М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де аталмыш жоғары оқу орнын 18 жыл басқарған ректор, экономика ғылымының кандидаты, ұстаз Қанаш Шәкеновтің 90 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Оған марқұмның туған-туыстары, бірге қызмет еткен әріптестері, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қанаш Шәкенұлы – жергілікті институтты ең ұзақ уақыт бойы басқарған ректор. Ол 1969-1987 жылдар аралығындағы осы қызметінде білім ордасының жаңа деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқан. Мәселен, оның тұсында институт жанынан үш студенттік жатақхана, екі оқу корпусы мен оқытушыларға 2 тұрғын үй пайдалануға берілген. Білікті басшы дене шынықтыру және сазпедагогикалық факультеттерінің ашылуына қол жеткізген. Бірқатар ғылыми жұмыстар жазып, осы салада өшпес із қалдырды. Қанаш Шәкенұлы бұрынғы педагогикалық институт жанынан агробиостанция ашып, онда ғылымға ден қойған оқытушылар мен студенттер түрлі сынақтар жүргізіп, тәжірибе жинақтаған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен байланыс орнатып, нәтижесінде институт оқытушыларының 40 пайызы ғылым кандидаттары мен докторлары атанған.
Қанаш Шәкенұлы облысымыздың қоғамдық жұмысына да белсене араласқан. Ғалым нарықтық экономикаға көшу жағдайын, қаржы саласындағы үдерістерді бақылап, зерттеп отырған. Осы ғылыми ізденістері нәтижесінде “Тауардың құны мен бағасы” атты ғылыми еңбегі жарық көрген. Онда автор бұрын-соңды айтылмаған өткір мәселелерді ашық қозғайды.
Қанаш Шәкенұлының тағы бір қыры – қаламгерлігі. Жүрегінің түбінде жатқан ойлары, туған жеріне деген ыстық сезімі шағын әңгімелерінде көрініс тапқан. “Тыңдағы ауыл” атты повесінде ол туған ауылының қарапайым жұмысшыларын шебер бейнелейді.
Еске алу кеші барысында өңіріміздің танымал азаматтары Александр Липовой мен Қасым Жүнісов сөз алып, Қанаш Шәкенұлының кісілік келбеті жайында әңгімеледі. Алматыдан келген туған-туыстары да жақындарын жылы лебізбен еске алды.