Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
Үкілі Ыбырайдың қаншама әндері елдің есінде. Оның жұрт білмейтін бір әні маған мәлім. Ол – “Ақлима қызға” әні. Бұл әнді қалай үйренгенімді айтайын.
Облыстық “Білім” қоғамы арқылы іссапармен шалғай қазақ ауылдарын концертлекциямен аралағанымды мосқал адамдар біледі. Сондай сапардың бірінде Шал ақын ауданындағы Балуан ауылына ат басын бұрған едім. Бұл 1968 жыл, егін орып жатқан тамыз айының соңғы кезі болатын. Менің түскен үйім жиен ағамыз Шәкен Сұрағанұлының үйі еді. Балуан сегізжылдық мектебінде математикадан сабақ берген қарт ұстаз 1916-1999 жылдар арасында өмір сүрді. Көпті көрген, шежіреші, ескі дастан-қиссаларды білетін еді “Әжімбай-Бәжі” ауылынан шежіресінің біразын осы Шәкен ағамнан сол жолы жазып алғам. Біздің Баян ауылы аталарымыз туралы біраз әңгіме айтқан еді. Оның аяғы ән-күйге ұласты. Домбырамен ән айтатынын білетінмін. Мен ағамыздан бір жақсы ән айтып беруін өтіндім. Сонда ағамыз атақты Ыбырайдың Ақлима қызға арнаған әні екен деп он шақты шумақ әнін айтты. Мен әлгі әнге қызығып, оны домбыраға салып үйреніп, 3 шумақ мәтінін жазып алған едім. Бұл әнді кейін інісі Ғазез Мусинов та өте жақсы айтып жүрді. Осы әннің 5 шумақ сөзін кейінгі кезде тексертіп, қарындасы Күләш Сұрағанқызынан жазып алдым.
Бұл әнді жас кезінде Шәкен ағамыз немере ағасы Күсемістің Балсейітінен үйренген екен. Ол кісі жасаған домбырамен 1947 жылы “Елім-ай” әнін мен Әбілкәрім Нұғманұлынан үйренген едім. Балсейіт қобыз аспабын да жасады. Ол жасаған қобыздың бірі шөбересінің үйінде сақтаулы. Балсейіттің әкесі Күсеміс те ауылдың, сол аймақтың әртісі болған екен.
Балсейіт те әкесіне тартқан өнерлі жан еді. Ал Айтуар ауылында Жәуке Қырғызұлы деген әнші болған көрінеді. Ол да жиын-тойдың көркі . Әкем Бәридің айтуы бойынша кешке қарай жаздың тымық күні Жәуке ән салғанда 6-7 шақырым ауылдарға даусы естіледі екен. Содан ауыл жастары бір-бір атқа мініп, Жәуке ауылына шаба жөнеледі екен…
Бұл үшеуі Ыбырай Сандыбаевты көріп, әндерін үйреніп, оның әнін таратушылар болған. Бізге жеткен “Ақлима қызға” әнінің ел арасында сақталып, таралуы осылай болды. Мен бұл әнді нотаға түсірдім. Бірақ толық мәтінін таба алмай жүрмін.
Ақлима қызға
Пар жектім екі торы ат сүмеңдетіп,
Жеріңе уағда айтқан келдім жетіп.
Уағда өткен айдың басында еді,
Келеді әлі күнге күндер өтіп.
Қолыма домбыра алып ән саламын,
Жігіттік қызығыңнан айналамын.
Өнердің маған біткен арқасында,
Қызықтың мен де көрдім
сан талайын.
Әуелде нем бар еді жүрсем жай-ақ,
Қайғылы көздің жасы бетті бояп.
Ізіңе қарға басқан көзім түссе,
Құшақтап жата қалам төсім таяп.
Сарқылып менің сөзім таусылмаған,
Ақиық мұзбалақпын саңқылдаған.
Күніне дәйім салып сілтесем де,
Қылышпын екі жүзі жарқылдаған.
Көңілім жабырқайды жаман десе,
Көңілім шаттанады аман десе.
Ойымда сенен басқа жан
жоқ, сәулем.
Талассын нұры көкке маған десе.