Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімінің өкімімен жастар мәселесі жөніндегі басқарманың бастығы болып Виктор Молодовский тағайындалды. Оны облыс активіне таныстырған өңір басшысы Серік Біләлов осы күнге дейін түрлі жауапты қызметтерді атқарып, өзін білікті маман ретінде танытқан Виктор Викторович алдағы уақытта да осы қырынан танылатындығына сенім білдірді. Виктор Молодовский өз кезегінде білдірілген сенімді ақтап, жемісті еңбек ететініне уәде бере отыра, жаңадан құрылған басқарманың жұмысына тоқталды. Қазіргі таңда облыстық жастар мәселесі жөніндегі басқарма мамандарының құрамы анықталыпты. 7 маман қызмет ететін басқармада екі бөлім бар, оның бірі – әкімшілік, екіншісі жастармен және жастар ұйымдарымен жұмыс істейді. Алдағы уақытта басқарманың аудандарда бөлімін ашу мәселесі қарастырылуда. Себебі, бұл мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде тиімді жүргізуге мүмкіндік бермек.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Виктор Викторович Молодовский жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың бастығы болып тағайындалды.
В.В.Молодовский М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін кеден ісі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Тайынша орталық аудандық ауруханасында ақпараттық технология маманы ретінде бастады.
2004-2005 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының жастар ұйымдары қауымдастығының балалар мен жастар клубтарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі әлеуметтік қызметтің үйлестірушісі болды.
2005-2007 жылдары “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалында кеңесші, “Жас Отан” жастар қанатының облыстық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
2007-2012 жылдары “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды.
2012 жылғы қыркүйектен бастап осы тағайындауға дейін Мамлют ауданындағы Ленин ауылдық округі әкімінің қызметін атқарды.