«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМЕРИКАНЫҢ АНГУС СИЫРЛАРЫН ӘКЕЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шолпан САЛЫҚОВА,

журналист.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Возвышен” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамынан сомасы 2 миллион доллар көлемінде несие алып, Американың Канзас штатынан 408 бас “Қара ангус” тұқымды етті сиырлар сатып әкелді. Шаруашылыққа оның әрбіреуі 735 мың теңгеге түсті. Орташа салмағы 7-ден 10 центнерге дейін тартатын америкалық сиырлар жерсініп және тұқым жайып кетер болса, өзіне жұмсалған қаржыны еселеп ақтайтын көрінеді. Енді мұхит асып келген бұл жануарларды жергілікті жағдайға көндігіп кеткенінше кездейсоқ жұқпалы аурулардан қорғап, бұрыннан үйреніскен жұғымды жемазықтарының баламасымен азықтандыруға мән беріледі. Серіктестік басшыларының оған малды әкелмес бұрын тыңғылықты әзірлік жасағаны да іске септігін тигізді.

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша бізді қаржылай қолдау жұмысы басталысымен жаңа сиыр қораларын салуды бірден қолға алдық. Соның нәтижесінде ангус сиырлары келгенше үш қора және жемазық сақтайтын орын дайын болды. Әкелінген асылтұқымды мал табынын азықтандырудың америкалық технологиясына сәйкестендірілген бір жылға жетерлік жемазық қоры жасалды, – дейді серіктестік директоры Әбдірахым Нұқаев.

Ауданда бірінші болып ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасының ірі жобасын жүзеге асырып отырған серіктестіктің жаңа мал фермасында болған аудан әкімі Марат Тасмағанбетов ондағы өндірістің бастапқы аяқ алысына ризашылығын білдірді. Шағын Стерлитамақ ауылында ондаған жұмыс орнының ашылғаны тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарта түсері сөзсіз. Осындай ел тұрғындарының көңілінен шығар жағымды істі ауылдағы өмір сапасын жақсартуды көздеген мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі деп ұққан жөн.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp