«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ТАРТУ ЖАЙЫ – жасотандықтарды толғандыратын мәселе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында “Армандау! Еңбектену! Сену!” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Жиында Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген басым бағыттардың бірі – жастар саясатына қатысты мәселелер қозғалып, бүгінде жастар өз орындарын тауып отыр ма, оларды еңбекпен қамту мәселесі қалай шешілуде және өзге де тақырыптар әңгіме өзегіне айналды.

Студенттік еңбек биржасының басшысы, облыстық жастардың ресурстық орталығының жетекшісі Сергей Белов өңірімізде жастар саясаты жөніндегі Елбасы тапсырмалары тиісті деңгейде жүзеге асырылуда екендігіне тоқталып өтті.

– Тұңғыш рет біздің өңірде ашылған қанатқақты “Студенттік еңбек биржасы” жобасы жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бағытталған. Үстіміздегі жылдың 30 наурызында өткен ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында жастар студенттік еңбек биржасын құру туралы бастама көтерді. Еңбек биржасының тұсауы “Болашақ бүгіннен басталады” акциясы аясында 12 сәуір күні қиылды, – деген Сергей Белов сол күннен бері 169 жастан өтініш түсіп, қазіргі күні олардың 87-сі еңбек етіп жатқандығын айтты.

Сондай-ақ жиын барысында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы да ұмыт қалмады. Бүгінде сәтті жүзеге асырылып жатқан бағдарлама бойынша елімізде 20 мың жас маман ауылды жерге жұмысқа жіберілсе, біздің облысымызда бұл көрсеткіш соңғы 4 жылдың ішінде 2 мыңға жеткен. Биылғы жылы 500-ге тарта жас маман елді мекенге барады деген болжам бар. Ертеңгі күні оқуын тамамдап, қолына дипломын алған кезде жұмыссыз қалмайтындығын білген жастар үшін бұл айтарлықтай көмек.

Жиынға қатысқан облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастығы Виктор Молодовский жыл сайын саны көбейіп келе жатқан жас талапкерлердiң оқу орындарын тамамдаған соң жұмыс іздестірумен уақыт кетірмеулері үшін Астанада өтетін ІІ құрылтайда да бұл туралы әңгіме қозғалатынына сенімді екендігін жеткізді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp