«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТУДЕНТТЕР ТЕАТРЫ көрермендерін жаңа қойылыммен қуантты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Шаңырақ” студенттер театрының кезекті маусымы ашылды. Бұл жолы жас көрермендерге жазушы-драматург Роллан Сейсенбаевтың “Тон туралы реквием” спектаклі ұсынылды.

Жанар ОМАРОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Парасат” телестудиясының редакторы.

Бұл қойылымда қоғамдағы дүниеқоңыздық сияқты теріс құбылыс суреттеледі. Автор замандастарына бұдан гөрі рухани құндылықтардың маңызды екендігін жеткізгісі келген. Оқиға желісі темір жол вокзалында өрбиді. Сайлау есімді кейіпкер тілсіз жау құрсауында қалған вагоннан адамдарды құтқарамын деп, тонын бүлдіріп алады. Ал оның зайыбы болса, бұл сыртқы киімге біраз уақыт бойы қаржы жинағанын айтып, темір жол вокзалының бастығына дейін барып, шу шығарады. Сол сәтте әлгі Сайлау адамдардың дүниеқоңыздығына ызасы келіп, рухани құндылықтардың жоғалып бара жатқанына налиды. Спектакль соңында басты кейіпкер жаман әдеттерге әуес қала адамдарынан аулақ, ауылға кетуге бел буады.

“Шаңырақ” студенттер театры осымен 11-інші қойылымын сахналап отыр. Мұндағы студенттер бірнеше жыл қатарынан өнер көрсетіп келеді. Спектакль барысында әрқайсысы өзіне тапсырылған рөлді лайықты ойнап шығуға тырысты. Соның нәтижесінде қойылым көптің көңілінен шықты. Әсіресе, басты рөлдегі Арман Жәміттің, Сайлаудың зайыбын сомдаған Қымбат Байқанова мен темір жол кезекшісі Аяулым Жүсіпованың өнеріне көпшілік тәнті болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp