«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТҚҰМАР АЙЫРТАУЛЫҚТАР СӘЙГҮЛІКТЕРІН САЙЫСҚА САЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

 

Жуырда Саумалкөл ауылының ипподромында “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалының мұрындық болуымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесіне арналған атжарысы маусымының салтанатты жабылуы болып өтті.

Мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті аудан әкімі, “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалының төрағасы Ерлік Жанділдин атжарысы маусымының жабылуымен құттықтап, сәйгүліктер сайысына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бүркіт баулып, онымен аң аулау – халқымыздың саятшылық өнерінің бірі. Осы орайда көрермен назарына Ақмола облысы Бурабай өңірінен келген спорт шебері Тастанбек Бергенбай “Ақ сеңгір” атты бүркітімен қоянға түсу өнерін көрсетті. Сонан соң жиналған қауым ағайынды Крищенколар баптаған арбалы сәйгүліктердің көрінісін тамашалады.

Содан кейін ат спортының жанкүйерлері 7 шақырымдық құнан бәйгені тамашалады. Бұл жарысқа 6 сәйгүлік қатысып, солардың ішінен бірінші болып Ақмола облысы Зеренді ауданынан келген Кенжебай Қашаевтың “Сердаре” атты сәйгүлігі (шабандозы Нариман Есімов) келсе, көрші облыстың Красный Яр ауылының тұрғыны Мирас Тажетдиновтің “Алтын” есімді аты (шабандозы Оразбай Айтмағанбетов) екінші, ал үшінші орынды тағы красный-ярлық “Элис” атты сәйгүлік (шабандозы Алмас Құлтасов) иеленді. Бұл жеңімпаздарды “Восход Имантау” ЖШС-нің директоры Аюп Цечоев арнайы грамоталармен және ақшалай сыйақылармен марапаттады.

Мұнан кейін 12 шақырымға созылған топ бәйге жарыстың көркін қыздыра түсті. Бұл бәйгеге де 6 сәйгүлік қатысты. Соның ішінде өзгеден шабысы бөлек “Баянтай” ЖШС-нің “Соника” атты сәйгүлігі (шабандозы Бахтияр Бекболатұлы) басқалардан оқ бойы озып, мәреге бірінші келді. Екінші орынды Ақмола облысының Зеренді ауданынан келген Кенжебай Қашаевтың “Феоретта” есімді аты (шабандозы Нариман Есімов) иеленді. Ал бәйгеге қатысқан өзге аттар жарыстан шығып қалды. Бұл қашықтықтағы жеңімпаздарды “Баянтай” ЖШС-нің директоры Сырымбет Есенғалиев құттықтап, жеңімпаздарға арнайы грамоталар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Бап пен бақтың жалауын желбіреткен 20 шақырымдық аламан бәйгеге 4 сәйгүлік қатысты. Олардың шабысына қарап, соңғы айналымға дейін кімнің қара үзіп келетінін айту мүмкін болмады. Ақырында Айыртаудың хас жүйрігі – “Баянтай” ЖШС-нің “Баянтай” атты сәйгүлігі (шабандозы Бахтияр Бекболатұлы) мәре сызығына бірінші болып келсе, ауданымыздың Матвеевка ауылынан келген Леонид Крищенконың “Госконь” атты тұлпары (шабандозы Сергей Крищенко) екінші орынды иеленді, ал үшінші орынға ақмолалық Мирас Тажетдиновтің “Вальвиди” есімді сәйгүлігі (шабандозы Оразбай Айтмағанбетов) қол жеткізді. Аламан бәйге жарысының жеңімпаздарын Ерлік Жанділдин құттықтап, аудан әкімінің грамоталары мен ақшалай сыйлықтарын табыстады. Бұған қоса, ауданымыздың бірінші басшысы айтулы атжарысына демеушілік жасап, қолдау көрсеткен азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Мерекелік іс-шарада қазақ күресінен және ұлттық ойындарымыз – тоғызқұмалақтан, аударыспақтан да жарыстар ұйымдастырылды.

СУРЕТТЕРДЕ: аламан бәйге жеңімпазы Бахтияр Бекболатұлы; бүркітші Тастанбек Бергенбай “Ақ сеңгір” атты бүркітімен.

Суреттерді түсірген автор.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp