«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРМЕЙ ТҮС, СТУДЕНТТЕР АЛЬЯНСЫ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел ертеңі болып саналатын жастардың қоғамда алар орны ерекше. Соған орай бүгінгі күні алғыр да парасатты жастардың мемлекет, қоғам өміріне белсене араласуы – уақыт талабы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ресми түрде айтатын болсақ, 2004 жылдың 7 шілдесінде қабылданған “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы” Заңға сәйкес ел жастары қатарына 14-тен 29 жасқа дейiнгi азаматтарды жатқызамыз. Олар – халықтың үмітін ақтайтын болашағы болуымен қатар, бүгінгі қоғам өмірінің басты қозғаушы күші.

Бүгінгі таңда республика бойынша барлық жастар ұйымдары қызметтерінің белсенділігі байқалады. Жалпы алғанда, жастар ұйымдарын бірнеше топқа бөлуге болады. Біріншісі – мемлекет тарапынан құрылған ұйымдар, екіншісі – саяси партиялардың жастар қанаттары, олар партия тарапынан қолдау алып, солардың есебінен қаржыландырылып отырады. Осы ретте алдыңғы қатарда тұрған еліміздің белді партиясы болып саналатын “Нұр Отан” ХДП-ның қолдауымен құрылған “Жас Отан” жастар қанаты болса, үшіншісі – жеке өздерінің бастамашылдығымен құрылған топтар.

Осы орайда дәл осындай өміршең қоғамдық бірлестіктердің бірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан Студенттер альянсының жүргізіп жатқан жұмысын ерекше бөліп айтуға болады.

Жалпы мақсаты жас толқын өкілдерін белсенділікке баулу, еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, олардың жауапкершілігін шыңдау, қоғамдық жұмысқа деген қызығушылықтарын арттыру болып табылатын ұйымның еліміздегі әрбір облыс орталығында филиалдары бар.

Ең алғаш рет 2005 жылдың 14 сәуірінде Тараз қаласында өткен республикалық студенттер слетінде құрылып, еліміздің 21 қаласының 107 жоғары оқу орнының 50 мыңнан астам студенттерін біріктіріп, ұлттық студенттік қозғалысқа айналған республикаға танымал ұйымның Солтүстік Қазақстан облысы студенттері альянсының көшбасшысы Нұрсұлтан Әубәкіровтің айтуынша, аталмыш бірлестік өңіріміздің басқа да жастар ұйымдарымен бірлесе отырып, көптеген әлеуметтік маңызға ие іс-шаралардың өтуіне себепші болған.

Тәуелсіздік таңы атқалы еліміздегі жастар саясатының жүзеге асуы жолында ауыз толтырып айтарлықтай қадамдар жасалды деуге толық негіз бар. Елбасының бастамасымен “Болашақ” бағдарламасы бойынша дарынды ел жастары шетелде білім алуға мүмкіндік алып, бұл жас буынның болашағы үшін жасалған игі бастама болса, “Қазақстан Жастар конгресі”, “Қазақстан Студенттер альянсы”, “Жасыл ел” әрі “Құрылыс жасақтары” сияқты бірқатар ұйымдар өз ықпалының деңгейін арттырып, түрлі жастар топтарының шын мәнінде де әлеуметтік қорғаушысына айналуы үшін барлық күш-жігерін жұмсауда, деген жастар ұйымының көшбасшысы сөзінің жаны бар.

Атап айтқанда, қаламыздың жастар ұйымдары биылғы жылдың қыркүйек пен қазан айларының өзінде ғана 30-дан астам іс-шараны өткізген. Оның ішінде жастар ұйымдарының арасында ұйымдастырған боулинг турнирі, “Қалай тұрып жатырсың, студент?”, “Таза сессия”, “Студенттер темекіге қарсы”, “Мен патриотпын”, “Жыл студенті – 2012”, “Таза қала” және т.б. шараларға облыс жастары ұйымшылдықпен қатысқан.

Аталмыш шаралардың барлығы да маңызды болғанымен, студенттер арасындағы құқықтық сананы және азаматтық ұстанымдарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу көріністеріне төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру мақсатында өткізілген кезекті “Таза сессия” акциясының орны ерекше. Жеті жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл шара қыркүйектің 12-сі мен 30-ы аралығында өткізіліп, еліміздің жоғары оқу орындары мен кәсіптік колледждердің студенттері бүркеншек түрде сауалнамаға жауап жазған акцияға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен қаржы полициясы қолдау көрсеткен болатын. Бүгінде жоғары оқу орындары жемқорлықты жою үшін ғаламтор бетінде арнайы сайт ашқан. Мұнда жылына 300-400-ден астам шағымданушының қара тізіміне тек жоғары оқу орындары ғана емес, сондай-ақ оқытушылар да ілігеді. Сонымен қатар бұл шара студент жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытып, әрбір сессияның таза өтуіне септігін тигізеді деген үмітіміз бар, деген жастар ұйымының көшбасшысы облыстық студенттер альянсының қатарына биыл 20 студент қосылғандығын атап өтті.

Қаламызда түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрген студент жастар ұйымы алдағы уақытта қала студенттері арасында футбол турнирін, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта концерт, СҚМУ-де “Петропавл – 2030” атты факультетаралық үш тілдік шығарма сайысын, студенттер арасында ақындар айтысын, “Қазақша сөйлесейік!” және т.б. акциялар өткізуді жоспарлап отыр.

Жақында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында өткен жиында “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Самат Жәкенов қаламызда мектеп оқушыларының және жоғары оқу орны студенттерінің қатысуымен пікірсайыс турнирлері бұрынғыдай белсенді түрде өтпейтіндігін айтып, алқалы жиын қатысушыларына облысымызда дебат өнерін жандандыру қажеттігі жөнінде ой салған болатын. Осы орайда облыстық студенттер альянсының көшбасшысы Нұрсұлтан Әубәкіров: “Жалпы Петропавл қаласындағы дебат қозғалысы соңғы уақытта белсенді қарқынмен даму үстінде деп айта алмаймыз. Алдымен ойыншылардың білімін анықтап, саяси-құқықтық тәрбиені дамыту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, қатысушылардың жан-жақты ойлауын, шешендік қабілеттерін, патриоттық сезімдерін арттыру арқылы болашаққа нық сеніммен қарайтын жастардың қалыптасуына септігін тигізетін дебат қозғалысын жандандыру жолында көп шаруа атқару қажет”, – деді.

Бүгінгі таңда жастардың білімділігін, қажыр-қайратын қажет ететін әлеуметтік мәнді жұмыстар көп екені рас. Өйткені, қоғамдағы проблемалардың бәрі ондағы әлеуметтік топтардың барлығына ортақ деуге негіз бар. Десек те, мемлекеттің келешегі саналатын жастардың мәселесі – қоғам алдындағы ең маңыздысы әрі бірегейі. Жастардың бүгінгі келбеті ғана елдің ертеңін елестете алары сөзсіз.

СУРЕТТЕ: Нұрсұлтан Әубәкіров.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp