«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚ БҰЛАҚ” БАҒДАРЛАМАСЫНА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ биыл толығымен игеріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңір басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті отырысында су шаруашылығы нысандарын салу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, әлеуметтік маңызы бар ауданішілік автобус бағыттарын жәрдем-қаржыландыру, аудандар мен Петропавл қаласын өртке қарсы құрал-саймандармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

 

Құрылыс басқармасының бастығы Игорь Киселев биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстың 705 елді мекенінің 344-і – орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенін, 336-сы – жерасты, 2-еуі – тазартылмаған жерүсті, 18-і тасымал суын пайдаланатындығын баяндады. Биыл елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге 6,6 млрд. теңге қарастырылған, оның 6,4 млрд. теңгесі – республикалық,151 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Соған орай Булаев және Соколов топтық су құбырлары, Петропавл гидрожелісі мен Сергеев су қоймасының тіреу құрылғылары қайта жаңартылуда, топтық су құбырларын қалпына келтіруге және ауылдарға су тарату желілерін тартуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу аяқталды. Сөйтіп “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша 2012 жылға бөлінген бюджет қаржысы жыл соңына дейін 100 пайызға игерілмек.

Облыс әкімі Серік Біләлов Қызылжар ауданындағы Боголюбово, Белое, Кондратовка, Аққайың ауданындағы Шағалалы сияқты елді мекендерге кесте бойынша су беру неге кешіктіріліп жатқанын аудан әкімдерінен сұрап, оларды аяқтау мерзімін белгіледі.

Отырыста өңір басшысы Игорь Киселевтан алдағы жылы атқарылатын жұмыстар жайлы сұрап, сырттан тасымалданатын суды пайдаланып отырған елді мекендерге ерекше назар аудару қажеттігін атап айтты.

Облыс әкімі аппараты жалпы бөлімінің бастығы Болат Базарбаев жергілікті атқарушы органдардың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыстарына сараптама жасап, жиі кездесетін кемшіліктерге назар аударды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Мұхамадиев әлеуметтік маңызы бар ауданішілік автобус бағыттарын жәрдемқаржыландыру туралы хабарлама жасады. Оның айтуына қарағанда, 13 ауданның 5-еуі ішкі бағыттарды жәрдемқаржыландыру үшін қаражат бөлген. Жамбыл, Тимирязев аудандарында елді мекендердің 51-52 пайызы ғана автобус бағыттарымен қамтылған. Аудан әкімдері оны облысаралық транзиттік бағыттардың бар екендігімен түсіндірді.

Алдағы жылы ауданішілік автобус бағыттарын жәрдемқаржыландыруға 11 млн. теңге қаражат қажет.

Серік Біләлов аталмыш қаржыны нақтылай түсу қажет екендігін атап айтып, алыс елді мекендерге баратын автобустарға жылы тұрақ пен жүргізушілерге жатын орын әзірлеуді аудан әкімдеріне тапсырды.

Аудандар мен Петропавл қаласын өртке қарсы құралсаймандармен қамтамасыз ету жайлы облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың бастығы Нұрлан Бүркіталин баян етті. Қаралып отырған мәселеге орай төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әсет Смағұлов, облыстық білім басқармасының бастығы Орал Қаппасов өз ойларын ортаға салды. Облыс бойынша әлі өрт дабылы орнатылмаған 56 білім беру нысаны бар. Оған 20 млн. теңгедей қаражат қажет. Биыл электронды оқулықтарды пайдалану басталды. Ол алдағы жылы аясын кеңейте түседі. Соған орай электр қуаты берілетін сымдарға түсетін күш те артады. Облыс әкімі осы жағына баса назар аудару керектігін, әлеуметтік нысандарға өрт дабылын орнатуды алдағы жылы аяқтау қажеттігін тағы да ескертті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp