбасыны қабылдауға шешім алды. Үкіметтің конкурс жарияламай-ақ үй сатып әперу жөніндегі рұқсатын пайдаланып, бірнеше отбасыны баспаналы етті. Құқық қорғау органдары болса заңдағы баспана тек сатып әперілсін деген бапты көлденең тартып, оның бұл ісінен “шикілік” тапты. Сөйтіп, қызметінен аластатылып тынды. Мұхтар бауырымыздың үй сатып алуға бөлінген қаражат жаңа құрылыс салуға жұмсалса тиімді болар еді деген ойы үзіліп, Амангелді елді мекеніне тағы да 20 отбасыны көшіріп әкелу ниеті жүзеге аспай қалды.

Ел халқының санын өсірудің бір жолы дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың келуіне жағдай жасау болып табылады. Оларды елге оралту – мәселенің бір жағы. Қашан аяқтарынан тік тұрып кеткенше көмектесу мүмкіндігі бүгінде Үкімет тарапынан барынша ойластырылған. Анығы сол, бір жерге шоғырландырып қоныстандыру, өзін-өзі ақтаған тәжірибе ретінде анық байқалып отыр. Оның артықшылығы көп.

Ерке Есілдің бойын өрлей қонған Новокаменка ауылына өзбек елінен 36 отбасы көшіп келді. Бәрі баспаналы болды. Қазір мұндағы қандастарымыздың көкөніс өсіру тәжірибесін өзгелер үйреніп жүр. Артылғанын сауда-саттыққа шығарады. Ең сүйсінерлігі сол, білім ошағындағы оқушылардың жартысы осылардікі. Мұның өзі қазақ сыныптарының жаппай ашылуына түрткі болды. Облыс әкімі Серік Біләловтің тікелей тапсырмасымен әр отбасыға жер телімі, техника сатып алуға шағын несие берілді. Осындай игілікті істердің бастауында тұрған Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылында да өз жүрек қалауларымен қоныстанған қандастарымыздың қатары қалыңдай түскен. Жер алып, үй салып, мал өсіріп отырған еңбектері кісі қызығарлықтай.

Ал жапан далада бой көтерген Бәйтерек ауылының жөні мүлдем бөлек. Бұл елді мекен “ел” десе емешегі үзілетін оралман бауырларымызға арнап салынды. Оның іргетасы осыдан үш жыл бұрын қаланды. Алғашқыда жаңа үлгі жобамен 23 үй салынып, пайдалануға беріліп, Өзбекстаннан, Ресейден және Моңғолиядан келген қандастарымыз қоныстанды. Келесі жылы “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасы аясында 140 үй, былтыр 100 үй, 50 жылыжай тұрғызылды. Қызылжар ауылдық округінің орталығы Бәйтерек болып белгіленді. Көшелерге Астана, Қазақстан Конституциясы, Батыр Баян, Бейбітшілік секілді жаңа атаулар беріліп, асфальтталды. Су құбырлары тартылып, колонкалар орнатылды. Кірсе-шыққысыз ауылдың келешегі тіпті кемел. Мектеп, балабақша, дәрігерлік қосын, ойын-сауық орталығы, мешіт, тағы басқа әлеуметтік нысандар салынып, бет-бейнесі одан әрі ажарлана түсетін болады. Мұнда да мақтан тұтар, жан жадыратар игі істер жеткілікті. Алдағы уақытта “Ағаш-жоңқалық тақтай” кәсіпорны іске қосылса, 150 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Сауда орындарын ашамын, жер алып, көкөніс өсірумен айналысамын, кәсіпкерлікті өрістетемін деушілер қатары жыл өткен сайын молығып келе жатқанын аңғаруға болады.

СОЛТҮСТІКТІҢ СУЫҒЫ СЫЛТАУ ЕМЕС

“Еңбек бәрін де жеңбек” деген қанатты сөзге ден қойған бәйтеректіктердің өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету тәжірибелері үйренуге тұрарлық.

Жасыратыны жоқ, ішкі миграция мәселесінде шешімін күткен жайттар аз емес. Көбіне еңбек ресурстары туралы әңгіме қозғалғанда небір түйткілдер алдымыздан андыздап қоя береді.

Иә, жүгірсе аңның тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын Қазақстан – кеңбайтақ, жеріміз кең. Өкініштісі сол, бес Франция сыйып кететін шексіз де шетсіз даламызды қоныс еткен халқымыздың саны көңіл көншіте бермейді. Солтүстік аймақтар тұрғындарының демографиялық құрамын жақсарту, жұмыс күштерінің жетіспеушілігін сырттан келген ағайындар есебінен толықтыру шаралары қазіргідей ойластырылса, құба-құп болар еді. Бұл ойды осы ауылдағы ақсақалдар алқасының мүшесі, көзі қарақты, көкірегі ояу Қайролла қажы Сүлейменов қозғады. Ақсақал Құдай қосқан қосағы Мариям апай екеуі 2009 жылы Түмен облысынан көшіп келіпті. Келулері де қызық: Жанна есімді немерелері 6-сыныптан бастап Петропавлда оқыпты. Мектеп бітіргеннен кейін Ресейге бармаймын, Қазақстанда қаламын деп қиғылық салады. Содан атасы мен әжесінің көшіп келулеріне тура келген. Ұл-қыздары да қоныс аударған. Немерелерінің алды шетелде оқиды. Екі шөбере сүйіп отыр.

– Бәйтеректе Жандәулет және Әлия деген жас отбасылар тұрады. Еңбек етуден ерінбейді, от болып лапылдап тұр. Қыж-қыж қайнаған жастық құлшынысын пайдалы қоғамдық еңбекке жұмсағаны қарадай қызықтырады. Әлішер деген жас жігіт бар. Өзбекстан жағынан келген. Солтүстіктің суығын елер емес. Жазда да, қыста да келіншегі екеуі тыным таппайды. 3 гектар жерді жалға алып, көкөніс екті. Одан 3 тонна сәбіз, 18 тонна картоп, қырыққабат жинап алды. Артығын пұлдап, бала-шаға нәпақасын айырды. Биыл тағы 10 сотық жер алып, дүкен, тігін цехын, шаштараз ашуға ниеттеніп жүр. Өзбекстаннан келген Нұржан да нағыз еңбекқор жігіт. Жаз бойы жылыжайда түрлі көкөніс түрлерін өсіріп, артығын сатты. Оның замандастары Асан – диқан, Арман мал өсірумен айналысады. Осылардың қай-қайсысы болсын әр нәрсені сылтау етіп, тұрмысқа қолайлы саналатын жылы жақта қалып қойса, ешкім сөкпес еді. Демек, оңтүстік өңірлерді шиырлай бермей, керісінше, өз ағайындары тұратын теріскей жақты таңдауының өзі азаматтық биік тұлғасын танытса керек.

Елбасымыз туған жер туралы түсініктің өзіне кең тұрғыдан қарау керектігін әр кез айтып келеді. Бұдан ұғатынымыз, жастардың бойына Қазақстанның кез келген түкпірі – Отаным деген ізгі сезімді қалыптастырудың маңызы зор. Жұмыс қолы жетіспейтін өңірлерге келіп, жер алса, үй салса, мал өсіріп, тірлік қылса, ешкім кеудеден итермейді, қолынан қақпайды, – дейді ел ертеңі жайлы толғана сөйлеген абыз ақсақал.

Еңбек десе жанын салатын Жанат Отыншиевпен кездесіп, сөйлестік. Отбасымен бірге Түмен облысының Голышман ауданынан қоныс аударыпты. Келіншегі Жанар екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Ешкімге салмақ түсірмей, өз шаруасын аз уақыттың ішінде дөңгелетіп әкетіпті. Үш бөлмелі үйдің бір қанатын дүкенге айналдырып, азық-түлік тағамдары мен тұрмыстық заттарға толтырып тастапты. Моншасы жұмыс істеп тұр. Жалға алған жылыжайға қияр егіп, айналасы екі айда 3 тонна өнім жинаған. Ендігі ойы – техникалық қызмет стансасын ашу. Ғимарат әзір. “700 шаршы метр аумақты жылытатын тұрмыстық жылыту қазандығын орнатқалы үй шаруасы жеңілдеді”, – дейді ол. Оның әр қимылы епсекті адам екенін аңғартады. Енді “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті өрістетпек ойы бар. 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, құрылыс цехын ұйымдастыруды көздеп отыр. 10 сотық жер алып, арнайы орын сайлап қойыпты.

– Қандастарымыз үшін маңызды мәселелердің бірі – ортаға бейімделу десек, қандас бауырларымызбен тез-ақ тіл табысып кеттік. Өз күнімізді көруге күш-жігеріміз жетеді, – дейді Жанат замандасымыз.

Омбының Азов ауданынан келген Сәбит Тұрғановтың жастығына қарамастан, ісі ширақ. Шағын вагон сатып алып, азық-түлік дүкенін ашыпты. Жарты миллион теңге көтермеақыны мұртын бұзбастан бизнеске салыпты. Жылдағы әдетімен жергілікті тұрғындар дан бригада құрып, құрылыс жұмыстарына араласуды әдетке айналдырған.

Ордабұзар жастағы Нұржан Қашбаев шағын несиеге жылыжай сатып алыпты. Енді қызығын көріп отырған жайы бар. 5 сотық жерге картоп егіп, мол өнім жинаған. “Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір” деген мақалды айтып, жымиып қояды ол. Олай дейтін жөні бар. Осында келе салысымен сатып алған қойларды төлінен өсіріп, басын 50-ге жеткізіпті.

  • 4 бөлмелі үйіміз бар, жылы. Келіншегім Махаббат саудада істейді. 2 баламызға анамыз қарайды. Арқаның саршұнақ аязына көндігіп кеттік. Қысқа әзірміз. Шөп-отын үюлі. Еңбек ете білгеннің ризығы таусылмайды, – дейді малсақ бауырымыз.

ТАМЫР ЖАЙҒАН БӘЙТЕРЕК

Осы сөзді өмірлік ұстаным еткен алтын құрсақты аналар үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыз өсіруді табиғи қалып санайды.

Қанша келсек те, көп баланың әкесі атанған Асанмен жолымыз бір түйіспей қойды. Сөйтсек, оны ауылдастары да сирек көреді екен. Осы жолы барғанымызда да жолықтыра алмадық. Облыс орталығына кетіп қалыпты. Кәсіпкерлікті нәсіп еткен азамат “ерте тұрған жігіттің ырысы артық” деген тәмсілді мұрат еткен тәрізді.

Мұнда Асан секілді көпбалалы әкелер, Гүлден секілді алтын құрсақты аналар жетерлік. Осындайда демографияның басты тетігі табиғи өсім екенін бағамдағандай боласың. Жыл өткен сайын шаңырақ көтерген жас отбасылардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Рақила Қойшыбаева көзін тырнап ашқаннан еңбекке араласыпты. Енді немере сүйетін жасқа жетіп отырғанына шүкіршілік етеді. Соңғы немересінің Қазақстанда туғанын жақсы ырымға балайды.

Мұсабай әулетін де мәуелі шаңырақтардың біріне ұқсатасың. Халқымыздың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, қол-өнеріне деген құрмет пен дәстүр жалғастығын аңғарасың. Үйдің иесі Жұпарханнан бастап ұлттық тәлім-тәрбиеге айрықша мән беретіні байқалады.

– Елбасымыздың әр сөзінде туған халқына деген үлкен қамқорлық жатыр. Сөз қадірін түсінетін қазақ оның парқын сезіне білсе, кәнеки! “Алты баланы ардақтау артықтық етпейді” деген сөзі есімде қалыпты. Шынында да, отбасыда әйелдің жөні бөлек. Оған ұрпақты жалғастырушы ана ретінде құрметпен қарауымыз керек. Зайыбым Шұғайып екеуіміз 10 немере сүйіп отырмыз. Бұл да – Алла тағаланың берген несібесі, ырысы.

Моңғолиядан 12 жан келдік. Кенже ұлым Жарқын отау құрып, өрісіміз кеңейді. Одан Сұлтан есімді немереміз бар. Бәріміз де еңбек етеміз, өнерімізді насихаттаудан шет қалған емеспіз. Өзім де қарап жатқан жоқпын. Жаз бойы ауылдың малын бағып, 200 мың теңге еңбекақы таптым. Қазір құс фабрикасында күзетшімін. Мал, құс өсіріп, немерелерімізді де пайдалы іске баулып жүрміз. Жұмыссыз жүрген кей жастарды көргенде елтең-селтең бос жүрістеріне қарадай қарным ашады. Еңбек етемін деген кісіге кәсіп те, нәсіп те табылады, – дей келіп, ұлттық жаңғыру қазақ халқына ерекше салмақ артатынын, ширығу, ширау әр адамнан, әр отбасыдан бастау алатынын нақты мысалдармен әдіптеді. Оның домбыра тартып, ән айтуы, ісмерлік қасиеті балалары мен немерелеріне жұққан тәрізді.

– Біздің әулет еңбек етумен қатар ұлттық өнерімізді ұлықтау арқылы да Қазақстанның мәдениетіне өз үлесін қосып келеді, – деп сөз арасында әзілдеп те қояды.

Бәйтеректіктер алыс-жақын шетелдердің әр қиырынан жиналса да, ауызбірліктері мықты. Ауылішілік мәселелерді ақылдасып шешеді. Ұлттық, діни мерекелерді бірлесіп атап өту дәстүрі қалыптасқан. Мұнда облыс әкімі бірнеше рет келіп, тұрғындармен дидарласыпты. Бірқатар мәселелер жергілікті жерде шешімін тауыпты. Өңір басшысының айтуымен “Зенченко және К” серіктестігі 5 тонна картопты, Бескөл құс фабрикасы 2000 үйректің балапанын тегін үлестіріпті.

Аудан әкімінің аппарат басшысы Жанар Ақылбекованың жаңалығы бәйтеректіктерді бір желпіндіріп тастады. Оралман ағайындарымызға берілген баспаналардың құнын өтеу үшін үй бағасының 50 пайызын жинауға “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ жергілікті бөлімшесімен келісімге отырса керек. Уәделі мерзімнен кейін ғана банк бағдарламаға қатысушыларға төмен пайыздық сыйақымен заем бере алатын еді. Алайда, ай сайын 30-35 мың теңге мөлшерінде өтеп отыруға кез келгеннің шамасы жете бермейтін болды. Осы жағдай Үкіметке дейін жетіп, баспаналарды жергілікті меншік иелігіне беру жөнінде шешім шығарылғаны мәлім етілді. Тиісті құжаттар әзірленгеннен кейін үйлер жалдық-коммуналдық түрінде рәсімделетін көрінеді.

– Үкіметтің осындай қамқорлықтарынан кейін қол қусырып отырудың өзі ұят, – деді ақсақалдар алқасының мүшесі Қайролла қажы Сүлейменов қоштасар сәтте. Біздің ойымызға Президенттің: “…біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағытталуы тиіс. Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады”, – деген қанатты сөздері оралды. Соның жарқын үлгілерін Бәйтерек ауылынан тапқандай болдық.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp