«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЗЕКТЕН ТЫС АТТЕСТАТТАУ Қандай нәтиже берді?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Биыл өткізілген кезектен тыс аттестаттаудың басты мақсаты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін, құқықтық мәдениетін, оларға жүктелген міндеттерді және тұрғындармен жұмыс жүргізу мүмкіндіктерін айқындау еді. Осы шараны өткізу үшін аталмыш органдарда орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары құрылды. Олардың құрамына алдын ала жоғары аттестаттау комиссиясының сынынан өткен бөлімшелердің басшылары, ішкі қауіпсіздік пен кадр жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі бөлімдердің мамандары мен тиісті органдардың ардагерлері енгізілді.

Облыстық прокуратураның 25 қызметкері Орталық аттестаттау комиссиясы мүшелерінің бақылауымен Онлайн режімінде сынақтан өтті. Оның қорытындысы бойынша екі қызметкер жоғары лауазымға ұсынылды, екі қызметкер қызметінен төмендетілетін болды. Ал қатардағы 122 жедел қызметкер өңірлік аттестаттау комиссиясының сынынан өтті. Нәтижесінде 117 қызметкер немесе 96 пайызы атқаратын лауазымына сәйкес деп танылды, оның ішінде 7 қызметкер немесе 6 пайызы жоғары лауазымдарға; 1 қызметкер (немесе 1 пайызы) лауазымына сәйкес емес деп танылды және лауазымынан төмендетуге; 4 қызметкер немесе 3 пайызы атқаратын лауазымына сәйкес емес деп танылды және прокуратура органдарынан босатуға ұсынылды.

Комиссия құрамында болған прокуратура органдарының ардагері Абылай Сүлейменов: “Аттестаттаудың өтуі заңды. Өйткені, көптеген прокуратура қызметкерлері зейнеткерлікке шығып, олардың орындарына жас мамандар келді. Қадағалау органдарында тек кәсіби білікті, құқықтық мәдениеті зор қызметкерлер ғана жұмыс істеуі керек”, – деді.

Ал қаржы полициясы органдарының кадрлық құрамын қоғамның талаптарына сай өзінің қызметтік міндеттеріне лайық атқаратын қызметкерлерден қалыптастыруды көздеген аттестаттауға 120 қызметкердің 117-сі қатысқан. Оның 2-еуі уақытша еңбекке қабілетсіздігіне байланысты және біреуі денсаулық жағдайына орай жұмыстан шығарылғандықтан, аттестаттауға қатыспаған. Қызметкерлер үстіміздегі жылғы 7-20 тамыз аралығында ҚР заңнамалары, ойлау қабілеттілігін анықтауға арналған тест сынағын тапсырып, әскери дайындық нормативтерін тапсыру және психолог маманмен әңгімелесуден өткен.

– Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы Денис Шакеновтің төрағалық етуімен қаржы полициясы агенттігі төрағасының орынбасары, қаржы полициясының полковнигі Дәулет Айтжановтың және СҚО Қаржы полициясының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Бекмұхановтың қатысуымен өткен өңірлік аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша 7 қызметкер өз қызметтеріне сәйкес деп танылды және олар кадрлық резервке енгізуге немесе жоғары лауазымдарға тағайындалуға ұсынылды. 96 қызметкер өз лауазымдарына сәйкес деп танылды. 14-і лауазымдарына сәйкес емес, оның ішінде 6-уы жұмыстан шығарылды, 8-і басқа лауазымдарға тағайындалып, қызметтерін ауыстырды, – деді баспасөз хатшысы Нұрлан Жахин.

Бұл сыннан облыстық ішкі істер департаменті де толық құрамда өтіп, аттестаттаудың алдын ала қорытындысы шығарылды. СҚО ІІД кадрлармен жұмыс жөніндегі басқарманың бастығы Қапез Дәулетбаев былай деді: аттестаттауға барлығы 2 мыңнан астам қызметкер қатысып, 1968-і лауазымына сәйкес деп танылды. Соның ішінде 18 полицей жоғары лауазымға ұсынылды. 45-і өз қызметіне сәйкес емес деп танылып, олар қызметтерінен төмендетілетін болды. 38 тәртіп сақшысын басқа қызметтерге ауыстыру жөнінде ұсыныс түсті. Аттестаттау нәтижесі бойынша 193 полиция қызметкері жұмыстан босатылды.

Облыстық кедендік бақылау жөніндегі департаментте құқық қорғау блогы бөлімшелерінің 42 қызметкері кәсіби біліктіліктерін тексерді. 2012 жылдың маусым айында департамент бастығы мен оның құқық қорғау жөніндегі орынбасары жоғары аттестаттау комиссиясының сынынан сүрінбей өтті. Құқық қорғау блогының кедендік бақылау комитетіне бағынышты 7 қызметкері Астанадағы Орталық аттестаттау комиссиясында біліктіліктерін сарапқа салды. Бұған қоса 4 қызметкердің лауазымдарына сәйкестігі расталды, біреуі жоғары лауазымға ұсынылды. Үшеуі басқа қызметке ауыстырылды, олардың ішінде бір қызметкер жұмысынан босатылды.

Өңірлік аттестаттау комиссиясының мүшелері 33 қызметкердің кәсіби даярлығын тексерді. Бір қызметкер өз еркімен кеден қызметінен кетті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша 24 қызметкер өз лауазымдарын ақтап шықты. Солардың қатарындағы 5 маман кадрлық резервке енгізуге немесе жоғары лауазымдарға тағайындалуға ұсынылды. 4 кеденшінің қызметі төмендетілді. Екеуі өз лауазымдарына сәйес емес деп танылып, басқа қызметке ауыстырылды. Екі кеденші қызметінен босатылды.

Сөйтіп, кеденнің 31 қызметкері лауазымдарына сәйкестігін дәлелдеді (6-уы жоғары лауазымдарға ұсынылды). 11-і қызметтеріне сәйкес емес деп шешілді (солардың ішінде 3-еуі кеден органдарынан босатылды).

Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттегі аттестаттау қорытындысы келесі аптада жария етіледі. Департаменттің кадрлармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Серік Дүйсембеков хабарлағанындай, қазір соңғы шешуші үшінші кезең тамамдалу үстінде. 812 офицер, прапорщик, ТЖМ аумақтық органының бөлімдері мен басқармаларының және “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі” ММ-нің қатардағы құрамының мамандары кәсіби даярлықтарын сынға салуда. 6 қарашадағы мәлімет бойынша комиссия мүшелері 649 қызметкер бойынша шешім қабылдаған (80 пайыз). Аттестаттау қорытындысы келесі аптада белгілі болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp