«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ 3 ҚҰЛЫНДЫ БИЕ сатып алған бескөлдік Рамазановтар отбасы қымыз өндіру үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде етті қара мал шаруашылығын дамытуға ерекше маңыз беріліп, оған арналған арнайы ұзақмерзімдік бағдарламалар сәтті жұмыс істей бастады. Солардың ішінде Үкіметтің “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасы да бар. Негізінен жеке тұлғалардың және шағын фермерлік қожалықтардың өз істерін бастап, алдарына мал салуы үшін ойластырылған бұл шара бүгіндері көптің көңілінен шығып та үлгерді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазір осы “Сыбағаның” ырыздығын көріп, қорасы малға толған жаңа заманның “байшыкештерін” кез келген елді мекеннен кездестіруге болады. Бар болғаны жылдық жеті пайыздық өсіммен ғана берілетін және де алған несиесіне өтем жасаудың алғашқы жылында кейінге қалдырылған жеңілдігі болғандықтан, ол алушыларға оншалықты ауыртпалық түсірмейді. Сондай-ақ оған сатып алған мал төл және өнім беретіндіктен, қайтарымы көп күттірмейді. Яғни, алған несиесіне өтем жасап үлгерместен, бір мал басы екеу болады деген сөз.

Бағдарламаның осындай пайдалы тұстарын сезінген шағын мал шаруашылығын ұстаушылар оған ерекше ықылас танытуда. “Сыбағаның” мал шаруашылығын дамытуға арналған басқа бағдарламалардан ерекше бір айырмашылығы – асылтұқымды қымбат шетелдік мал іздеудің қажеті жоқ. Үш жасқа дейінгі жергілікті ірі қараны сатып алуға болады. Бағдарламаның басты талаптары – жоғарыда айтылғандай, сатып алынатын ұрғашы мал үш жастан аспауы тиіс, ал оның тұқымын жақсарту үшін міндетті түрде асылтұқымды бұқа алу қажет. Табынның генетикалық қоры бұзылмауы үшін бұқаларды екі жылда бір ауыстырып отыру талап етіледі. Ол қымбатқа түсетін шара болғандықтан, фермерлер бір-бірімен бұқа алмастырып отыру әдісін тапқан.

Осы “Сыбаға” бағдарламасын тек қара мал ұстаушылардың ғана пайдаланып келе жатқанын білеміз. Биыл Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында бір отбасының бие басын көбейтіп, қымыз өндіруді жолға қою үшін осы бағдарламаның қаржысына қол жеткізгенін, жаз бойы байланған үш биеден күрпілдетіп сүт сауып, қымыз өндіріп, оны отбасының табыс көзіне айналдырғанын естідік. Жуырда сол отбасы мүшелерімен жүздесудің сәті түсті.

– Қара мал алу үшін тетігі әбден ойластырылған бұл бағдарламаның жылқы малын көбейткісі келетіндерге оңайлықпен қолға тие қоймайтынын өз басымыздан өткердік. Осы жылдың қаңтар айында толтырылған құжаттарымыз өте ұзақ қаралып, сұраған несиеміз – 1 миллион теңгеге мамыр айында ғана қолымыз жетті.

 

Сөйтіп, Елбасының елдің қамын ойлаған бағдарламасының және облыс әкімі Серік Біләлов пен аудан әкімі Виктор Рединнің тікелей қолдау көрсетуінің арқасында отбасылық жоспарымызды жүзеге асырудың сәті түсті. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-дан алған несие қаржысына бірден үш құлынды бие сатып алып, мамыр айынан бастап, қазан айына дейін бие сауып, қымыз дайындаумен айналыстық, – дейді отбасылық кәсіп иесі Қайрат Рамазанов.

Ол әзірге “Сыбаға” бағдарламасына қатысушы жеке тұлға болып саналады. Өйткені, небары үш биемен жеке кәсіпкер болуға тәуекел ете алмай отыр. Ал шындығын айтсақ, оның көңілінде ондай ниет те жоқ емес. Мал басын шашау шығармай, жылдағы құлындары есебінен толықтырып отырар болса, төрт-бес жылдың айналасында үйірге жақын мал жинары анық. Осы алған несиесін сәтімен өтер болса, “Сыбағадан” тағы да қаржы алуына болады. Бір сөзбен айтқанда, ендігі істің жайы оның өзіне байланысты.

Төртбес ай қымыз сатқан уақыттың ішінде оның өте пайдалы кәсіп екенін ұқты. Енді ше, сауылған үш биенің әрқайсысынан кемінде 5-6 литрден сүт алған олар күніне 16-17 литр қымыз сатып, 6-7 мың теңгеден кіріс кіргізіп отырды. Бұрын маусымдық тиіпқашпа жұмыстарда ғана болған бұлардың отбасы үшін ол аз қаржы емес. Қымызын өзгелердей тым қымбаттатпай, литрін 400 теңгеден сатқандықтан болар, өнім өткізуде аса қиыншылық болған жоқ. Көбінесе тапсырыс беру сұраныстарын өтеуге тырысты, той-томалақтар мен мерекелік шараларға тұтынушылардың өздері келіп алып кетеді.

Рамазановтардың қымызының бірден мұндай сұранысқа ие болуының сыры оның дәмділігінде болса керек. Таңдайдан дәмі кетпейтін бал қымыз жасау үшін ынта мен ықылас аз, нелер ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан дайындау әдісінің қыр-сырына қанықтық керек. Қайрат зайыбы Ақлиманың қысқа мерзімде соның бәріне тез үйреніп алғанына өзі де таңғалады. Бірінші рет күбі ыстап, піспек піскен зайыбының несие қаржысын алғанша уақытты босқа өткізбегенін енді ұғып отыр. Бескөл ауылында бие байлайтын апайларын тегін жағаламаған екен. Көненің көзіндей көкірегінде түйгендері көп, олардың айтқандарын зердесіне құя білген. Енді оның қайың шоғырмағында ысталған күбісінің қымызы тіл үйірмей қайтсін?!

Қайрат жылқы ұстаудың жеңілге түспейтінін жақсы біледі. Қара малдай емес, оған күндіз-түні жайылым керек. Қолдағы аздаған жылқысын бағуға ыңғайлы болғандықтан және ептеген табысы үшін ауыл жылқышыларымен бірге жұмыс істейді. Мұның тағы бір пайдасы – үйірдің айғыры бар, “Сыбағаның” қара мал ұстағанда қойылатын талабындай емес, үш биеге бола айғыр ұстаудың қажеті жоқ. Ал болашақта жылқы басы көбейіп жатса әрине, оны тиісінше шешпей де болмайды. Мал иесі бүгінде басында асығыстау алынған егде биелерді жасырақ малға ауыстыруды ойластыруда. Жалпы табынды жаңарту жұмысын бірден бастамайынша болмайды. Оның сәтін осы қыс айларында түсіріп, жаңа сауын маусымына бірінші рет құлындайтын байталдарды қоспақшы. Оған тағы жылқы басын көбейтуге әлі орайласа қоймаған қаржы жағдайы жібермей тұр. Десе де, осы қолдағы бардан ырыздық күтетін кәсіп иесі қалай болғанда да, алдағы жылда үш биеден кем байламасы анық. Сөйтіп, табысқа табыс қосылса, табын басының да өсе түсері сөзсіз. Өмірде алынбайтын қамал жоқ деп білетін қайсар мінезді Қайраттың алдына қойған мақсаттан айнымайтыны еңсеріліп жатқан істерінен аңғарылады.

СУРЕТТЕ: Қайрат Рамазанов “Сыбаға” бағдарламасы бойынша алынған биесінің қасында.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp