«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Самат ЖӘКЕНОВ: “АУЫРДЫҢ ҮСТІМЕН, ЖЕҢІЛДІҢ АСТЫМЕН ЖҮРУ ЖАСТАРҒА ЖАРАСПАЙДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы республикалық форумға үлкен дайындықпен келіп отыр. Біз оның атқарушы хатшысы Самат Жәкеновпен екі съезд аралығында атқарылған жұмыстар төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Самат, филиалдың облыстың қоғамдық-саяси өміріндегі орнын қалай сипаттар едіңіз?

– Осыдан 4 жыл бұрын жасотандықтардың бірінші съезі өткені белгілі. Оған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жас ұрпақ алдына іргелі міндеттер қойған болатын. Мемлекет басшысының өскелең ұрпаққа үлкен сенім арта сөйлеген сөзі бізді ерекше жігерлендіріп, форумнан қанаттанып оралғанбыз. Келе салысымен белсенді жастар активін жинап, алдағы ісжоспарымызды жан-жақты талқыладық. Съезд жастар саясатын үйлестіріп, дербес жүргізетін ұйымның Жарғысын қабылдап, мақсат-мүдделерімізді анықтап бергеннен кейін іске белсенділікпен кірісіп кеттік. Өз алдына жеке құрылым болғандықтан, жұртшылық арасында жиі болып, түрлі шаралар ұйымдастыра бастадық. Тәжірибе жинақтап, әбден ысылып алған соң өрісіміз кеңейіп, тынысымыз ашылды. Қатарымыз көбейіп, нығая түсті. Қазір филиал 16 мыңнан астам жастардың басын қосып отыр. Аудандарда 13 бөлімше жұмыс істейді.

– Жастар өмірімен біте қайнасып жатқан шаралар қалай атқарылады?

–Үкіметтік емес ұйымдармен, қозғалыстармен байланысымыз жақсы. Олармен тығыз қарым-қатынаста ынтымақтаса жұмыс істеу нәтижесіз емес. Кейбіріне тоқтала кетейін. Республикалық акциялар арасынан “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын бөле-жара айтуға болады. Елбасымыздың осы жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған игі істер барлық аудандарда кеңінен қанат жайды. Тек биылдың өзінде бір мыңға жуық жоғары білімді маман өз тағдырларын елді мекендермен байланыстырды. Сөз арасында жыл өткен сайын жас мамандарға жасалатын көмектің арта түскенін айта кеткен жөн. Мәселен, бұрын жеңілдікті несие 800 мың теңге көлемінде беріліп келсе, енді 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Оны 0,01 пайыздық үстемемен 15 жылға дейін алып, үй салып алуға да болады. “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” атты бастама да үлкен қолдау тапты. Оның мәресі Аққайың ауданында басталып, барлық жерде өріс алды. Жастардың белсене атсалысуымен сенбіліктер, тазалық айлықтары ұйымдастырылып, елді мекендер, саябақтар көгалдандырылды, абаттандырылды. “Таза жағалау” шарасына ондаған мың студенттер мен жастар қатысып, өзгелерге үлгі көрсетті. Мұндай ерікті бастамалар басқа салаларды да қамтыды. “Жасыл ел” акциясы аясында “Жастар альянсы” ұйымымен бірлесе отырып зағип жандар тұратын зәулім ғимаратты жинастырып бердік. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне ерікті жасақтарымыз үзбей барып, жәрдемдесіп тұрады.

– Өз бастамаларыңызбен қандай игі істерге ұйытқы болдыңыздар?

– Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында жастар мәселесін назардан еш тыс қалдырған емес. Олар үшін бүгінгі күні жұмыс пен пәтер жайы өте маңызды. Осыған орай “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының өңірде жүзеге асуына атсалысып жүрміз. Жас отбасылардың тізімі жасалып, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті бөлімшесімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Жастарды жұмысқа тарту, жұмыссыздық деңгейін түсіру – өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы ұстанымыз да нақты. Өмір бір орнында тұрмайды. Бүгінгі жас ертең ел азаматы ретінде мемлекеттік мәселелерді шешуге араласары анық. Осыған орай жастар арасынан басқарушылар тобын даярлауға жәрдемдесу, білімін, кәсіби шеберлігін, жоғары моральдық сипатын, бастамашылдық ерікжігерін шыңдау мақсатымен түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. “Кадрлық резервті даярлау” жобасы шеңберінде өткізілетін жастар мәслихаты пікірталастарының, “дөңгелек үстелдердің” берері мол. Мектептерде спорт алаңдарын құру бастамасы жемісті болды. Жасотандықтар Петропавл қаласындығы №12 орта мектептің жанынан хоккей кортын салып беріп, оқушыларға үлкен сый жасады. Онда жазда футбол ойнауға да болады. Оның құрылысына демеуші кәсіпкерлер тартылып, олар қаржылық қолдау көрсетті. Мұндай игі істі Ғабит Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл аудандары жалғастырып әкетті. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы 1200 мүшесі бар “Жас Отан” жастар қанаты да өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Әсіресе, дебат турнирі – жастарымыздың көп жиналатын орны. Жақында жасотандықтар Динара Максютова және Анара Бұқтыбаева “Нұр Отан” ХДП-ның ұйымдастыруымен Көкшетауда өткен республикалық дебат ойынына қатысып, жүлделі үшінші орынмен оралды.

– “Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы несімен ерекшеленеді?

– Стратегиялық бағдарлама жобасы жергілікті жерлерде басты әңгіме тақырыбына айналып, ұсыныстар көп түсті. Филиалдың жуырда болып өткен есеп беру-сайлау конференциясында да кеңінен талқыланып, салмақты ойлар айтылды. Енді бұл құжат съезд делегаттарының талқысына түсетін болады. Атынан көрініп тұрғандай, ұзақ жылдарды қамтитын маңызды құжат жастар қозғалыстарына ерекше екпін, кең тыныс беріп, жастар саясатын жаңа сапалық деңгейге көтерері анық. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға жастарды тікелей қатыстыру, Отанға деген сүйіспеншілікте тәрбиелеу, еркін ойлы азаматтық белсенділікті қалыптастыру секілді маңызды қырларын айтпасқа болмайды. Осы мәселеге қатысты Көкшетау өңіріндегі “Балдәурен” лагерінде өткен басқосу да мазмұндылығымен есте қалды.

– Екі съезд аралығында бірқатар шаруалардың басы қайырылған көрінеді. Форумда сөз беріле қалса, не айтар едіңіз?

– Жасыратыны жоқ, ауылдық жастардың ірі елді мекендерге, қалаларға кету үрдісі көбеймесе, азаймай отыр. Ондайлардан сұрай қалсаң, жұмыс жоқ деп жауап береді. Мұндай біржақты жауаптың астарынан ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрушілік көзқарасын аңғару қиын емес. Еңбек көрігін қыздырып, кәсіпкерлікті өрістеткен, мал, егін өсіріп жүрген замандастарынан үлгі алмайтыны қайран қалдырады. “Болмасаң да, ұқсап бақ”, – демей ме ұлы Абай бабамыз?! Қазір ауылдарда жұмыс істеймін деген жандарға жол ашық. Меніңше, Үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты ұтымды пайдаланып қалу керек. Оның кейбір нақты мысалдарын жоғарыда келтірдік. Керісінше, кей жастар теріс іс-әрекеттерге тез еліктеп, қоғам алдындағы жауапкершіліктен жалтарып жатады. Оған өзін емес, өзгелерді кінәлауға бейім. Айтар сылтаулары дайын. Облыс орталығында жұмыссыздар жәрмеңкесіне қатысқанда көзімнің бір жеткені, бәрі демеймін, кей жастардың әлі күнге дейін тоғышарлық, масылдық көңіл күйінен арылмағаны байқалады. “Алма, піс – ауызға түс” дегендей, өмірді көрмей, тәжірибе жинақтамай жатып, бірден жоғары ақылы жұмысты, жақсы қызметті көксейді. “Даяр асқа – тік қасық” болғылары келеді. Осындай замандастарымды көргенде Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласындағы: “Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз… Егер бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей, жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!” – деген сөздері ойыма оралады. Демек, елімізде жас қауымды пайдалы қоғамдық еңбекке тартуға барлық мүмкіндік жасалған деген сөз. Биік мінберден Қазақстан жастарын өзгелер өнеге алатын осындай жақсы тағылымдарға үндеген болар едім.

Қазіргі ұғым бойынша 14 пен 29 жас аралығындағыларды жастар қатарына жатқызамыз. Ұйым Жарғысында да осылай жазылған. Соңғы кездері жоғары шектеу жасы ұзартылса деген ұсыныстар жиі айтылып жүр. Бұл пікірлер негізсіз емес. 2-3 жаста не тұр деушілер табылар. Оның әлеуметтік мәні айрықша. Ордабұзар отыз жастағылар бұл санатқа кірмейді, олай болса, жастарға көрсетілетін мемлекеттік жеңілдіктерден қағылды дей бер. Бұрынғы кездегідей емес, қазіргі уақытта отбасын есейіп барып құрушылар қатары көбейіп барады. Осылайша уақыт ағымын ескеріп, жас мөлшері мәртебесін анықтап алған жөн болар еді. Бұл мәселе де форумға қатысушыларды бейжай қалдырмасы анық.

Түйіндей айтқанда, “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезінен күтеріміз көп. Ол алдағы жұмысымызға зор серпін берері анық.

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp