«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМТЫЛҒАНДАР ҰТЫЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты биылғы Жолдауында он бағыт бойынша ауқымды міндеттер сараланып, жергілікті билік орындарына үлкен жауапкершілік жүктелгені белгілі. Олардың ішінде “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының әлеуметтік маңызы айрықша. Біз Есіл аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Данияр Қозыбаевты әңгімеге тартып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып беруін сұраған едік.

– Есіл ауданының жұмыспен қамту орталығы Елбасы тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, барлық күш-жігерді жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, түрлі өндіріс орындарын көбейтуге жұмылдырып отыр.

Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздар мен табысы аз адамдарды оқыту және еңбек нарығында олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бағыты шеңберінде биыл кәсіптік оқытуға 26 адам жіберілді. 16 адам үш ай оқыту мерзімімен қайта даярлаудан өтіп, 2 шаштараз, 2 референт-хатшы, 2 бағдарламашы, 2 есепші, 4 автомобиль құрылғыларын, 2 кузовтарды жөндеу шебері, 1 ветеринарлық фельдшер, 1 электрші мамандықтары бойынша оқуларын тамамдады. 5 адам бір айлық оқуға жіберіліп, аспаз, шаштараз, есепшілікке мамандандырылды. Сөйтіп, қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін шыңдаған 21 адамның 20-сы жұмысқа орналастырылды.

Кәсіптік даярлау курстарына тағы 5 адам жіберілді. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша оқуға жіберілгендердің сабаққа қатысулары, күнделікті жағдайлары үнемі қадағаланып отырады. Оқу орындарына апта сайын телефон шалынып, бағдарламаға қатысушылармен кездесулер ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан.

Биыл әлеуметтік жұмыс орындарымен 44 адамды қамтып, бұл мақсат үшін 8 миллион 562 мың теңге қарастырылған болатын. Нәтижесінде 51 келісім-шарт жасалып, 69 адам жұмыс тапты. Жастар тәжірибесінен өтуге 68 адамды жіберу көзделсе, нәтижесінде 88 келісімшарт жасалынып, 96 адам түрлі жұмыстарға жіберілді.

Елді мекен тұрғындарын барынша қоғамдық еңбекке тарту жайы басты назарға алынған. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бағыты шеңберінде былтыр 11 адам 14,5 миллион теңге несие алды. Таратып айтсақ, мал шаруашылығымен айналысуды ниет еткен 7 адамға 8,5 миллион теңге қаражат тиді. Техникалық қызмет стансасын кеңейтуге – 3 миллион теңге, бал арасы шаруашылығына –1 миллион теңге, қымыз өндірісіне 1 миллион теңге берілді.

Биыл несие алушылар қатарының өскені байқалады. Демек, Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдік өзін-өзі ақтап отыр. Соған орай 34 несие алушыға 51 миллион теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсету қарастырылған.

Еңбек ресурстарының жинақылығын арттыру бағыты бойынша экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендердің тізімі бекітілді. Олар – Тамамбай, Славянка, Гурьяновка, Жаңалық, Алқа, Орталық, Амангелді, Жекекөл, Сарман ауылдары. Аталған ауылдар тұрғындарын экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге қоныс аудару белгіленді. Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында пайдалануға берілген баспанаға Орталық ауылының отбасы қоныстанды. Заградовка ауылында салынған үйге Славянкадан 2 отбасы көшіп келді. Тамамбай ауылынан 1 отбасы Ильинкаға қоныс аударды.

Ауылдық елді мекендерді дамыту бағыты аясында да бірқатар шаралар атқарылды. Аудан орталығындағы Т.Позолотин атындағы №1 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, электр жүйесін қалпына келтіру барысында 20 адам жұмысқа тартылды.

Әңгімелескен Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp