Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті облыстық мәслихаттың үлкен мәжіліс залында “Солтүстік Қазақстан электр тарату желілері компаниясы” (СҚТЭК) АҚ-ның 2013-2015 жылдарға электр қуатын беру және тарату жөніндегі қызметтерге салыстырмалы сараптама әдісін қолдана отырып тариф бекіту үшін ақпараттарды талдау бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің бастығы Марат Мұстафин айтқандай, жаңа жылдан бастап еліміздегі барлық 20 электр тарату желілерінің компаниялары салыстырмалы сараптама әдісімен жұмыс істейтін болады. Бұл әдіс батыстың өркениетті елдерінде көптен бері қолданылады, енді осы жолға Қазақстанның электр тарату желілері компаниялары да қосылғалы отыр. Ол тек электр тарату желілерінде ғана қолданылады екен. Салыстырмалы сараптама жүргізуге өтініш берудің қажеті жоқ, осыған дейінгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің ақпараттары болса жеткілікті. Қоғамдық тыңдауда “СҚТЭК” АҚ-ның ТМРА сараптық кеңесінде сараланатын 2011 жылдың нақтылы көрсеткіштері қаралды. Бұл туралы “СҚТЭК” АҚ-ның президенті Виктор Тен баяндама жасады.
Онда атап өтілгендей, берілген электр қуаты 1068586 мың кВт/сағатты, ал іс жүзіндегі нормативтік техникалық шығындар 168058 мың кВт/сағатты құраған.
Сондай-ақ баяндамашы өткен жылы қаржылық көрсеткіштердің: электр қуатын беру мен таратуға 1376,9 миллион теңге жұмсалғанын, негізгі қорлардың амортизациялық аударымдарына 321,7 миллион теңге бөлінгенін, кәсіпорынның бақыланбайтын шығындарына, соның ішінде салыққа 79,9 миллион теңге, электр қуатын берген және таратқан кездегі технологиялық шығындардың өтеміне 806,7 миллион теңге кеткенін және 43,4 миллион теңге көлемінде пайда алынғанын айтты.
Алдағы жылға тарифті қарайтын салыстырмалы сараптамада келтірілген осы ақпараттар ескерілетін болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес облыстың өкілетті органы салыстырмалы сарапқа енгізілген 2013-2015 жылдар кезеңінің мынадай көрсеткіштерін бекітті: желіге жіберілетін нормативтік техникалық шығындар 2013 жылға – 13,45%, 2014 жылға – 13,44%, 2015 жылға – 13,43%, ал негізгі қорларды қайта құру және жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарлама салымдары көлемі: 2013 жылы – 716,2 миллион теңге, 2014 жылы – 812,0 миллион теңге, 2015 жылы – 844,8 миллион теңгені құрайтын болады.
Сонымен бірге 2013-2015 жылдар ішінде жөндеу жұмыстарына 462,5 миллион теңге бағыттау жоспарланған. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ағымдағы және күрделі жөндеулерге 114,8 миллион теңге жұмсалды, ол бекітілген ортамерзімдік кезең деңгейінің 86 пайызын құрайды. Десе де, нақты көлемнің орындалуы жоспардан асып түседі, атап айтқанда, 1020,6 шақырым әуедегі электр беру желісі, 2,3 шақырым кабельдік желі, 64 трансформаторлық қосалқы стансасы жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін 702,2 миллион теңгенің инвестициялық бағдарлама қаржысы толық игеріледі.
Осы ақпараттық деректерді зейін қойып тыңдаған тыңдауға қатысушылар салыстырмалы сараптама әдісін қолданудың тұтынушыларға айтарлықтай ауыртпалық түсірмейтінін ұққандай болды. Салыстырып сараланған тарифтің қияндап көтеріліп кетпейтіні анық, онда тарифке әсер ететін әрбір шығын түрі мұқият зерттеліп, оны орынсыз көтеруге жол берілмейді. Бүгіндері департамент мамандары “СҚТЭК” АҚ-ның ақпараттық деректерімен ТМРА-ның сараптық кеңесімен бірлесе жұмыс жүргізуде. Марат Мұстафиннің айтуынша, олар облыс тұрғындары мүддесін қорғауға тырысады.
Қоғамдық тыңдауда қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишин, келісім комиссиясының мүшесі Виктор Сердюков, сараптық кеңес мүшесі Владимир Лапшин және тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Юрий Козловский қаралған мәселе бойынша өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, тарифтің салыстырмалы әдісімен бекітілетініне келісетіндерін білдірді. Ол жыл сайын қаралып, түзетіліп отыратындықтан алаңдатарлықтай жағдайға жол бермейді деп сенуге болады.