«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫН – ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ШЫҒЫН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыс көлемінде 742 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 420 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 39 адам, оның ішінде 2 бала қайғылы қазаға ұшырап, 27 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды.

Өткен апта да өртсіз болған жоқ. Қызылжар ауданындағы Новокаменка ауылының маңындағы Травное көлінің солтүстікбатыс жағалауында түнде балықшы вагоны отқа оранып, ішіндегі жиһаздарға айтарлықтай зақым келтірді, 54 жасар ер адам күйік алды. Өртті тұрғындар өз күштерімен сөндірген. Жапа шегуші ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді.

Ал Мамлют ауданының Искра ауылының 30 жасар әуесқой балықшысы қазанның 26-сы күні қайығы тиелген мотоцикліне отырып, балық аулау ниетімен Бородино көліне кеткеннен үйіне оралмады. Тек қазанның 30-ы күні оның қайығы мен жеке заттары су қоймасының жағасынан табылды. Жедел іздеуге шыққан облыстық ТЖД-нің суда құтқару қызметі оның мәйітін судан алып шықты. Бұл – жыл басынан бергі суда орын алған 49-шы қайғылы жағдай.

Петропавл қаласының Мәскеу көшесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, үй иелері баспанасыз қалды. Қараусыз қалған от үйдің шатырын жойып, үй жиһаздарын зақымдады. Өртті ауыздықтау барысында өрт сөндіру мамандары екі тұрғынды қауіпсіз жерге жеткізіп, отқа оранған үйден газ баллонын сыртқа алып шықты.

Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының Котов көшесінде “ГАЗ-53” автокөлігі жанып, жүргізушінің кабинасы мен мотор бөлігі жойылды. Дәл осындай жағдайлар Тайынша ауданының Келлеровка ауылында да тіркелді. Мұнда “ГАЗ-3307” жүк автокөлігін жалын шарпыса, ауданның “Горькое-Красный яр” тас жолында “Фольксваген-Пассат” жеңіл автокөлігі толықтай жанып кетті.

Өткен аптада облыста орын алған 8 өрт кесірінен солтүстікқазақстандықтар маңдай термен жинаған 60 тоннадан астам шөбінен бір сәтте айрылып қалды. Кейбір тұрғындар шөппен қоса қора-қопсысы мен үй жануарларынан да айрылды. Атап айтқанда, Айыртау ауданының Құспек пен Айыртау ауылдары, Жамбыл ауданының Архангелка, Ақжар ауданының Ақжарқын, Тайынша ауданының Теңдік пен Большой Изюм, Мағжан Жұмабаев ауданының Александровка, Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласында осындай төтенше жағдайлар орын алды.

Сондай-ақ Петропавл қаласындағы “Труд” саяжайында шыққан өрт салдарынан ағаштан салынған саяжай үйі толығымен жанып кетті. Өрттің шығу себептері анықталуда.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp