Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылы шағын елді мекендердің бірі саналады. Онда 58 отбасы түтін түтетіп отыр. Орталау мектебі, “Жәнібеков” фермерлік шаруашылығы бар. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан 100 жылдық тарихы бар ауылға сапар барысында арнайы ат басын бұрған едік…
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.
БОЛАШАҚ – БІЛІМДЕ
– Ауылымыз өткен жылы бір ғасырлық мерейтойын шетте жүрген азаматтарына сауын айтып, есте қаларлықтай атап өтті. Соған орай кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп арнайы шежіре мен естеліктер кітабын шығардық. Айтулы шараға осы елдің тумалары: білім саласының майталман қызметкері Қуандық Қайырленов, қарулы күштер полковнигі Халиолла Сауытбеков, ішкі істер полковнигі Ерсайын Әлжанов, профессор Темірғали Есембеков, ауған соғысының ардагерлері Қайрат Елубаев пен Сәкен Ысқақов сынды абзал азаматтар сүбелі үлес қосты. Ауылымыздың аты қандай әдемі болса, азаматтары да сондай ардақты, абзал жандар екендігін танытатындай алқалы жиын болды, – дейді Сулышоқ орталау мектебінің директоры Гүлмайра Бектембаева.
Шағын мектепте 35 оқушы білім-тәрбие алып жатыр. Оларға ұстаздық ететін 10 маманның 6-уы – жоғары, 2-еуі – 1-ші санатты мұғалімдер. Мектеп ғимаратының бір бөлігінде шағын орталық ашылғанына 3 жыл болыпты. Онда 8 бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді.
– Оқушылар саны аз. Кей сыныптарды қосып оқытамыз. Оқулықтан тапшылық жоқ. Қолдан келетін мүмкіндікті пайдалана еңбек етіп жатырмыз. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған балалар облыс орталығындағы Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта, Булаеводағы қазақ мектеп-интернатында оқуларын жалғастыруда. Кейбіреулері колледждерді қалайды. Әйтеуір, оқушыларымыздың заман ағымына орай оқуға деген ынтасы басым. Көштен қалып жатқаны жоқ. Соған қуанамыз. Мектебімізге биыл жаңа пеш орнатылды. Қалыпты температура болатындығына сенім мол, – дейді Гүлмайра Әнуарбекқызы.
Успенка ауылдық округіне қарайтын елді мекен Булаево тораптық су құбырының пайдасын көріп отыр. Ол 7 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан көрінеді. Үш көшенің тұрғындары 12 су колонкасын пайдаланады.
ЖАРАЙСЫҢ,
“ЖӘНІБЕКОВ”
Аядай ауылда ісін дөңгелетіп отырған агроқұрылым – “Жәнібеков” фермерлік шаруашылығы. Оған Қайрат Сапарғалиұлы жетекшілік етеді.
– Әкем Сапарғали Есләмұлы ұзақ жыл бөлімше басқарушысы болып еңбек етті. Қазір зейнет демалысында. Шешем Мәриям Сәдуақасқызы ауылда 45 жыл фельдшер болып, зейнеткерлікке шықты. Туған, өсіп-өнген жерлерін тастап кеткілері келмейді. Үш ұлдың үлкені болғандықтан, Петропавл ауыл шаруашылығы техникумын аяқтағаннан кейін 1996 жылы ауылға оралдым. “Колос” ұжымшарында еңбек жолымды бастадым. Ол тарағаннан кейін жеке кәсіпке көшіп, егін егумен айналысуды отбасымызға тиесілі 76 гектардан бастадым, – дейді Қайрат Жәнібеков.
Жігерлі жастың бет алысын байқаған ауылдастары өздеріне тиесілі жер телімдерін Қайратқа біртіндеп сеніп тапсыра бастаған көрінеді. Қазір ол 1756 гектар егістік алқапқа иелік етіп отыр. Соның 1300-іне “Омбы-31” бидайын, қалғанына арпа мен сұлы егіпті. Биылғы ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде 14 центнерден өнім алған.
– Агротехникалық шараларды қолымыздан келгенше пайдаланамыз. Техникаларды біртіндеп жаңартуға көштік. “ҚазАгро” лизингі арқылы “Есіл-740” комбайнын, “ПФ-145” шөп тайлағышын алдық. Шаруашылықта 4 механизатор, 3 жүргізуші, 1 аспаз еңбек етеді, – дейді ФШ басшысы.
Осыдан 3 жыл бұрын механикаландырылған қырманға “БЦС-40” астық тазалағышын орнатып, өткен жылы 1,5 мың тонна астық қоймасын іске қосқан.
Қазіргі саясатқа байланысты мал шаруашылығын дамытуды да қолға алып отыр. Қотанында 96 бас ірі қарасы, 35 жылқысы, 176 қойы бар.
– Біз де “Сыбаға” бағдарламасының шапағатын көріп отырмыз. “Солтүстік” ӘКК қолдауымен екінші деңгейдегі банк арқылы 13,3 млн. теңгенің жеңілдетілген кредитіне қол жеткізгенбіз. Соған 69 бас ірі қара алдық, оның 3-еуі – герефорд бұқасы. Сөйтіп, мал басын асылдандыруға бетбұрыс жасадық, – дейді Қайрат Сапарғалиұлы.
Өз құрылысшыларының күшімен 100 бас малға арналған қораның құрылысын таяуда аяқтапты. Сауын малдарға арналған сондай екінші қораның төбесін жабу ғана қалыпты. Құрылысқа қажетті ағаш материалдары Ресейдің көрші облыстарынан әкелінген екен.
Ірі қараның 69-ы – сауын сиыры, олардан сонша бұзау алыныпты. Фермерлік шаруашылықта 2 сауыншы, 2 малшы, 1 мал дәрігері және ферма меңгерушісі жұмыс істейді.
– Ала жаздай сауған сүтімізді келісімшарт бойынша Булаево қаласындағы “Пальчик” жеке кәсіпорнына бір литрін 47 теңгеден тапсырып келеміз. Ол баға көңілімізді көншітпейді және фермада еңбек ететіндердің жалақысы да осы сүттің пұл болуына байланысты. Сондықтан Петропавлдағы “Масло-Дел” ЖШС-мен шартқа отырып жатырмыз. Олар сүтті өздері келіп алып кетуді, фермамызға салқындатқыш қондырғы орнатуды өз мойындарына алмақ және сүтті 57 теңгеден қабылдамақ. Біз үшін бұл – тиімді баға, – дейді нарық заңына төселіп қалған Қайрат Жәнібеков.
Жаңа тайлағышпен мал қыстату науқанына 300 тоннадай орамашөп, қажетінше сабан әзірленіпті. Орамашөбі аз орын алатын бұл қондырғының пайдасын ауыл тұрғындары да көріп отыр. Жер телімдеріне тиесілі астық таяу күндері беріле бастамақ.
“Ауылдастар шөп пен сабаннан тарыншылық көрмейді. Мүмкіндігіне қарай мал ұстайтын кез ғой. Ол үшін барлық жағдай бар. Қолынан келмейтінге көмектесеміз”, – дейді фермерлік шаруашылық жетекшісі.
СУРЕТТЕРДЕ: шағын орталық тәрбиеленушілері; Қ. Жәнібеков ФШ мүшелерімен; жаңа мал қоралары.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.