Петропавл қаласы бойынша салық басқармасы қаланың салық төлеушілері арасында белсенді бұқаралық-түсінік беру жұмысын жүргізеді. Салық төлеушілерінің салық мәдениеті мен хабардарлығын арттыру үшін осы жылғы 2 қарашада Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада бизнес субъектілерінің және қала базарлары өкілдерінің қатысуымен семинар өткізілді. Оның мақсаты – 2013 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының салық салымы мәселелері жөніндегі заңнамалық актілеріне енгізілетін өзгертулер бойынша ақпараттар жеткізу.
Семинарды қалалық салық басқармасы бастығының орынбасары Сергей Клямер ашып, салық мәдениетін және қоғамның хабардарлығын арттыру салық органдары қызметінің басым бағыты болып табылатынын атап өтті. Одан кейін сөз алған қалалық салық басқармасы бастығының орынбасары Есмағзам Байболсынов 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірреттік талон негізіндегі арнайы салық режімінің күші жойылатынына және соған сәйкес, базарларда сауда жасайтын барлық тұлғалардың көрсетілген уақыттан бастап басқа салық салымы режімдеріне ауысуы тиісті екеніне салық төлеушілердің назарын ерекше аударды.
Сол сияқты, Қазақстан Республикасының салық салымы жөніндегі Заңнамалық актілеріне 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін өзгерістер туралы салық заңнамасына түсінік беру бөлімінің бастығы Лилия Әбілева айтып берді.
Шара барысында семинарға қатысушылар салық заңнамасына енгізілген өзгертулер жөніндегі, сол сияқты Салық кодексінің нормаларына және салық әкімгершілігіне қатысты сұрақтар қойып, оларға тиісті жауаптар алды.
Сонымен бірге осы жылдың 2 қарашасында қалалық салық басқармасының бастығы Мұрат Мұхаметжанов қала базарларының өкілдерімен базарларда сауда жасайтын және бірреттік талон негізінде арнайы салық режімін қолданатын тұлғалардың басқа салық салымы режімдеріне ұйымшылдықпен өту мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
Қалалық салық басқармасының салық
заңнамасына түсінік беру бөлімі.