«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНДАРЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫ ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Марат БӘШІМОВ,

еуропалық құқық және адам құқықтары сараптама институтының директоры, заң ғылымының докторы.

Дін дегеніміз қоғамдық қарым-қатынастардың өте нәзік те күрделі саласы болып табылады. Оны тек құқықтық нормалар ғана тиімді реттей алады. Жаңа діни ағымдардың пайда болуымен байланысты Еуропадағы қақтығыстар мен қасіреттер, ТМД елдерінде алуан секталардың кеңінен тарауы жекелеген мемлекеттерде де, сондай-ақ халықаралық деңгейде де маңызды шараларды қабылдауға негіз болды.

Мәселен, Еуропарламент 1996 жылдың өзінде белгілі бір секталардың үнемі адам құқықтарын бұзатынын және қылмыстар жасайтынын атап көрсеткен еді. Ол қылмыстарға адамдарға жасалатын қатыгездік, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, бостандықтан заңсыз айыру, зорлық жасауға итермелеу, нәсілдік пиғылдарды тарату, салықтарды төлеуден жалтару, қаржыны заңсыз айналымға шығару, қару-жарақ және есірткі сату, еңбек заңнамаларын бұзу, заңсыз дәрігерлік қызметпен айналысу жатады.

Еуропарламент азаматтарды осы әрекеттерден қорғау қажет деп ұйғарып, Еуропалық одақ мемлекеттерін соттар мен полицияның ұлттық деңгейдегі қолданылатын құқықтық актілер мен құралдарды пәрменді қолдануына қамқорлық жасауға, сондай-ақ өзара әсіресе, Еуропол аясында белсенді де барынша тығыз ынтымақтасуына шақырды.

Діни ұйым мәртебесін бірден бере салмау қарастырылды. Тіпті, секталар заңсыз немесе қылмыстық әрекеттермен көзге түскен жағдайларда оларды діни бірлестік мәртебесінен айыру мүмкіндігін қарастыру ескерілді.

Еуропарламент сондай-ақ зорлық-зомбылық жасап, қорқытып, үркіте, алдап-арбай отырып, қитұрқылықпен, жасырын сенімге кіру немесе көзбояушылық арқылы өздерінің қызметтеріне азаматтарды күштеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу қажеттігін ескертті.

Бұл мәселені Еуропа Кеңесі сияқты адам құқықтары саласындағы өкілетті еуропалық халықаралық ұйым да назардан тыс қалдырмады. Ол 1999 жылы “Зиянды наным-сенімдердің құрбандарына және олардың отбасы мүшелеріне көмек туралы” шешім қабылдады. Аталған құжат сондай-ақ үкіметтерді діни құрылымдардың заңсыз қызметтеріне қарсы қылмыстық және азаматтық құқықтар істерін жүргізуге шақырды.

2006 жылдың 15 қыркүйегінде АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің демократия, еңбек және адам құқықтары жөніндегі бюросы Қазақстандағы дін бостандығы туралы баяндаманы жариялады. Онда республиканың осы саладағы саясатына оң баға берілген. Атап айтқанда, кеңестен кейінгі кезеңде діни толеранттылық идеяларын таратуда елдің көш бастап отырғандығы атап көрсетілді.

Қазақстан Конституциясы адам құқықтары саласындағы барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Негізгі Заңның 22-бабы әркімнің ар-ождан бостандығының құқығына кепілдік береді. Бұл ретте аталған құқықтың жүзеге асырылуы жалпыадамзаттық және азаматтық құқықтарды және адамның мемлекет алдындағы міндеттерін шектемеуге тиіс. “Діни-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы” заң Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін бір ай өткен соң – 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданды. Уақыт алға озады, сондықтан жаңа қоғамдық қарым-қатынастарды одан әрі реттеу, тәртіпке келтіру талап етіліп, соның нәтижесінде мемлекеттегі осызаманғы діни жағдайды ескере отырып, заңнамаларды кешенді жетілдіру қажеттігі туындады.

“Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды. Ол ең алдымен әрбір адамның ар-ождан бостандығына құқығын дәйектей отырып, демократиялық, зайырлы мемлекет қағидаттарына негізделді. Бұл құжат әрбір адамның діни наным-сеніміне қарамастан, тең құқығына, басқа діндерді құрметтеуіне, конфессияаралық келісімнің маңызын тануына, діни толеранттылыққа кепілдік береді.

“Діни-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы” заңда ҚР Заңнамасында бекітілген тәртіп бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне жол бермейтін нормаларды бекіту талап етілген. Бұл жерде Конституция қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, тұрмысты, денсаулықты, басқа азаматтардың рухын немесе құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында діни нанымдардың немесе діни сенімдердің таратылу еркіндігін заңменен шектейтінін түсіндіре кету керек.

Діни наным-сенімдер бостандығы бойынша мынаны айтуға болады: оған шектеулер өзіне тән белгілері бойынша қойылады. Бұл бостандықты екі деңгейге – сыртқы және ішкі деңгейге бөлу керек. Ішкі деңгей – адамның наным-сенімін таңдауы оның ар-ождан бостандығын жүзеге асыру болып табылады. Сыртқы деңгей – адам өзінің наным-сенімін жеке немесе салт-дәстүрлерді бірлесе отырып, тарататын деңгей.

Ішкі деңгейде ар-ождан бостандығын шектеуге жол берілмейді – наным-сенім заңның, мемлекеттің немесе қоғамның бұл мәселеге қарым-қатынасынан тыс жүзеге асырылады. Сонымен бірге адам наным-сенімді таңдай отырып, басқалардың құқықтары мен бостандықтарына қарсы әрекет етпейді. Ал сыртқы деңгейде наным-сенімді тарату, салт-дәстүрлерді қолдану және наным-сеніммен байланысты басқа да қызметтерді жасаған кезде қоғамдық тәртіп, адамгершілік, мораль және басқа адамдардың құқықтары мен мүдделері зиян шегуі мүмкін болғандықтан, наным-сенім бостандығы шектеледі.

Бұл саладағы екінші маңызды бостандық азаматтардың рухани мұқтаждарын қанағаттандыру үшін бірігу бостандығы. Ол наным-сенім бостандығының құрамдас бөлігі болып табылады және оған басқа тұлғалардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуының алдын алу үшін шектеу қойылады. Өзіне тән дәстүрлер мен құндылықтары бар этникалық және конфессиялық топтардың саналуандығы, Қазақстанның геосаяси орналасуының ерекшелігі қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың дене және рухани саулығына нақты қауіп-қатерлерге қарсы тұру тетіктерін құрып, нығайтуды талап етті. Сондықтан жаңа заңның діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу туралы нормасы – аталған саланы мемлекеттік реттеудің қажетті тетігі.

Мақсат – конституциялық құрылысты күшпен өзгерту жөнінде насихат немесе үгіт жүргізуге, мемлекеттің қауіпсіздігіне іріткі салуға, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына зиян келтіруге бағытталған әрекетпен айналысатын құрылымдардың қызметіне жол бермеу. Міндетті мемлекеттік тіркеу туралы нормалардың БҰҰ-ның Сиракуз қағидаттарына, саяси және азаматтық құқықтар туралы халықаралық пактке сәйкес келетінін атап өте аламыз.

Заң тіркелмеген діни бірлестіктердің, сондай-ақ діни бірлестіктердің қызметіне, салт-дәстүрлер мен дінді оқып-үйренуге күштеп қатыстыратын (қатыстырмайтын) осындай құрылымдардың қызметіне тыйым салады.

Азаматтардың мүліктік құқығын қорғау үшін діни бірлестіктердің мүшелерін және оның жолын ұстанатындарды діни бірлестіктің, оның басшысының және басқа мүшелерінің пайдасына өздеріне тиесілі мүліктерден күштеп бас тартуға көндіруге тыйым салуға ұсыныс жасалды. Соған қоса заңда Қазақстан аумағында отбасын бұзуға итермелейтін, руханилыққа, денсаулыққа зиян келтіретін діни бірлестіктердің қызметіне жол бермеуді қарастыратын нормалар бекітілген.

Заңға қарсы әрекеттердің алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау қажеттігі мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметінен барынша мөлдірлікті талап етуіне негіз жасайды. Бұл ретте оларды мемлекеттік тіркеу немесе оған қарсылық жасау олардың қызметінің заңға сәйкестілігіне берілген құжаттарды тексерудің, діни істі жүргізудің сараптамасы, осы құрылымды құруға бастамашылардың тізімін тексерудің нәтижелері бойынша қабылданады.

Қазақстанның зайырлылық қағидатын жүзеге асыру “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” ҚР Заңының 7-бабының 3-тармағында бекітілген. Осы нормаға сәйкес мемлекеттік ұйымдардың аумақтарында және ғимараттарында, әскери құрылымдарда, сот және құқық қорғау органдарында және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтерде Құдайға құлшылық етуге, діни салт-дәстүрлерді, рәсімдер мен жиындарды өткізуге, сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді. Бұған діни білім ұйымдарынан басқаларында да тыйым салынған.

Соңғы тыйым Қазақстанда білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы бейінде болуына негізделген. Білім беру жүйесі, діни білім ұйымдарын айтпағанда, діннен және діни бірлестіктерден бөлінген.

Қазақстанда діни негіздегі партиялардың қызметіне, мақсаттары мен іс-әрекеттері мемлекеттегі бір діннің басымдығын бекітуге бағытталған, діни өшпенділікті немесе алауыздықты тудыратын діни бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне тыйым салынады.

Мемлекеттік органдардың қызметіне кедергі келтіруге, олардың іркіліссіз жұмысын бұзуға, елді басқарудың жағдайын төмендетуге күні бұрын бейім тұратын дінді және діни көзқарастарды пайдалана отырып, шешімдер қабылдауға және іс-әрекеттер жасауға жол берілмейді.

Тұтастай алғанда, қабылданған заң уақыт талаптарына жауап береді және Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp