«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Виктор МОЛОДОВСКИЙ: “ҚОЛЫМЫЗДЫ МЕЗГІЛІНЕН КЕШ СЕРМЕП ҚАЛМАЙЫҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі жанынан жастар ісі жөніндегі комитет, ал өңірлерде тиісті басқармалар құрылды. Бұл шара 2012 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХIХ сессиясында Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылып отыр. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма біздің облыста да өз жұмысын бастады. Біз жаңа атқарушы орган басшысы болып тағайындалған Виктор Молодовскиймен сұхбаттасқан едік.

– Виктор Викторович, жастардың көпшілігі қазір саясатқа бет бұра бастады. Осының сыры неде? Жас азамат ретінде өзіңіздің бүгінгі қатарластарыңыз туралы пікіріңіз қандай?

– Жаңа басқарманың құрылғанына бір айдай ғана уақыт өткенімен, алдағы уақытта өңірдегі жастар ұйымдарымен бірлесе атқарар іс-шара жоспарларын белгілеп жатырмыз. Әзірше басқармада 7 маман бар. Жастар проблемасымен бұған дейін де күнделікті айналысып жүргендіктен және негізгі жұмысым да осы жастар ортасымен тығыз байланысты болғандықтан, жастар мәселесін жақсы білемін деп айта аламын. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел тұрғындарының жағдайы түзеле түсті. Ел жағдайы жақсара бастаған соң жастардың да өз тағдырына деген жауапкершілігі оянып, болашаққа деген көзқарасы қалыптаса бастады. Бүгінде жастардың мемлекет өміріндегі кез келген мәселелерге батыл да белсенді түрде араласуына мүмкіндік беріліп отыр. Тек сол мүмкіндікті мейлінше дұрыс пайдалана алса болғаны. Бүгінде “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері санатындағы бірнеше қалалық мәслихат депутаты жұмыс істейді. Жалпы алғанда, республика бойынша ондаған жас мәслихат депутаты бар. Әрине, жалпы пайызға шаққанда бұл көлдегі тамшыдай ғана болып көрінуі мүмкін. Десек те, жастардың саяси белсенділігінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл, ең алдымен, жастардың белсенді тобының өз мемлекетін нығайтсам деген ниетін байқатады.

– Облысымызда көптеген жастар ұйымдары бар. Олар жастар проблемасына қаншалықты араласа алып отыр?

– Бүгінде біздің облысымызда 148 мыңдай жас болса, өңірде бар-жоғы 57 жастар ұйымы тіркелген. Дей тұрғанмен, сол ұйымдар нақтылы айқындалған бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр. Болашақта жастарды мазалап отырған мәселелер өз шешімін табады деген ойдамыз. Жастардың тұлға ретінде жетіліп, олардың азаматтық, патриоттық ұстаным туралы жалпы көзқарасын қалыптастыратын аталмыш жастар ұйымдарының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде рөлі орасан зор. Өйткені, қай кезді, қай мемлекетті, тіпті қай отбасын алсақ та, енді ғана өмірге араласып келе жатқан жастар тек ата-анасының тәрбиесін ғана емес, әлеуметтік тәрбиені де көріп, шыңдалуы керек. Ал ондай шыңдалу біріншіден, жастар ұйымдары арқылы ғана жүзеге асады. Тағы бір айта кетерлік жайт: жастар ұйымдарының көпшілігі облыс орталығында шоғырланған. Ендігі міндет – аудандардағы, ауылдардағы осындай ұйымдардың қатарын өсіру, оларға бағыт-бағдар беру.

– Сіз басқаратын басқарма облысымыздың жас азаматтарының белсенділігін қалай аттырмақшы?

– Соңғы кездері жастар арасында көптеген сауалнамалар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жастарды толғандырып жүрген мәселелер мен олардың талаптарын анықтау мүмкіндігі туды. Мәселен, ең бірінші кезекте жастар арасында алаңдатушылық тудырып отырған мәселе – ол жұмыссыздық. Өскелең ұрпақ өкілдеріне бір мамандықтың иесі болуы өте маңызды. Өйткені, нарық экономикасы басталған тұста жоғары білім алмай қалған немесе өздері оқуға жеткілікті мән бермеген кейбір жастар қазір бірі базарда, бірі көлік сатып алып, кісі тасып, күн көріп жүр. Жастар масылдыққа бой алдыратын болса, мемлекеттің де болашағы бұлыңғыр болатыны белгілі. Елбасы жастардың кәсіптік-техникалық білім алуына өте үлкен мән беріп отыр. Біздің мемлекетте жастардың жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалған. Дегенмен, елімізде орта деңгейлі кәсіп иелері жетіспейді. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом ұстаған әрбір жас түлек жұмысқа орналасу жайын ойлаумен болады. Әсіресе, қызмет іздеп келген жас маманға тәжірибесі жоқтығын сылтау етіп, жұмысқа қабылдаудан бас тартатындар жетіп артылады. Оқудан бос уақытында студенттер мен оқушыларды жұмыспен қамту, яғни оларға қосымша қаражат табуға мүмкіндік беру мақсатында биылғы жылдың 18 сәуірінде Петропавлда облыс әкімі Серік Біләловтің бастамасымен студенттік еңбек биржасы құрылды. Студенттердің оқудан бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған биржаға арнайы жеке ғимарат бөлініп, компьютерлермен, ғаламтор желісімен және телефонмен жабдықталды. Бұл биржаның жұмыс істеп келе жатқанына да 7 айға жақындап қалды.

Қоғамдағы басқа топтарға қарағанда стипендиясы болмаса, қалтасы әрқашан бос жүретін, қалаған нәрсесін ала алмай жататын студент жастарға өздігінен жұмыс табу оңайға соқпайды. Кейде жұмыс тапқанымен, қызмет уақыттары оқу уақытымен сәйкес келмей жатады. Сөйтіп, табыс көзін тастауға мәжбүр болады. Сондықтан жастарды оқудан бос уақыттарында қол қусырып отырмауы үшін қолға алынған жоба қай жақтан қарасаңыз да, тиімді. Студенттердің оқуына кедергі келтірмейді, жұмыс іздеп, әлекке түспейді, қалауынша жұмысқа орналаса алады. Жұмыс берушілер, жоғары және орта арнайы оқу орындарының басшылығымен, жастар ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізді. Бұл бастама – жастарымызды толғандырып жүрген мәселені шешудің бір амалы. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бұл мәселеге назар аударылып, басқа да әртүрлі жобалар жасалынып жатқандығын да айта кеткен жөн. Мәселен, республикалық “Жастар тәжірибесі” жобасы жоғары оқу орындарын, колледждер мен өзге де орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жас түлектерге мемлекеттік көмектің қосымша түрі болып табылады. Жас мамандар үшін бұл, ең алдымен, басқа да тәжірибелі мамандармен бәсекеге түсу үшін тәжірибе жинақтау мен жұмыс істеудің бастамасы болмақ. Аталмыш жобамен облыс бойынша биыл 743 жас маман қамтылды.

Мемлекет басшысының “Жас Отан” жастар қанатының I съезінде мемлекеттік басқару, бизнес жүйесі және қоғамдық қызмет саласы үшін жастар кадрлық резервін қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес “Жастар кадрлық резерві” жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – 29 жасқа дейінгі қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар арасынан басқарушы кадрларды анықтау, іріктеу, даярлау және тәрбиелеу, әлеуметтік маңызды қызметке тарту жолдары арқылы Қазақстанның жастары арасынан кадрлық резерв қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты “Дипломмен – ауылға!” жобасын әзірлеп, 2009 жылдың шілдесінен бастап жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама бойынша биылғы жылы 448 жас маман ауылға барып, қызметке тұрды.

Бұл орайда мемлекет тарапынан ұйымдастырылған “Жасыл ел” бағдарламасы студент жастарды жазғы демалыс уақыттарында елімізді көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына, сонымен қатар студенттік құрылыс жасақтарына тартып, жастар арасында қарым-қатынасты нығайтып, еңбексүйгіштік, өз ісіне жауапкершілікпен қарау қабілеттерін арттыруды мақсат етіп, мәселенің алдын алуға тырысуда. Аталмыш бағдарлама бойынша жаз уақытында 170 адам жұмыспен қамтылды. Ол біздің облыс үшін тым аз. Өйткені, 170 адамның шамасы тек қана орталық демалыс саябағын күл-қоқыстан жинап, тазалаудан да артылмайды. Келесі жылы бұл көрсеткішті жоғарылатып, жаз уақытында жастарды көбірек еңбекпен қамтуды көздеп отырмыз.

– Жуырда Өскемен қаласында өткен Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХІІ отырысына қатысып келген екенсіз…

– Елімізде жастар мәселесі әрдайым Елбасымыздың назарында әрі Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Үкімет жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес бұл қызметтерді атқаруда. Мысалы, қазан айының 18-19 күндері Өскеменде Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХІІ отырысы болып, екі күнге созылған шарада жастар саясаты мен спорт тақырыбы, жастарды кәсіпкерлікке баулу және дәстүрлі емес секталардың ықпалынан сақтандыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Бұл кездесуге қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалимова өз сөзінде жастарға білім мен тәрбие беру, оларды жұмыспен қамту, жастар тарапынан кең қолдауға ие болып отырған саламатты өмір салтының қағидаларын насихаттау саласындағы жобаларды жүзеге асыру қажеттігін атап айтты. Енді аз уақытта жастар саясаты туралы жаңа заң іске асырылады.

– Елімізде Елбасыны сайлау, кезектен тыс Парламент Мәжілісіне сайлау сынды айтулы оқиғалар өткен кезде жастардың саяси белсенділігі қандай болды?

– Расында, жастар белсенділігі әр жерде әртүрлі. Байқағанымыз: қаладағы жастардың ұмтылыстары мен талпыныстары қуантқанымен, ауылды жердегі жастардың белсенділігі ақсап тұр. Алдағы уақытта бұл мәселені жіті назарымызға алып, шешімін табудың жолын іздейтін боламыз. Дегенмен, өз ұстанымы мен жеке көзқарасы нық қалыптасқан жастар қазір жетерлік. Байқағанымыз: Елбасының жаңа бастамасын әлі де болса түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде емес сияқты. Былтыр бастауын алған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын мысалға алайық. Соның ішінде жұмысқа орналастыруда, сұранысы жоғары жаңа мамандыққа қайта даярлауда әйелдер мен жастарға басымдық берілген.

Сондықтан жастардың әлеуметтік проблемалары әлі де тереңде жатқандығын естен шығармаған дұрыс. Ал оларды қоғам дамуына айрықша үлес қосатын жұмыс орындарына бағыттау мәселесі басты назарда болуы тиіс. Жастар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Шын мәнінде, бүгінгі жастар нені қажет етеді? Жастар саясаты жөніндегі жұмысты қалай жолға қою керек? Соның ішінде азаматтарды еңбекке баулу мәселесін тереңірек зерделеген жөн. Осы мақсатта бүгінгі таңда арнайы идеологиялық жұмыстар жүргізілгені абзал.

– Қазақстан Республикасының “Жастар саясаты туралы” Заңының қабылданғанына біраз уақыт өтті. Бірақ сол Заң қабылданғанымен, жастар өз құқықтарын біле ме?

– 2004 жылы шілдеде қабылданған “Жастар саясаты туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының жастары болып табылады делінген. Бүгінде бұл заңға біршама өзгерістер енгізілгелі отыр. Қоғамның әрбір тыныс-тіршілігіне алаңдап, Отанының өркендеуіне атсалысар жастарымыздың өздері жайлы заңды міндетті түрде білулері қажет. Сол себепті алдағы уақытта жастар арасынан белсенділерді жинап, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жастарымызды жан-жақты ақпараттандырып, іс-шараларымызға тартпақпыз. Осы орайда тек қана белсенді жастармен ғана емес, сонымен қатар ешқандай шараларға қатыспайтын өзге де жастармен қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз.

Осы орайда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында жас маманның мәртебесін құқықтық тұрғыдан айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер енгізу қажеттігін атап айтып, Үкіметке де, Парламентке де тапсырма берді. Сонымен қатар Елбасы 2012 жылдың соңына дейін жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға және еліміздің барлық өңірлерінде сәтті жүзеге асып жатқан индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырған болатын.

Болашақ жастардың қолында деген ұранды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану – әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасылып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені, өмір ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім. Сондықтан “қолымызды мезгілінен кеш сермеп” қалмаудың амалын жасау қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp