Ауылдасына оқ атқан Қызылжар ауданының тұрғыны құрықталды.
Оқиға осы ауданның Вишневка ауылында орын алған. Жәбірленуші алдымен үйінің маңында мылтық даусын естіген. Кіреберіс есікке жақындап, жарықты қосқан кезінде арғы жақтан оған оқ атылған. Абырой болғанда, үй иесі одан аман қалды.
Жеңіл жарақаттанған ер адам бірден учаскелік инспекторды шақыртқан. Тәртіп сақшысы “Мұны кім жасауы мүмкін?” дегенінде, жәбірленуші 42 жастағы ауылдасына күдік келтірген. Әлгі ер адам кінәсін жасырғанымен, үйге тығып қойған 16 калибрлі “ТОЗ” аңшы мылтығы табылған кезде, шындығын жайып салды.
Сөйтсе, осыдан бір-екі ай бұрын екеуінің арасында жанжал шыққан. Балаларының арасындағы болған дауға байланысты ауылдастар бір-бірімен төбелесіп те қалған. Оқиға орын алған күні күдікті ішімдік ішіп, баяғы ренішін есіне түсіріп, ауылдасын қорқытуға келгенін айтқан.
Қылмыстық іс қозғалып, ер адам уақытша оқшаулағышқа тоғытылды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.