Петропавл қаласындағы №2 мектепте өңіріміздегі математика, информатика және биология пәндерінің жас мұғалімдеріне арналған “Жас мұғалім мектебі” облыстық семинары өтті. Ол жас педагог мамандардың кәсіби бейімделуі мен дамуына, білім беруді жаңғырту жағдайында өз-өзінің шығармашылық мүмкіншіліктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуге бағытталды.
Лилия ТЮТИНА,
әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар
орталығының әдіскері.
Жұмысқа жаңа орналасқан жас мұғалімдер теориялық жағынан дайындықтары жақсы болғанымен, білімдерін педагогикалық тұрғыда пайдалана алмай жатады. Жұмыстың алғашқы күнінен бастап-ақ жас маманға тәжірибелі мұғалімнің міндеті жүктеледі. Оқушылар мен ата-аналар оның тәжірибесіздігін ескермейді. Осылайша мұғалімдікті жаңа бастаған маманның теориялық дайындығы мен педагогикалық қызметтегі тәжірибесінің жеткіліксіздігі арасында қарама-қайшылық туындап, ол бірқатар қиындықтарға тап болады. Атап айтсақ, 45 минут сабақ уақытын тиімді пайдалана алмауы, сабақ кезеңдерінің бірізділігін ойша құра білмеуі, өтетін тақырыпты аша алмауы сияқты қиындықтарға кездеседі. Сондықтан, бірінші кезеңде жас мұғалімнің қалыптасуы үшін нақты көмек қажет.
“Жас мұғалім мектебі” жас мамандардың біліктіліктерін арттырудың құрамдас бөлігі болып табылады. Ол ұстаздық жолды жаңа бастағандардың бойында жоғары кәсібилік деңгейді қалыптастыруды, білімдерін әр уақытта дамыту мен білгенін басқаға үйрете білуді көздейді.
Семинарды ұйымдастыру мен өткізуде әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Гүлнар Арықпаева, әдіскерлер Наталья Фролова, Айгүл Хамзина, №2 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Любовь Мурина және Петропавл қаласының шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдері Ирина Орлова, Майра Сәрсенова, Данияр Уәлиев, Ирина Чекменева, Бейнегүл Қоспановалар атсалысты.
Жұмыс барысында оқу пәндері бойынша мектеп құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу жөнінде әдістемелік көмек, сабақ құрылымының әдістемесі, оқушының дарынын дамытуда зияткерлік марафондар мен пәндік олимпиадалардың рөлі, сөзді есептерді шешудің стандарттық емес тәсілдері деген сияқты мәселелер қозғалды.