Біздің мектепте қысқы спорттың бірнеше түрлерінен жиырма екі жаттықтырушы шәкірттерді баулиды. Осылардың ішінде конькишілерді баптайтындар үздік шәкірттерімен орынды мақтана алады. Атап айтқанда, әкелі-балалы Александр Александрович пен Антон Александрович Суровяткиндерді және Ольга Викторовна Ихтендристі біз де мақтан тұтамыз.
Елена ШАМСУТДИНОВА,
Қазбек Байболов атындағы қысқы спорт түрлері мектебінің нұсқаушы-әдіскері.
Осы орайда мен Ольга Ихтендрис туралы әңгімелегім келеді. Оны нағыз ұстаз, спорт үшін жаралған адам ретінде бейнелесем, артық емес. Петропавлда жұмысшы отбасында туған ол жастайынан еңбекке бейім болып тәлім-тәрбие алған. Нендей ауыртпалық, қиын іс болса да, тартынбауға үйренген.
Жастайынан спортқа әуестенгені сондай, өсе келе одан өзге мамандықты қаламауға бекінген. Петропавл педагогика институтын тамамдағаннан кейін, Ольга Викторовна он жылдан артық конькишілерді баптаумен айналысып келеді. Осы кезеңде ол “Жоғары санаттағы ұстаз-жаттықтырушы” атағын иеленді.
Оның жұмысында өзіндік нығыз да сенімді жүйе қалыптасқан. Оқу-жаттығу үдерісін, білікті де үзбей жүргізеді. Соның нәтижесінде оның тобындағы шәкірттерінің басым көпшілігі еліміздің негізгі, жастар және жасөспірімдер құрамаларының сапында Қазақстанның намысын үнемі қорғап жүр. Солардың бірі – Татьяна Сокирко 2006 жылы орташа жас тобындағы қыздар арасында Қазақстанның абсолюттік жеңімпазы болған-ды. Келесі жылы ересектер арасында қола жүлдені қанжығаға байлады. Бүгінде ол негізгі құрамның қатарынан көрініп жүр.
Ал Павел Ихтендрис, Татьяна Гологуш, Никита Ставцев кіші және орташа жас топтарында ҚР чемпионаттарының жүлделерін еншіледі.
Оның тұла бойына тұнған қайрат-жігеріне жасөспірімдер қайран қалады. Ұстаз ұлағатын таныған олардың бойында жалын лаулап, жарыс жолдарына үлкен жігермен шығатынының сыры да осында болса керек.