«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ “АСТАНА”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Новоишим ауылы – көпқабатты үйлерді экономикалық тоқырау кезінде “мұртын қисайтпай” сақтап қалып, ел игілігіне айналдырып отырған, бір жақ шетінен кіргеннен-ақ өзіндік бет-бейнесімен ерекшеленетін, кейінгі жылдары сәулетті де сәнді әлеуметтік-экономикалық нысандармен айшықтана түскен бірегей елді мекен. Оны елді мекендерді көркейту және санитарлық тазалық үшайлығы жөніндегі облыстық байқаулардың қорытындысы бойынша соңғы екі жыл қатарынан бірінші орынды еншілеп келе жатқандығынан да байқауға болады.

Аудандық статистика деректеріне сүйенетін болсақ, күні бүгінге дейін 11045 түп ағаш түрлері, 6510 түп бұта отырғызылып, 4120 шаршы метр аумаққа гүлзар жасалды. Новоишим ауылының жүргіншілері көп жүретін көшелердің қиылысына жаңа бағдаршам орнатылып, жол белгілері таңбасы сызылды. Степная және Локомотив көшелеріне асфальт төселді. Аудандық әкімдіктің алдындағы қылқан жапырақты ағаштарымен ерекшеленетін алаң тас мүсіндермен, субұрқақпен, гүлзарлармен көркейе түсті, күрделі жөндеуден өткізілген Мәдениет үйі, өткен жылы пайдалануға берілген стадион жергілікті тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Енді осынау игілікке биыл көрермендер көзайымына айналған тағы бір нысан қосылды. Ол – елорданың көз тартарлық орындарын паш ететін “Астана” саябағы.

Аудан әкімі Марат Тасмағанбетовтың бастамасымен және оның тікелей араласуы арқасында жасалған саябақ Астана күні қарсаңында салтанатты жағдайда ашылды. Аталмыш нысан 1 гектардай аумақты алып жатыр.

Енді кез келген оқушы Астананың көз тартарлық орны және символы – “Бәйтерек” монументін, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақ Орданы, “Хан Шатыр” ірі ойын-сауық-сауда орталығын, “Нұр Астана” орталық мешітін, Бейбітшілік пен келісім, Салтанат сарайларын, “Қазақстан” концерт залын, темір жол вокзалын, “Солтүстік шұғыласы” тұрғын үй кешенін, Көлік және коммуникация министрлігін, тағы басқаларды кіші көлемде қызықтай алады.

“Астана” саябағын салу Новоишимде үстіміздегі жылғы сәуір айында басталды. Оған жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге қаржы бөлінді. Ауқымды да шығармашылық жұмыс қысқа мерзімде іске асырылды. Нәтижесінде өңірде теңдесі жоқ демалыс орны дүниеге келді. Қостанайлық суретші-дизайнер Лариса Конобееваның жобасы бойынша елорданың көз тартатын және жұрт қызықтайтын 13 орнының шағын пішіні жасалды, 70 түп шырша егілді, жүргінші жолдарына ұлттық нақышта өрнектастар төселіп, гүлзарлар, 20 субұрқақ, тіпті, жасанды су айдындары жасалды, жергілікті тұрғындар демалатын орындықтар қойылды. Түнгі түрлі түсті жарық оны ерекше көріктендіреді. Бәйтеректің сол жағындағы су айдынын ләйлектердің, қызғылт қоқиқаздардың, көкқұтандар мен жабайы үйректердің пішіндері “жандандыра” түскен.

– Бұл айдын ерекше қуатымен жұртты өзіне тартады. Өрнекті қанаттармен айдынға жасалған имек көпір көз тартарлық. Оның жағалаулары арнайы матадан жасалған гүлдермен, кесек тастармен көмкерілген. Сөйтіп, айдын күнделікті күйбең тірліктен көңіл аударарлық тірі табиғаттың бір бөлшегіне айналған, – дейді осынау қызықты жиі тамашалайтын ауыл тұрғындары.

Бұл саябақты “Солнышко” сауықтыру лагерінде демалып жатқан 28 бала алғашқылардың бірі болып қызықтады.

– Шеберлердің қолымен жасалған көрікті табиғат – біз үшін сирек кездесетін құбылыс. Бақ жасау онша қиын бола қоймас, ал оған “жан бітіру” ше? Аудан басшыларын осы мәселе баса толғандыратын сияқты. Гүлзарларға жиі су құйылады, өйткені көгалға шөп өсіру – оңай шаруа емес. Ол ауқымды да ұзақ жұмысты қажет етеді. Шөп пен гүлдерден ұлттық өрнек жасалып, көркем композицияға айналған. Ол жоспар бойынша гүл атып, мүсіреповтіктердің өміріне ерекше нәр бермек, – дейді Привольный орта мектебінің оқушысы Айгүл Бейсембаева.

Аудан орталығының тарихи орындарына жасалған саяхат Володар орта мектебінің оқушысы Эдик Метринскийге де ерекше әсер еткендей.

  • Аудан орталығында жиі боламын, “Астана” саябағының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімім мол. Ол өте әдемі де көрікті, – дейді ол.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp