«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТЕМ ТYГЕЛ БОЛА БЕРСIН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мария, Екатерина, Елизавета, Антонина – бұл өткен жылдың 11 маусым күні дүниеге келген төртемнің есімдері. Араға бір жыл салып, төрт қыздың ата-анасымен хабарласып, жағдайларын сұрасқан едік.

Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын Ивановтар отбасына қоңырау шалғанымда, телефон тұтқасының арғы жағынан төртемнің анасы Светлана Николаевнаның дауысы көңілді естілді. “Бақытты ана осы үйде тұра ма?” деген жауабыма ол да кідірмей: “Иә, әрине. Бақытты ана менмін” деді.

Расында да, бақытты деп толық айтуға болады. Шаңырақ көтергеннен кейін әр әйел дүниеге сәби әкелуді қалайды. Алла тағала ана болу бақытын біріне берсе, бірі қуанышты сәтті зарыға жылдар бойы күтеді. Бұл қуанышты сәтті Ивановтар отбасы 10 жыл күтті. “Құдай сабырлық танытқандарға екі еселеп береді” деген бар. Ивановтардың шыдамдылығы мен қайсарлықтарының өтемі 4 еселенді. Мұны бақыт демей, не дерсің?!

Сәбилер дүниеге келгенде облыстық перинаталдық орталыққа облыс әкімі Серік Біләлов арнайы барып, көпбалалы ананың қуанышына ортақтасқан. Төртемнің ата-анасына өңір басшысы үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлап, әлеуметтік көмек көрсету үшін сол кезде жүзеге асырылған “Ұрпақ қоры” бағдарламасының сертификатын да табыс еткен еді. Осы бағдарлама аясында Светлана Иванованың әр баласына банкте депозит ашылып, 241 мың 920 теңге қаржы аударылған. Бұл қаражатты қыздар кәмелет жасына толғаннан кейін пайдалана алады.

Төртем дүниеге келгеннен кейін өмірлері күрт өзгерген Светлана мен Андрей Ивановтар әлеуметтік желіде де танымал. Олардың сүйкімді қыздарының әр мезетін қызық көретін ғаламторлық қауым әке-шешесін осы күннің қаһармандарына теңеп, тірі күнінде анасына мүсін орнатылса артық етпейді деген пікірлерін білдіруде. Шынында да, бір баланы дүниеге әкеп, оны өсірудің өзін азапқа теңейтін ата-аналармен салыстырғанда, Ивановтардың күнделікті ісін ерлікке теңеуге болады. Балаларды күніне бір емес, бірнеше рет тамақтандыру, жуындыру, киіндіру, ұйықтату сынды істерді істейтін төртемнің анасы нағыз батыр ана. Бірақ қаймығатын ана Светлана емес. Қыздарын күтудің өзін бақытты сәттерге балайтын Светлана балаларының дені сау болып, толыққанды дамып, ержетуі үшін қолынан келгеннің барлығын жасаймын, дейді. Төртемді дүниеге әкелмей тұрып, Бескөл ауылының азық-түлік дүкенінде қызмет еткен Светлана қазір декреттік демалыста, ал қыздардың әкесі Андрей Иванов Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінде көлік жүргізушісі болып еңбек етіп келеді.

Балалары бір жасқа толғанға дейін жәрдемақы алып отырған Светлана қазір көп балалы аналарға арналған жәрдемді ғана алып отыр. Ай сайын 6 мың 400 теңгені құрайтын жәрдемді азсынатын Светлана жоқ.

– Балаларға қандайда бір зат алсақ та, біреуден емес, төртеуден аламыз. Өзіңіз білесіз, балаларға арналған киімдерден бастап, барлығы қымбат. Сондықтан барынша үнемдеуге тырысамыз, – деген Светлана отағасының табысына күнелтіп жүргендіктерін айтты. Болашақта төртемді балабақшаға жіберу оңайға түспейін деп тұр. Ай сайын 4 қызына 7500 теңгеден 30 мың теңге төлеуді отбасылық қаражат көтермейтіндігін айтқан Светлана Николаевна, тіпті, кезекке де тұрмадық дейді. Осылайша күйбең тірліктің қамымен жүрген төртемнің ата-анасы қыздарының болашақтары баянды болуы үшін қолдарынан келген бар жақсылықты жасауда. Қыздар болса күннен-күнге өсіп, ата-анасын қуанышқа бөлеуде.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Мария, Екатерина, Антонина, Елизавета Ивановалар.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp