Сахнада Димаш Жақыпов ән айтқанда, көрермендер арасында немқұрайды отырған бір адамды байқамайсың. Тамаша ән айту мәнерімен ол тыңдаушыны бірден өзіне баурап алады.
Анна КУЧЕРЕНКО.
Оның тамаша тенор дауысы түрлі реңктерге бай. Қызғылықты репертуары, жас әншінің сұлу дене бітімі көрермендерді бей-жай қалдырмайды. Қоңыр дауысынан шыққан қазақ композиторлары мен ресейлік Игорь Крутой сынды сазгерлердің туындылары өңірлік өнерсүйер қауымға әбден таныс. Ол сахнада ән салғанда, көрермендер оған әрдайым ілтипат көрсетіп, қол соғады.
Концерттерінің бірінде Димаш сахнадан: “Міне, бірінші қатарда менің анам Валентина Кондратова отыр”, – деді. Валентина Ивановна Димаш Жақыпов жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі болғанда, директор болып қызмет еткен. Көздері жәудіреген жетім баланың бойынан дарынды байқаған – Валентина Ивановнаның өзі еді. Және ол Димаштың болашағы бұлыңғыр емес, дәл осы киелі сахнамен байланысты болатындығын біліп, тума дарыны бар Димаштың өнер колледжінде білім алуына өз үлесін қосты.
Димашты жетімдер үйіндегілердің барлығы өз баласындай қабылдады. Ол жан жылуын көріп, қамқорлықта өсті. Өз үйіндей болған жетімдер үйіне ол сондықтан да риза.
Ұясынан түлеп ұшқан құстай Димаш жетімдер үйінен кеткен уақытта, өзін қанаты қатаймаған құстай сезінді. Қаймықты. Жетімдер үйінде ол еш қиындық көрмеді. Тамағы, жатар орны дайын. Ештеңені уайымдамай ержетті. Өз үйіндей болған жетімдер үйінен кеткенде, Димаш бір мезетке өзін өмірде жалғыз қалғандай сезінді.
Димаш өнер колледжінің вокал бөлімінде білім алды. Оның ұстазы әнші, үлгілі педагог Николай Хайдуков болды. Қызылжар өңірінің ән орындау мәдениетін қалыптастырғандардың бірі осы Николай Викторович болатын. Ол өзінің шәкіртіне өнерге, музыкаға деген қасиетті махаббатты сіңіре білді. Димашты дарындылығы мен алғырлығы үшін жақсы көрген ұстазы оған барынша көмектесуге тырысты. Бұл сүйіспеншілік екеуіне де ортақ еді. Кейде олар бірігіп екі дауыста ән шырқайтын.
Материалдық қиындықтарға қарамастан, Димаш өнер колледжін ойдағыдай аяқтады. Осы үшін ол ұстазына ризашылығын білдіруден жаңылған емес. Николай Викторович төсек тартып жатқанда, Димаш аурухананың табалдырығын тоздырған болатын. Ұстазы қайтыс болғаннан кейін де ол Николай Хайдуковтың отбасымен байланысын үзген емес.
Димаштың туған анасы ше? Ол құндақта жатқан Димашты перзентханада тастап кеткен еді. Оны осы жылдар ішінде ар-ұяты мазалады ма?!
Тастанды ұлының сахнада өнер көрсетіп, халық арасында ілтипатқа бөленгенін естіген көкек ана ұлымен таныспақ болып, алғашқы қадам жасайды. Бірақ олар сол күйі кездесе алмайды…
Жас әнші алған білімін одан әрі жалғастыру үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің музыка-педагогикалық факультетіне түседі. Қазіргі таңда ол жетімдер үйінде вокал үйірмесін жүргізіп, мейрамханада ән салады.
Димаш өмірде өз жолын тауып, аяғынан нық тұруы үшін оған әкелік қамқорлық керек-ақ. Отбасын құрған Димаш қазір өзі де үш баланың әкесі атанды. Тұңғышы – тағдырдың жазуымен мүгедек. Сүйенері жоқ Димашқа баспанасыз өмір сүру қиын. Музыкалық білімі бар, дарынды әнші үшін материалдық қажеттіліктің кесірінен сахнадан бас тартуы болашағына балта шабумен бірдей. Ол осы сахна үшін талай қиындықтар көріп, оның барлығын еңсерген болатын. Енді өз дегеніне жеткен уақытта мамандығынан қол үзбеуі үшін оған қоғамның демеуі қажет-ақ.
Димаштай әншіні көрермен жоғалтпауы керек. Оның әні халықты қуантып, жақсылыққа жетелейді. Димашқа көмек қолын созыңыздаршы! Бұл – көрермендердің жанайқайы.