Тәтті ЗДУАЛИЕВА,
Ақжар ауданының “Жасөспірімдер үйінің” директоры.
“Жасөспірімдер үйі”. Тағдырдың ащы сынағына ерте тап болғандар өздерінің үміт мекеніне айналған бұл мекемеде 23-25 жасқа дейін болады. Бұлардың бәрі де тұл жетім емес, көпшілігінің әке-шешелері бар. Алайда, олар – өз баласын қараусыз қалдырып, саналы түрде азап отына салушылар.
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардағы тұрмыстың қиындығы осындай жауапкершілігі төмен әке-шешенің, “көкек” ананың көбеюіне әкеліп соқтырып, елімізде жетім балаларға қамқорлық жасаудың бірегей формасы ретінде “Жасөспірімдер үйлерін” құруға себеп болған еді. 16 жасында өмірге мүлдем дайындықсыз және қандай да бір қолдаусыз шығатын балалар үйлерінің түлектері “Жасөспірімдер үйіне” ауысады. Онда тәлімгер-педагогтер оқу мәселесіне, жұмысқа орналасуға, әр түрлі құжаттарды, соның ішінде үйге қатысты құжаттарды ресімдеуге көмектеседі. Бұл – жасөспірімдерге жеке өмірін жағымды жағдайда бастауға берілетін мүмкіндік. Осындай “Жасөспірімдер үйі” 2005 жылы Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылында да ашылған болатын. Мекемеде алғаш келген күнінен бастап тәрбиеленушілердің білім мен тәрбиенің мөлдір бұлағынан сусындап, бақытты өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Олар заман талабына сай ерекше талғаммен жабдықталған әсем бөлмелерде тұрады.
Міне, ашылған күнінен бері зымырап өте шыққан 7 жылдың ішінде киелі шаңырақтан ондаған бала қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың 70%-ы Талшық ауылына бауыр басып, тұрақтап қалды. Атап айтқанда, бұрынғы тәрбиеленушілеріміз Павел Рябков, Федор Изварин, Жанна Елубаева тұрмыс құрып, бала сүйіп отырған жайлары бар.
Бүгінде осы мекемеде 16 ұл мен қыз тәрбиеленуде. Аудан басшыларының көмегінің арқасында Дархан Бекішев, Айман Тайжанова, Сергей Фабер, Сергей Громов, Руслан Иманов, Гүлмира Алдашева, Лина Осипова және т.б. тәрбиеленушілеріміз қол қусырып отырмай, аудан орталығындағы мекемелерде қызмет атқарып жүр.
Балаларды әлеуметтік өмірге бейімдеп, білімін жетілдіру, өздеріне сенімділіктерін арттырып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға дағдыландырып, жауапкершілікке тәрбиелеудегі іс өз нәтижесін беруде. Тәрбиеленушілеріміз аялы алақаны, ыстық жүрегі, мейірім-шапағатын аямаған мекеме қызметкерлері ғана емес, жас ұрпақ болашағын ойлап, әр уақытта қамқорлық жасап отырған аудан әкімі Ағзам Тастеміров бастаған бір топ азаматтардың шарапатын жиі көруде. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, бұрынғы тәрбиеленушілеріміз Павел мен Света Рябковтар былтырғы жылы аудан басшысының қолынан пәтер кілтін алып, қоныстойын тойлаған болатын.
Сондай-ақ жуырда мейірімділік пен қайырымдылық қанат жаятын Құрбан айт мейрамында Үлкен Қараой мешітінің бас имамы Азамат Тұрлыбеков, аудандық соттың төрағасы Нартай Әріпхан, Талшық ауылдық округінің әкімі Бөгенбай Жұрынтаев және Қалижан Бекболатов, Болатбек Нұрпейісов, Серік Мәжитов, Сабыржан Мұқанов сынды ел азаматтары мекемемізге қонаққа келіп, тәрбиеленушілеріміздің хал-жағдайларымен танысып, сый-сияпаттарын табыстады. Ал Азамат Тұрлыбеков Құрбан айттың қасиеті жайында уағыз айтып, сабырлық пен шүкірлікке шақырды.
Осындай үлкен жүректі азаматтар бірнеше жыл қатарынан жасөспірімдерге демеушілік көмек көрсетіп келеді. Олар мейірімді жандардың жанашырлығына сүйсініп, өздерінің қоғамға қажет екендіктерін түсініп, қайырымды, кішіпейіл болуға ұмтылары сөзсіз.